Қазақ баласы әлемнің 5 мықты университетінен шақырту алды
Қазақ баласы әлемнің 5 мықты университетінен шақырту алды
©tengrinews.kz
737
оқылды

Есімі – Данат Дүйсенбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. 18 жастағы бозбала әлемнің ең мықты деп танылған шетелдік жоғары оқу орындарының бесеуінен шақырту алды. Атап айтсақ, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті, АҚШ-тағы Мичиган университеті, Джорджиядағы технологиялық институты (АҚШ), Санта-Барбарадағы Калифорния университеті (АҚШ) және Сан-Диегодағы (АҚШ) Калифорния университеті.

Данат негізі Ақтөбенің тумасы екен. Отбасымен елордаға көшіп келгенде, ол бар-жоғы 12 жаста еді. Сол кезде Данат «Білім-Инновация» мектеп-интернатына түскен. Кейін, соңғы жылын халықаралық Spectrum мектебінде оқыған.

– Мектепте оқып жүргенімде есеп шығарған ұнайтын. Сондықтан ең сүйікті пәнім математика болатын. Ал қалай жоғары сыныпқа өттім, есеп-қисапқа деген қызығушылығым арта түсті. Содан  Нұр-Сұлтанға көшіп келгенде түрлі олимпиадаларға қатыса бастадым. Сөйтіп, 4 жыл қатарынан Республикалық олимпиадаға қатысып, үш рет алтын, бір рет күміс медалін иелендім. Тіпті, халықаралық олимпиадаларға бардым. Ішіндегі ең беделдісі – Халықаралық математикалық олимпиада. 60 жылдық тарихы бар олимпиадаға жүзден астам ел қатысады. Еліміздің атынан қатысқан ұлттық құрама команданың қатарында болып, үш жыл қатарынан қатыстым. Жүлделі орындарды иелендім, – дейді ол.

Данаттың айтуынша, ол үйдің үлкені екен. Өзінен кейін екі інісі бар. Әзірге оның қалауы – Кембридж университеті. «Бұл оқу орны өзінің академиялық жағымен мықты танылған. Сондықтан математикамен ғылыми түрде айналысқым келеді. Сөйтіп, ғылымға өз үлесімді қоссам» деді Данат Дүйсенбеков.

– Қандай таңдау жасасам да, ата-анам мені қолдайды. Сол үшін ең алдымен, әке-шешемнің үмітін ақтауым керек. Алайда өзімнің туған елім Қазақстаннан алысқа кетпей, оқысам деймін. Бірақ әлі жаспын, тәжірибе жинап, көп оқып-тоқуым керек. Сонда ғана елімнің, жерімнің игілігіне жұмыс істей аламын, – дейді жас түлек.