Әлемдік өндірушілер шикізат пен дайын өнімнің тапшылығына тап келіп, бағаның өсуі әлі де болса тоқтамай тұр. Сол себепті әлемдік нарықтағы тұрақсыздық Қазақстандағы инфляция динамикасына әлі де болса теріс әсер етуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
«Контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 3-4 есе өсті, бұл бағаның алдағы уақытта да көтерілетінін білдіреді. Осыған орай өндірушілердің бағасы АҚШ-та 7,7%, Еуроодақта 12,2%, Қытайда 9% болып ең жоғары мәнге жетті. Ал елімізде тасымалдау жұмыстарында туындаған қиындықтар мен шикізаттың қымбаттауына байланысты отандық өндірушілер тауарларының жылдық бағасы 14,2%-ға көтерілді. Сәуір-тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-дан 8,7%-ға дейін өсті. Осылайша, бағаның ай сайынғы өсу деңгейі 2008 жылдан бері алғаш рет ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр», – деді Ұлттық банк төрағасы. Одан бөлек, жанар-жағармайдың қымбаттауы әлі де жалғасуда. Бұл киім-кешек және аяқкиім бағасының өсуіне әкеп соғуы ықтимал.Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ