Қазақстанда 2,5 миллионнан астам адам онлайн форматта санақтан өткен. Бұл науқанға елдегі еңбек мигранттары да қатысуда: жұмыс берушілерге тиісті нұсқау берілген. Сонымен бірге ел тарихында алғаш қолданылып отырған онлайн санақтың олқылықтары әшкереленді. Әлеуметтік желіде пікір бөліскен азаматтар ондағы сауалнамаға жауап беруді бастағанымен, кейбір сұрақтан тіксініп, не қиындыққа кезігіп, бұл істі орта жолда тастағанын мойындауда.
Көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, екі апта қорытындысында Алматы облысы алда келеді: мұнда 252 мыңнан астам тұрғын электронды санақтан табысты өтті. Екінші орынға ең ірі мегаполисіміз Алматы қаласы шықты: 225 мыңнан асты. Үздік үштікті әзірге Қызылорда облысы тұйықтады: 204 мыңнан астам адам санақ сауалына жауап берді. Тұрғындарды ынталандыра түсу үшін Алматыда тіпті санаққа онлайн қатысқандар арасында сыйлық ұтқызып жатыр. Аутсайдерлер қатарында Маңғыстау (57 мыңдай) және Атырау (54 мыңдай адам) облыстары тұр. Дегенмен басқа рейтинг бар: жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі жөнінен Сыр өңірі алдына қара салмай келеді: қызылордалықтардың 24,9%-ы интервьюерлердің үй-үйді аралауын күтпей-ақ, санақтан өз бетінше онлайн өтіп болды (бүгінде өңірде жалпы саны 823 052 адам тіркелген). Тұрғындарының технологиялық озықтығы бойынша Батыс Қазақстан облысы ІІ орынға шықты: 19,8% (облыста қазір 749 754 адам тұрақты тіркеуде тұр). Ұлттық статистика бюросы азаматтарды санақтан онлайн өтуге шақырады: sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Содан соң онлайн санақ жабылады. Одан қалыс қалғандардың үйінің есігін 1-30 қазан аралығында интервьюерлер қағады. Мекеме тағы бір рейтингін жариялады: бір отбасыда ең көп адамның тіркелуі жөнінен әзірше Түркістан облысы көш бастады. Оның Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында бірден 22 адамнан тұратын отбасы санақтан онлайн өтті. Ұлттық бюро Абдазимовтар отбасын санақтың қаһармандары ретінде дәріптеуде. Кім білсін, олардың үлгісі өзге де ірі әулеттерді топ болып, онлайн сауалнамадан өтуге түрткі болар?! «Жеті балам бар: 4 ұл, 3 қыз. Қазір үйде барлығы 22 адамбыз. Ұлдарым әйелдерімен және 12 немереммен бірге осы шаңырақта тұрады. Барлығымыз санақтан онлайн өттік және халықты осылай жасауға шақырамыз!» – дейді отағасы Абдулаким Абдазимов. Оның қыздары да отбасыларымен бірге онлайн форматты таңдаған, тек олар жеке отау құрып, бөлек үйге шыққандықтан, бұл отбасы санағына енбеді.Жақсы істі фейк бүлдірмесін
Бір қарағанда, бұл жолғы жалпыхалықтық сауалнамаға билік жоғары дайындықпен келгендей. Алайда жөнсіздіктері де әшкереленіп жатыр. Мысалы, Аndroid платформасындағы дивайстарға арналған PlayMarket сервисінде «Онлайн перепись населения-2021» аталатын жалған қосымша пайда болды. Сол арқылы алаяқтар өзіне сенген, фейк-қосымшаға енген кейбір қазақстандықтың жеке басына қатысты егжей-тегжейлі мәліметті қолына түсіруі ықтимал. «Бұл қосымша ресми емес. Бюро оны пайдаланған респонденттердің статистикалық мәліметтерінің құпиялылығын кепілдендірмейді», – деп статорган алдымен жауапкершіліктен басын ала қашты. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің түсіндіруінше, оны Қазақстаннан бұғаттау мүмкін болмаған: «Фейк қосымшаны біз Қазақстаннан бұғаттап тастай алмадық, себебі ол шетелдік серверде орналасқан. Оны анықтай сала, қолдан келгеннің бәрін жасадық: Google-ге хат жолдадық, оның жалған екенін түсіндірдік. Мұнымен мемлекеттік техқызмет айналысуда. Азаматтарды тек ресми арналарда – sanaq.gov.kz сайты, eGov порталы және Aitu қосымшасы арқылы ғана санақтан өтуге шақырамыз», – деді ол. Қазір фейк қосымша Google Play Store (PlayMarket) сервисінен жойылды. Ұлттық статбюро жетекшісі науқанға қатысты өзге де проблемалардың беті ашылғанын мойындады. «Санақ сайты жауап бермей, ілініп тұрып қалатын кездері болады. Бірақ бұл проблема провайдерлерге қатысты. Өйткені көптеген азамат ұялы байланыс арналары арқылы өтуге тырысады. Ал біздің жүйеміз әзірге шамамен 60%-ға жүктелді. Яғни, ауыртпалықты сезініп отырған жоқпыз. Ақпараттық қауіпсіздікке ҰҚК-ның мемлекеттік техникалық қызметі жауапты. Олар тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Айтарлықтай хакерлік DdoS шабуылдар болған жоқ. Ондай кез келген қауіп-қатердің жолын техқызмет уақытылы кесуде», – деді Нұрболат Айдапкелов.Артқа шегіну қарастырылмаған
Жалпыхалықтық сауалнамаға қатысты өзге де түйткілдер әшкереленді. Өскемен тұрғыны Виктория Сереброва sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өтуге талаптаныпты. «Анкетаны толтыру барысында «Үй шаруашылығы мүшелерін көрсетіңіз» деп аталатын 3-қадамға көшкенімде сұрақ туындады. Нақтылау үшін дереу 1446 бірыңғай байланыс орталығына хабарластым. Консультант оны нақты қалай толтыру керегін өзі де білмейтін болып шықты. Білмегенімен қоймай, мені жаңылыстырды: «Отбасымның мүшелерін қалай көрсетуім керек?» деген сауалыма тағы бір парақты – №2 үй шаруашылығын қосу қажетін айтты. Сөйтсем, «Үй шаруашылығы №1»-ді өзім толтырып, отбасы мүшелерін респонденттер ретінде қоса салғанымда дұрыс болады екен», – дейді ол. Өскемен тұрғыны консультанттың айтқанына сеніп, қосымша парақты толтырып, келесі қадамға көшкенде, «3-И индексі» аталатын санақ парағында сәйкеспеушіліктер алдан шыққан. Олқылықты жою үшін Виктория отбасы мүшелерін «Үй шаруашылығы №2»-ден «Үй шаруашылығы №1»-ге көшіруі қажет. «Сонда ғана «Үй шаруашылығы мүшелерін көрсетіңіз» деген парақты дұрыс толтырмағанымды ұғындым. Сондықтан 3 қадамға кері оралып, түзетпек болдым. Алайда «Артқа» бастырмасы мұнда жұмыс істемейтін көрінеді. Амалсыз, қайтадан 1446 Call-орталығына қоңырау шалсам, консультант бағдарламаның істен шыққанын, «Артқа» бастырмасы 6 қыркүйекке қарай қалпына келтірілетінін хабарлады. Бірақ 7 қыркүйекте де ол батырма жұмыс істемеді. Сөйтіп, онлайн санақтан өтуімді аяқтай алмадым. Әрине, бәрін қайтадан бастауға тырыстым. Әйткенмен, сайтта ЖСН-імді енгізсем болды, бағдарлама мені бірден 4-қадамға лақтырады», – дейді респондент. Осылайша, Ұлттық статбюро кеңесшісымағының теріс кеңесі кесірінен азамат босқа уақыт жоғалтқан, жүйкесі жұқарған. Халықтан түскен осы шағымдарға Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов өз блогы арқылы жауап берді. Оның айтуынша, онлайн санақта мекенжайлық бөлікті толтыру кезінде респондент, яғни толтырушы адам бір шаңырақ астында тұрақты және уақытша тұратын адамдарды тегіс көрсетуі тиіс. Жаза басқандар қатесін түзете алмайды! «Респондент алдымен отбасы мүшелерінің нақты санын анықтап алып, бәрін жазып, тек содан кейін ғана келесі санақ парақтарын толтыруға өтуі керек. 2-Ж және 3-И санақ парақтарына өтіп кеткен соң, отбасы, үй шаруашылығы мүшелерінің санын түзету үшін артқа қайту қарастырылмаған! Мұндай респонденттер енді тек 1-30 қазанда планшет көтерген интервьюерлер үй-үйді аралағанда қайтадан санақтан өте алады. Интервьюерге онлайн санақта парақтарды толтыруда қателескенін айтуы қажет», – деді Қайрат Келімбетов.Түсіндіру жағы кемшін болды
Кейбір адам санақтың өзгеге айтқысы келмейтін сырларды суыртпақтайтынын жаратпады. Мысалы, билік азаматтардан алда тұрмыс құру, үйлену ниетінің бар-жоғын білгісі келеді. «Сұрақтары масқара: «15-49 жастағы әйелдер үшін: Сіз тағы бала тууды жоспарлаудасыз ба?» дейді. Балиғатқа толмаған қызымнан бала туғысы келетінін сұрауым керек пе? Бұл сұрақты ашық қалдырайын десем, жүйе ары қозғалуға мүмкіндік бермейді», – дейді Ерлан Жандосұлы. Нұрсұлтандық Татьяна Алексеенко бағдарламаға азаматтардың мекенжайы дұрыс енгізілмегеніне назар аударыпты: «Білуімше, көп адам мекенжайы бойынша проблемаға кезікті: бағдарламада ескі мекенжай көрсетіліп кеткен. Мен ескісін де, жаңасын да іздеп, ұзақ таба алмадым. Көптеген сұрақтың сауатсыз құрылғанын байқадым. Осы жүйені құруға миллиард жұмсалыпты деп жатыр жұрт. Талан-тараж болмаған ба?». Елорда тұрғыны Жәния Жақсыбекова санақ парағында жауабын өзі білмейтін деректерге кезіккен. «Дүрмекке ілесіп, халық санағынан онлайн өтуге бел будым. Күрделі квест көрінеді. Мысалы, «Тұрғын үй жағдайлары» парағында үйіңіздің салынған жылын, сыртқы қабырғасының материалдарын, жалпы ауданын, шаршы метрін көрсетіңіз дейді. Үй жалдап тұрамын, мұндай мәліметтерді қайдан білемін? Құрсыншы деп, жаба салдым. Баспананың шаршы метрін білсем, кейінірек өтермін. Біраз адам осылай ақырына дейін жетпей, орта жолдан тоқтатқан шығар», – дейді ол. Алматылық Жанар Әлтаева парақтарды қалай толтыру керегін түсіне алмапты: бірыңғай байланыс орталығына он шақты рет қоңырау шалып, байланыса алмағандықтан, қолды бір-ақ сілтеген. Әлеуметтанушылар бұл сұрақтардың бәрі орта және ұзақмерзімді болжам мен жоспар құру үшін қажет екенін айтады. Азаматтардың баспанасына қатысты сұрақ тұрғын үй құрылысын, ал бала туу жөніндегі сауалдар – алдағы 5-10 жылдағы еңбек ресурсының есептік әлеуетін бағамдауға қажет. Ал қоғам өкілдері бұған сене қоймайды. «Үкімет он жыл түгіл, бір жылға дұрыс жоспар құрып, болжам жасай алмайды. Күнбағыс майы күрт қымбаттап, әлемдік бағалармен теңесті. Қуаңшылықтан қаншама мал қырылды. Мұның бәрін ең құрыса, екі-үш жылға алға болжамдауға болатын еді. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде, алайда бағасы бәрібір қолжетімсіз», – дейді Динара Қалиева. Бұл – жекелеген азаматтардың пікірі. Оның көбі түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігінен туындаса керек. Мамандар ұлттық санақтың құнды қорытындылары жерде қалмайды, елге пайда әкеледі деген үмітте. Айталық, оның барысында республика бойынша қанша апатты үй бары, қанша инфрақұрылым салу қажеттігі нақты анықталса, соның негізінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы жасалуы мүмкін.Айхан ШӘРІП