Мүсіншілерде сезім жоқ па, әлде қиялға ерік бермей ме, әйтеуір соңғы жылдары мүсін өнеріне сын көп айтылып жүр. Рас, елімізде ескерткіш көп. Бұған қарап, еліміздегі мүсін өнерінің тынысы кең ашылып, айы оңынан туып тұр деп айта алмаспыз. Өйткені көп ескерткіштің арасында сиам егіздері сияқты ұқсастары өте көп. Неге бұлай?
Соңғы жылдары ескерткіш төңірегінде дау көбейіп кетті. Мәселен, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол елді мекенінде қойылған ескерткіштің түр-сипаты мен орналасқан жеріне көңілі толмаған жұрт мүсіннің дұрыс жасалмағанын айтып, әлеуметтік желіде шу көтерді. Журналист Қанат Әбілқайыр: «Ескерткіште Мұқағалидың бойы аласа. Оның биік, асқақ кісі болғанын білеміз. Шеберханада жасалған кезде биік болып көрінеді. Өйткені ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Бірақ тұғырға қондырған кезде көзге қораш көрініп тұр. Бұл жерде ескерткіш Қадыр Мырза Әлінің кейпіне көп ұқсап кеткен. Барлығын айтатын болсам, ескерткішті толықтай өзгерту керек болады. Ескерткіштегі Мұқағалидың тұрысында мен тұра алмадым. Бір қол жамбаста, аяғы қисайған, екінші қолы белде тұр. Адамда ондай тұрыс болмайды» деп жазды. Әлеуметтік желідегі шудан кейін жауапты адамдар қайта «түзететінін» айтып, уәде берген-ді.Сіресіп тұрған «шенеунік»
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Қабанбай даңғылының бойындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайының алдында чемпионның ескерткіші қойылды. Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Еріне қойылған ескерткішке де көпшіліктің көңілі толып тұрған жоқ. Бұл туралы белгілі публицист Қайнар Олжай өзінің Facebook парақшасында жазды. Онда: «Берік Сұлтан бауырымыздың АҚШ-тағы Калифорния өңірінде бір ескерткіш түбінде отырған фотосына қызықтық. Бауыр өзіміздікі ғой, бізді қызықтырғаны – ескерткіш. Соған қарап, біздің елде әлі ескерткіш қоя алмай жүргенімізді мойындадық. Қонаев, Мұқағали, енді Жақсылық. Мойнына бар медалін асып алып, сықиған костюм киіп, қылғынған галстук таққан «Жақаң» еш ұнамады. Өмірде талай қасында жүрдік. Сұхбат құрдық, салтанаттарда көрдік. Ол кісі киімге мән беретін шенеунік емес, медальге мәз болып соны санап отырған маңғаз емес еді. Балуан еді, кәсіпкер еді, шаруақор еді, қамқор еді, халқына жанашыр еді. Мына мүсінде соның бірінің ізі бар ма? Жақаң Олимпиада чемпионы болып, одан кейін спортпен қоштасқан кезде «Лениншіл жас» газеті мақала берді. Тақырыбы қандай! «Кілемнен кетіп барады». Сондағы фото қандай! Бозкілемге қимастықпен мойын бұрып, сыртқа кетіп бара жатқан Үшкемпіров. Сол фотоның құны біз үшін мына сіресіп тұрған ескерткіштен мың есе артық» деген еді. Расында, қазір кеңес кезіндегідей қатып қалған цензура жоқ. Ол заман қатаң сүзгіден өткенін білеміз. Бүгінде таңғаларлық дүние тудыруға мүмкіндік бар. Шығармашылық еркіндік те бар. Ендеше, неге керемет дүние жасай алмай отырмыз? Бұл сауалымызды мүсін жасау шебері Тілеуберді Бинашевке қойып едік. «Ескерткіштердің бір-біріне ұқсап кетуінің ең бірінші себебі тапсырысқа байланысты. Оны кім беріп отыр? Әкімдік пе, жеке кәсіпкер ме? Олардың көбі мүсіншіге еркіндік бермейді. Орыстарда мақал бар: «кто платит, тот и заказывает музыку» дейді. Ақшасын төлегеннен кейін соның тапсырысын орындауға тырысады. Оның үстіне, рулық көзқарас деген де бар. Әр ру өзінің батырының басқа батырдан кем болмағанын қалайды. Ескерткіш қою да бизнеске айналып кетті. Олардың бір-бірінен айнымай, ұқсап кетуінің себебі – осы», – дейді. Мүсінші айтқандай, жалпы елдегі батырлардың көбінің ескерткіштегі бейнесі бір-біріне қатты ұқсайды. Бәрі де аттың үстінде, найзасы қолында, семсері жанында дегендей. «Батырлар көп. Бөгенбай да, Қабанбай да қазақтың батыры. Оларды бір-бірінен жоғары не кемсітіп көрсетуге болмайды. Көшеде тұрған ескерткіштердің барлығы шығармашылық деп қарауға болмайды. Тапсырыспен жасалған дүниелер көп. Ал шығармашылық адамның өз жүрегінің қалауынан туады. Бүгінде көп мүсіншілер тапсырыспен істейді. Бірақ оларда шығармашылық жоқ. Содан кейін тұлғалар аттың үстінде отырғаннан жалықты. Өзге де қаһармандар жетерлік», – дейді мүсінші.Мүсін өнерінің халі мүшкіл ме?
Біздегі ескерткіштердің дені аттың үстінде, тастұғырға қойылады. Болмаса, орындықта отырады. «Аяғы талса, орындыққа отырады, белі ауырса, атқа қонады. Іші пысса, кітап оқиды». Мүсін өнерінің елдегі көрінісі осындай. Жақында Нұр-Сұлтанда тағы бір сәулетті ескерткіш тұғырға қонды. Бұл мүсіннің жөні де, жолы да бөлек еді. Ол қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке қойылды. Елі ардақтаған тұлғаның да мүсіні айрықша жасалған. Авторы – мүсінші Ермек Ержанов. Елдегі мүсін өнеріне қатысты сынымызды айтып, сауалымызды мүсіншіге де қойдық. – Ермек мырза, біздегі ескерткіштердің дені бір қалыптан шыққандай, бір-біріне ұқсап кетуінің сыры неде? – «Бір қалыптан шыққандай» деп айтуға келмес. Бір-біріне ұқсас деуімізге болар. Дегенмен әр мүсіннің жасалуы әртүрлі. Адамның қалыбы бірдей: екі қолы, екі аяғы бар дегендей. Мұндағы ерекшелік – бейнелеуде. Ол үшін ізденіс болуы керек. – Мүмкін, мүсіншінің оны қалай көретінінде шығар. Жазушы көркем суреттейді, сол секілді мүсінші де суреткер болуы шарт емес пе? – Әрине, мүсінші оны қалай көреді? Соған да байланысты. Ең алдымен, кез келген тұлғаға ескерткіш қойылар алдында байқау жарияланады. Ол байқауға бір ғана мүсінші қатыспайды. Бірнеше мүсінші эскиз жасауы мүмкін. Сол бейненің арасынан біреуін мемлекеттік комиссия таңдап алады. Мәселен, Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткішін алайық. Оның бірнеше мүсіні жасалды. Жас кезі, бозкілемнің үстіндегі сәті, тағы басқа бейнелері жасалады. Он шақты жұмыс болды. Солардың арасынан біреуін таңдап алып, соған тапсырыс береді. Біздегі ең үлкен мәселе – көркемдік кеңестің болмауында. Мемлекеттік комиссияда бір-екі мүсінші болуы мүмкін. Қалғаны – өзге саланың адамдары. Мысалы, Ресейде комиссияда он адам болса, соның онының да мүсін саласына қатысы бар. Яғни, олар образды көре алады. Мүсінші емес адам мүсінге қалай баға бере алады? Кез келген дайын мүсінге мүсіншінің көзімен қарау керек. Сонда оған қандай қателік бары анық көрінеді. Сол себепті де мүсін өнерінде ізденіс жоқ деген сын-пікірлер пайда болады. Екіншісі – тамыр-таныстыққа жол беру. Ермек Ержановты мазалайтын тағы бір дүние – талантты мүсіншілердің аздығы. Мықты мамандар жетіспейді. «Бұл да саланы ақсататын дүниелер» дейді мүсінші. Олар «өнерге қызығатындардың саны кемігенін» айтып, қапаланады. Керісінше, «дүниенің соңында кетті» деп кінә артады. Кеңес заманында үкіметтің арнайы қаулысы болған екен. Ол қаулы Суретшілер одағына беріліп, арнайы мамандар тартылатын. Әрі көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Ол кеңеске сәулетші, суретші, мүсіншілер кіретін. «Барды бар, жоқты жоқ» дейтін кеңес болған. Сол кеңестің сын тезінен шыққан туындыға сұраныстың болатыны анық. Қазір мүсін өнерінде кәсібилер де, әуесқойлар да жүр. Кәсіби мүсінші мен әуесқойдың жұмысының айырмасы – жер мен көктей. Сапасыз ескерткіштердің көбеюінің бір ұшы осында жатқан жоқ па? Сондықтан біз ОАР-дағы Нельсон Манделаның бейнесіне қарап, қызығып отырамыз. Болмаса, Исландияның Рейкьявик қаласының көшелерінің бірінде орналасқан «Белгісіз шенеунік» мүсініне таңдана қараймыз. Атақты «Прозерпинді ұрлау» мүсінін жасағанда Джованни Бернини бар-жоғы 23 жаста екен. Мұндай әлемдегі ерекше мүсіндерге қарап-ақ көз сүйсінеді. Көп нәрсені ұғасың. Керемет! Өзге елдегі мұндай кереметтерге сүйсінгендей, өз еліміздегі ескерткіштерге сүйсінетін кез туар ма екен?!Айым БЕКТҰР