Яғни гаджеттердің көлемін азайтып, мүмкіндігін сақтап қалу. Мұны күнделікті қолданатын заттардан да байқауға болады. Мысалы, қазір құлаққа тағатын түймедей сымсыз құлаққаптар бар. Олар біз үйренген құлаққаптардан әлдеқайда кішкентай. Тіпті кейбір үлгілері ұйықтаған кезде де құлаққа батпай, кедергі келтірмейтіндей етіп жасалған.
Мәселен, Rowkin Micro – көлемі ықшам сымсыз стереоқұлаққаптардың бірі. Ұзындығы – небәрі 1,7 сантиметр, салмағы – 3,1 грамм шамасында. Құлақ қалқанынан сыртқа көп шығып тұрмайтындықтан, күнделікті қолдануға ыңғайлы. Ал Soundcore Sleep A20 мен Bose Sleepbuds II модельдері арнайы ұйқы кезінде пайдалануға бейімделген. Олардың пішіні қырынан жатқанда құлаққа батпайтындай етіп жасалған. Сонымен қатар сыртқы шуды бәсеңдетіп, тыныш ұйықтауға көмектесетін дыбыстарды ойната алады.
Sony LinkBuds S те жеңіл әрі ықшам құрылғылардың қатарына жатады. Салмағы шамамен 4,8 грамм болатын құлаққапта шуды белсенді басу функциясы қарастырылған. Ал швециялық Earin компаниясының A-3 моделі өзгеше құрылымымен ерекшеленеді. Салмағы шамамен 3,5 грамм болатын құрылғыда артық батырмалар мен көлемді бекіткіштер жоқ. Өндірушілер оны құлаққа табиғи орналасатындай етіп жобалаған.
Аудиоқұрылғылар тыңшылардан басталған
Құлақ ішіне жасырылатын шағын аудиоқұрылғылардың тарихы қазіргі сымсыз гаджеттерден әлдеқайда ертерек басталады. Өткен ғасырдың ортасында арнайы қызметтер құпия ақпарат алмасу кезінде пайдалануға арналған шағын қабылдағыштарды қолданған. Кейін бұл бағыттағы технологиялар жетілдіріліп, құлақ ішіне орналасатын құрылғылар медицинада, байланыс саласында және күнделікті тұрмыста кеңінен қолданыла бастады.

Бүгінде осындай шағын гаджеттің корпусына динамик, Bluetooth антеннасы, процессор мен аккумулятор секілді бірнеше маңызды бөлшек орналастырылады. Мұның бәрі арнайы инженерлік шешімдер мен дәл құрастыруды талап етеді. Көлемі кішірейгенімен, кейбір модельдер үш-бес сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады. Ал қуаттау қаптамасы құрылғының жұмыс уақытын ұзартуға мүмкіндік береді. Мәселен, швециялық Earin компаниясы – сымсыз құлаққаптарды барынша ықшам етіп жасауға талпынған өндірушінің бірі. Компания ұсынған алғашқы модельдердің өлшемі небәрі 14×20 миллиметр болған. Құрылғыда есту аппараттары мен кәсіби құлақішілік мониторларда қолданылатын дыбыс технологиясы пайдаланылған. Оның ерекшелігі – артық сымдардың, көлемді бөлшектердің болмауы. Құлаққап музыка тыңдауға арналған қарапайым әрі ықшам құрылғы ретінде жасалған.
Earin жинағындағы ұзындығы 62 миллиметрлік арнайы қаптама құлаққаптарды сақтауға ғана емес, қуаттауға да арналған. Құрылғы қаптамаға салынған кезде автоматты түрде зарядталады. Толық қуатталған жағдайда 5 сағатқа дейін музыка тыңдауға болады. Сонымен қатар пайдаланушыға құлақ өлшеміне қарай таңдауға арналған үш түрлі силикон ұштық пен құлаққапты берік бекітетін Concha Lock құрылғысы ұсынылады. Соңғысы спортпен шұғылданғанда немесе белсенді қозғалыс кезінде құлаққаптың түсіп қалмауына көмектеседі.
Асқазанға түскен AirPods
Шағын құлаққаптардың қолайлылығымен қатар, олардың көлеміне байланысты күтпеген оқиғалар да кездеседі. Әсіресе ұйықтап жатқанда немесе күнделікті дәрі-дәрмек қабылдағанда байқамай жұтып қою жағдайлары тіркелген. Бір қызығы, мұндай оқиғалардың кейбірінде құлаққап адам ағзасына түскеннен кейін де Bluetooth байланысын жоғалтпаған.
Уфалық Мария есімді әйел Apple AirPods құлаққабын дәрі-дәрмекпен шатастырып, басқа капсулалармен бірге жұтып қойған. Біраз уақыттан кейін құлаққаптың біреуі жоғалғанын байқап, оның асқазанына түскенін түсінеді. Ауруханада рентгенге түскен соң дәрігерлер оған өз бетінше құсуға немесе іш жүргізетін дәрі қабылдауға болмайтынын ескерткен. Өйткені мұндай әрекеттер құрылғының батареясын зақымдап, ағзаға зиян келтіруі мүмкін еді. Дәрігерлер жағдайды бақылауға алып, құлаққаптың табиғи жолмен шығуын күткен. Келесі күні гаджет хирургиялық араласусыз ағзадан шыққан. Оқиғаның ең қызықты тұсы – құлаққаптың асқазанда жатқан кезінде де смартфонмен Bluetooth байланысын сақтауы. Әйелдің айтуынша, құрылғы телефонға қосылып тұрғанымен, музыка дыбысы естілмеген.
Мұндай жағдай алғаш рет кездесіп отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын Тайвань тұрғыны Бен Хсу ұйықтап жатып, байқамай AirPods құлаққабын жұтып қойған. Таңертең бір құлаққабын таба алмаған ол Find My AirPods функциясын іске қосып, дыбыс сигналының өз денесінен шығып жатқанын аңғарған. Ауруханада түсірілген рентген құрылғының асқазанда тұрғанын растаған. Дәрігерлердің бақылауымен құлаққап табиғи жолмен шыққаннан кейін, оны тазалап, кептіріп көргенде әлі де жұмыс істеп тұрғаны анықталған.

Сонымен қатар АҚШ тұрғыны Брэд Готьенің де басынан осыған ұқсас оқиға өткен. Ол үй ауласында қар тазалап жүріп, музыка тыңдаған. Кешке қарай құлаққабының біреуі жоғалғанын байқаса да, оған аса мән бермеген. Түнде кеуде тұсында жайсыздық сезініп, медициналық тексеруден өткенде, AirPods құлаққабы өңешіне тұрып қалғаны анықталған. Дәрігерлер оны эндоскопия арқылы алып шыққан. Кейін құрылғының жұмыс істеп тұрғаны, алайда микрофонының сапасы төмендегені белгілі болған.
Ал АҚШ азаматы Мо Кеннеди ұйықтап жатып AirPods Pro құлаққабын жұтып қойған. Ауруханада жүргізілген компьютерлік томография оның асқазанға түскенін көрсеткен. Батареяның ағзаға тигізуі мүмкін зиянын ескерген дәрігерлер құлаққапты шұғыл түрде алып тастаған. Бұл оқиға да шағын электронды құрылғылардың адам өміріне күтпеген қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсетті.
Мұндай оқиғалар сымсыз құлаққаптардың технологиялық мүмкіндігін ғана емес, оларды пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесін де күн тәртібіне шығарады. Құрылғының шағын болуы оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Әсіресе литий батареялары зақымданған жағдайда адам ағзасына қауіпті химиялық заттар бөлінуі мүмкін.
Сондықтан құлаққапты ұйықтар алдында шешіп қою, кішкентай гаджеттерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау және құрылғы жоғалған жағдайда оның қайда кеткенін мұқият тексеру маңызды. Егер құлаққапты байқамай жұтып қойса, өздігінен құсуға немесе іш жүргізетін дәрі қабылдауға болмайды. Мұндайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Технологияның басты мақсаты – адам өмірін жеңілдету. Алайда көлемі кішірейіп, мүмкіндігі артқан сайын гаджеттерді қолданудағы жауапкершілік те ұлғая түседі.
Сымбат БЕГІМБАЙ
