Өнер адамының еңбегі сахнадағы қошеметпен ғана бағаланбауы керек.
Сахнада жұлдыз, өмірде жұмыссыз: өнер адамдары қалай күн көреді?
Фото www.wigmore-hall.org.uk
142
оқылды

Сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленетін музыканттардың сахнадан тыс өмірі қандай? Кәсіби өнерпаздың айлығы отбасын асырауға жете ме? Жылдар бойы музыкалық білім алған мамандар неге қосымша табыс іздеуге мәжбүр? Қазақстанда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жағдайы туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары да қабылдануда. Алайда өнер адамдарының күнделікті тұрмысы мен еңбек нарығындағы жағдайы әлі де назар аударуды қажет етеді.

Астана қаласындағы мәдениет мекемелерінің бірінде қызмет ететін Дәулет өнер адамдарының күнделікті тұрмысы туралы айтып берді. (Өзінің өтініші бойынша оның тегі мен жұмыс орны көрсетілмейді). Оның айтуынша, мәдениет мекемелерінде тұрақты жұмыс істейтін өнерпаздардың көпшілігі негізгі жалақысымен шектелмей, қосымша табыс табуға тырысады. Себебі күнделікті тұрмыс шығындары көбейген сайын бір айлыққа өмір сүру қиындай түскен.

– Бізде жалақы аз. Осы салада жүргендер орта есеппен 300 мың теңге көлемінде айлық алады. Көбіміз такси жүргіземіз. Арасында тойға да шығамыз. Кейбірі асаба болады, енді бірі ән айтады. Әрине, өкпеміз бар деп айта алмаймыз. Өйткені бұл – өзіміз таңдаған кәсіп. Десе де, бәрі қымбаттап жатқанда, біз де қысыламыз. Қосымша табыс табуға тырысамыз, – дейді ол.

Дәулеттің сөзінше, Астанада өнерпаздардың негізгі жұмыстан тыс табыс табуына белгілі бір мүмкіндіктер бар. Ал өңірлердегі әріптестерінің жағдайы бұдан да күрделі болуы мүмкін.

– Естуімізше, аймақтарда жалақы тіпті аз. Оның үстіне, облыстарда той-томалақ та көп бола бермейтін шығар. Сондықтан қосымша табыс табу да қиын деп ойлаймын. Бізде болмаса, арасында тойға шығып немесе басқа жұмыс істеп ақша табуға мүмкіндік бар. Ал өңірлердегі өнерпаздарға оңай емес шығар, – дейді Дәулет.

Дәулет көтерген мәселе өнер адамдарының кәсіби қызметі мен күнделікті тұрмысы арасындағы қайшылықты көрсетеді. Музыканттың жұмысы сахнада өнер көрсетумен ғана шектелмейді. Күнделікті репетиция, жаңа шығармаларды меңгеру, концерттерге дайындалу, орындаушылық шеберлікті жетілдіру – оның тұрақты кәсіби міндеттері. Ал негізгі жұмыстан кейін қосымша табыс іздеу шығармашылық қызметке жұмсалатын уақытқа да әсер етуі мүмкін.

Жас мамандарға жұмыс табу тіпті қиын. Дәулет әңгіме барысында өнер саласындағы тағы бір мәселеге тоқталды. Ол – жоғары оқу орнын енді бітірген жас музыканттардың жұмысқа орналасуы. Өнерпаздың айтуынша, өзінің еңбек жолын бастаған кезеңімен салыстырғанда, бүгінде жас мамандардың тұрақты жұмыс табуы қиындаған.

– Біз оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан кезде жеңілірек еді. Ал қазір университетті енді тәмамдаған жас мамандарға тіпті қиын. Штат жоқ. Көпшілігі өнер саласын тастап жатқан да шығар. Кім білсін?! Бұл да үлкен мәселе. Сондықтан бір шешімін табу керек, – дейді ол.

Расымен, кәсіби музыкалық білім алу бірнеше жылдық дайындықты талап етеді. Болашақ музыканттар колледждер мен жоғары оқу орындарында орындаушылық шеберлікті меңгеріп, теориялық білім алады, концерттік тәжірибе жинақтайды. Алайда диплом алғаннан кейін олардың барлығы бірдей тұрақты қызметке орналаса ала ма? Мәселенің бір ұшы осы сұраққа келіп тіреледі. Өйткені кәсіби музыканттардың негізгі жұмыс орындарының қатарында филармониялар, оркестрлер, театрлар, концерттік ұйымдар мен білім беру мекемелері бар. Бұл ұйымдардағы жұмыс орындарының саны шектеулі.

Біз Қазақ ұлттық өнер университетінің бітіруші курс студенттерінің бірнешеуімен тілдесіп көрдік. Барлығына қойған сұрағымыз біреу: «Диплом алғаннан кейін жұмыс табыла ма?». Болашақ түлектердің айтуынша, музыка және өнер мектептерінде бос жұмыс орындары тапшы. Көбіне бір қызметкер жұмыстан кеткенде ғана орын босайды. Сондықтан педагогикалық бағытта білім алып жүрген студенттердің бірқатары жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәнінің мұғалімі қызметіне орналасуды жоспарлап отыр. Алайда олардың ешқайсысында диплом алғаннан кейін жұмысқа қабылданатыны туралы нақты келісім жоқ. Ал оркестрлер мен ансамбльдерге жұмысқа орналасу тіпті қиын екенін айтады. Біз тілдескен студенттердің сөзінше, мұндай шығармашылық ұжымдарда бос штат жоқтың қасы.

Бір қызығы, болашақ түлектердің барлығы дерлік қазірдің өзінде қосымша табыс тауып жүр. Олардың айтуынша, негізгі табыс көздерінің бірі – той-томалақ. Музыкалық білімі мен орындаушылық қабілетін пайдаланып, түрлі мерекелік іс-шараларда өнер көрсетеді. Сонымен қатар біз сөйлескен студенттердің екеуі курьер болып жұмыс істейтінін айтты. Араларында сауда орталықтарында сатушы, кеңесші болып еңбек ететіндер де бар.

«Осы мамандықты таңдағандарыңызға өкінбейсіздер ме?» деген сауалымызға ешқайсысы өкінетінін айтпады. Керісінше, барлығы дерлік оқуға түскен кезде өнер саласында тұрақты жұмыс табудың оңай болмайтынын білгендерін жеткізді. Соған қарамастан өздері қалаған мамандықты таңдаған.

Әңгіме барысында тағы бір қызықты жайт байқалды. Біз тілдескен студенттердің ешқайсысы оқуын аяқтағаннан кейін облыстарға барып жұмыс істеуді жоспарламайды. Олардың барлығы еңбек жолын елордада жалғастырғысы келеді.

Жалақы мәселесі бұған дейін де көтерілген. Мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы мен әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе бұған дейін де мемлекеттік деңгейде бірнеше рет айтылған.

Мәселен, 2026 жылғы 8 сәуірде сол кездегі мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министріне депутаттық сауал жолдап, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттігін мәлімдеді.

Депутат ауылдағы мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен адамның шамамен 200 мың теңге жалақы алатынын мысалға келтірген. Сондай-ақ қаладағы мәдениет үйі қызметкерлерінің еңбекақысы одан да төмен болуы мүмкін екенін айтқан. Депутат мәдениет қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, мереке және демалыс күндері жұмыс істегені үшін тиісті ақы төлеу, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерген.

Бұл мәселе бұған дейін Алматы қаласында да талқыланған. 2023 жылғы 9 тамызда Алматы қаласының әкімдігі мәдениет саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 138 мың теңге екенін хабарлады. Сол кезде қалалық Мәдениет басқармасы жалақының төмендігі салдарынан жас мамандардың жұмыстан жиі кететінін ресми мәлімдеген. Осыған байланысты Алматы мәслихаты қалалық Мәдениет басқармасына қарасты бірқатар мекеме мен кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға арттыру туралы шешім қабылдаған. Олардың қатарында «Алатау» дәстүрлі өнер театры, «Алматы әуендері», цирк, музейлер мен кітапханалар болған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы II тоқсандағы ресми деректері өнер, ойын-сауық және демалыс саласындағы еңбекақы деңгейінің ел бойынша орташа көрсеткіштен едәуір төмен екенін көрсетеді.

Бюро мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құраған. Ал өнер, ойын-сауық және демалыс саласында бұл көрсеткіш 312 136 теңге болған. Демек, аталған саладағы орташа еңбекақы республикалық көрсеткіштен 174 252 теңгеге немесе шамамен 35,8 пайызға төмен.

Ресми статистика бойынша, 2025 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 2026 жылғы II тоқсанда өнер, ойын-сауық және демалыс саласындағы атаулы жалақы 3,4 пайызға өскен. Алайда инфляцияны ескергендегі нақты жалақы 6,3 пайызға төмендеген. Басқаша айтқанда, қызметкерлердің жалақысы ақшалай өскенімен, оның сатып алу қабілеті азайған.

Мемлекет өнер адамдарын қалай қолдап отыр? Мәдениет саласының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекеттік қолдау шаралары да жүзеге асырылып келеді.

2026 жылғы 16 тамызда сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында мәдениет саласына көрсетіліп жатқан қолдау жөнінде мәлімет жариялады. Оның айтуынша, Қазақстанда мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді.

Аида Балаеваның мәліметіне сәйкес, кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өскен. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия мөлшері де екі есеге арттырылған. Мұндай стипендия жыл сайын 75 адамға тағайындалады. Министр тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталған. Оның мәліметінше, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астанада, 60-ы Алматыда орналасқан.

Халықаралық мәселе. Өнер адамдарының тұрақты табысы, еңбек құқығы және әлеуметтік қорғалуы тек Қазақстанда ғана өзекті емес. Бұл мәселе халықаралық деңгейде де көтеріліп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – UNESCO шығармашылық сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды мәдени саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

2026 жылғы 19 маусымда ұйым UNESCO-Aschberg Programme for Artists and Cultural Professionals бағдарламасы аясында өнер адамдарының құқықтары мен кәсіби мәртебесін нығайтуға бағытталған 16 жаңа жобаға қолдау көрсетілетінін хабарлады. Бағдарламаға 750 мың АҚШ долларынан астам қаржы қарастырылған. Жобалар 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады.

UNESCO шығармашылық қызметкерлердің алдында тұрған негізгі қиындықтардың қатарында тұрақсыз табысты, әділ еңбекақы мен әлеуметтік қорғауға қолжетімділіктің шектеулі болуын, сондай-ақ олардың кәсіби мәртебесінің құқықтық тұрғыдан жеткілікті танылмауын атайды. Ұйымның мәліметінше, бұл қиындықтар әсіресе жастардың, әйелдердің және халықаралық мәдени нарыққа шығу мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың кәсіби қызметіне әсер етеді. Бағдарлама аясында бірқатар елде өнер адамдарының құқықтық мәртебесін күшейтуге, тиісті заңнаманы жетілдіруге, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және шығармашылық қызметкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамалар іске асырылады.

Өнер адамының еңбегі сахнадағы қошеметпен ғана бағаланбауы керек. Оның күнделікті тұрмысы, кәсіби болашағы мен әлеуметтік жағдайы да қоғам назарында болуы тиіс. Өйткені өнердің дамуы тек жаңа концерттер мен шығармашылық жетістіктерге ғана емес, сол өнерді жасап жүрген адамдардың еңбек ету және өмір сүру жағдайына да байланысты.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.