Әкімдіктің салғырттығынан баспанасыз қалмақ
Әкімдіктің салғырттығынан баспанасыз қалмақ
206
оқылды

Кезегі келіп, қалалық әкімдіктен жер телімін алған жеті отбасы бүгінде сол баспанасын бұзуға мәжбүр. Өйткені бұларға жер жоғары қысымды газ құбырының үстінен үлестірілген екен. Тұрғындар үйді тұрғызған уақытта жердің заңды иесі «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистральді газ құбырлары басқармасы сотқа беріп, сот ондағы үйлерді бұзу туралы шешім шығарған.

Бір қызығы, «Интергаз Ор­талық Азия» АҚ қала іргесіндегі Қызылжарма ауылынан газ құбыры тартылатыны жөнінде 2004 жылы жергілікті билік өкі­ліне мәлімдеген. Ал әкімдік осы аумақтағы жер телімдерін 2006 жылдан бастап жер кезегін­дегілерге табыстай бастапты. Тұрғындар «жерді алған уақытта әкімдік тарапынан магистраль­ді құбыр тартылатыны туралы әң­гіме болған жоқ, сондықтан алаң­сыз құрылысты бастап кет­кен едік», – дейді. Енді жерді заңсыз үлестірген әкімдік емес, заңды түрде жер алып, үй салған біз сотқа сабылып жүрміз деп ашынады. – Осы аумақтан 2006 жылы жер телімін алдым. Бірақ дереу үй тұрғызуға қаражатым болмай, ол жер 10 жылдан аса бос жатты. Осы аралықта не жергілікті әкім­діктен, не «Интергаз Орталық Азия» АҚ тарапынан үй тұрғы­зуға болмайтыны жөнінде ес­керту болған жоқ. Содан 2017 жылы үйді салып, Әділет депар­таментінен құжаттарды рәсім­дедім. Тек 2019 жылы әкімдіктен адамдар келіп, «үйді бұзыңыз» дейді. Сонда олар сонша жыл ай қарап жүрді ме? Құбырдың бо­йында 50 метр қашықтыққа де­йін қауіпті екені жөнінде ескерту белгісі бар. Алайда мекеме 150 метрге дейін құрылыс ны­сан­дарын салуға болмайтынын айтады. Мен салған үй құбырдан 151,9 метр қашықта болғанымен, жер телімінің 8 метрі осы аумаққа еніп тұр. Мекемеге «Жерімді ал­саңдар, алыңдар. Тек үйді бұз­ба­йық» деп өтіндім, олар келіспеді. Одан кейін Қызылжарма ауыл­дық округінің әкімі маған тұрғын үй салуға басқа жер ұсынды. Оны да зерттеп қарасам, су жүретін арнаның үсті екен. Алудан бас тарттым, – дейді қала тұрғыны Әбдінәби Жүсіп. Қала тұрғыны Гүлнәр Тана­баева да осы маңнан жер алып, үй тұрғызған. Бірақ оның да бас­панасын сот шешімімен бұзуға тура келіп тұр. Жиған-тергенінің барлығын осы үйдің құрылысы­на салған ол өзге жерден қайта үй салуға шамасы келмейтінін айтады. – Бұл жерді өзге біреуден 2011 жылы сатып алдым. Құжа­тын реттеген шақта бұл жердің өзге мекеменің меншігінде еке­нін ешкім айтқан жоқ. 2014 жы­лы іргетасын құйып, құрылысты бастап кеттім. Тапқанымды 5-6 жыл бойы осы үйге жұмсадым. Төбесін жабар кезде үйді бұзы­ңыз деп ескерту жасады. Күйеуім 2-топтағы мүгедек. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп жүрмін. Көр­шілерімнен қала әкімдігінен беріліп жатқан өтемақының аз екенін естідім. Әзірге өзіме өтем­ақы да, жер телімі де берілген жоқ. Үйімді бұзып, өтемақы аз төлесе, келесі үйді салуға шамам жетпейді. Онда баспанасыз да­лада қалатын шығармын, – дейді қала тұрғыны Гүлнәр Танабаева. Көгілдір отын жеткізумен айналысатын мекеме маман­да­рының айтуынша, техникалық регламентке сай газ құбырынан радиусы 150 метрге дейін нысан салынуға болмайды. – Ақшабұлақ кенішінен Қы­зылордаға тартылған магис­траль­ді желінің жарты шақы­рымдай бөлігі Қызылжарма ауы­лымен өтеді. Сондықтан біз бұл шараларды азаматтардың қауіпсіздігі мен магистральді газ құбырының үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында жасап отырмыз, – дейді сала мамандары. – Диаметрі 325 миллиметрлік құбырмен 42 келі шаршы санти­метр қысыммен газ жіберіледі. Сондықтан желі осінің әрбір жағынан 50 метрде күзет шека­расы бекітілген. Күзет аймақ­тарындағы жерді пайдалану режиміне байланысты нысандар салынбайды. Ауыл шаруашы­лығы алқаптары да белгілі қа­шықтықта болуы тиіс, – дейді аймақтық магистральді газ құ­быры филиалы бөлімінің же­текші инженері Нұрсұлтан Назаров. Өзгенің меншігіндегі жерді табыстаған Қызылжарма ауы­лының әкімдігі ол уақытта бі­рың­ғай ақпараттық база болмауы салдарынан қателіктер болғанын айтып ақталады. Сот шешімімен келіскен тұрғындарға жер телім­дері беріліп жатқанын да алға тартады. – Қазір 4 азаматқа бұзылатын үй үшін өтемақы ретінде 13 млн теңге шығып тұр. Осы жылдың наурыз айындағы сот шешімі «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистральді газ құбырлары басқармасының пайдасына шешілді. Онда үйді тұрғындар өз тарапынан бұзуға тиіс екені туралы айтылған. Бі­рақ баспана иелері бұл шешіммен келіспегендіктен, сот процестері әлі де жалғасады, – дейді Қы­зыл­жарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов. Баспанасы бұзылғалы отыр­ған жеті үйдің иесі «әділ шешім шығарып беруді сұрап, бармаған жер, аттамаған табалдырық қал­дырмадық», – дейді. Бірақ құ­зырлы орындар тұрғындардың тілегіне құлақ аспай отырғанға ұқсайды. Сонымен қатар баспана иелері сол кезде жер үлестіріп, заңсыздыққа жол берген қал­а­лық әкімдік қызметкерлеріне де шара қолданылса, халықты сарсаңға салатындардың қатары да азаяр еді деген ұсынысын жасырмады.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы