Суицидологтердің көмегі тапшы
Суицидологтердің көмегі тапшы
©lekafarm.ru
342
оқылды

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмаудың салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, суицид фактілері де жиілеп барады. Қылмыстық істегі сот психо­логиялық са­­раптаманың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жөнінде талдау жасаған мамандар осылай дейді. Отбасынды жәбір көрген жан­дарға неге араша бола алмай жүрміз? Ал ондай отбасында тәр­бие­ленген ба­лалардың психологиясында қандай өзгеріс болады?

Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақованың ай­туынша, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зом­былық, әрбір жетінші әйел эконо­микалық, әрбір алтыншы әйел физикалық, әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зом­былыққа тап болады екен. Отба­сын­дағы кемсіту мен қорқыту әйелдер үшін қалыпты жағдайға айналған. Әйтсе де, «қа­­лыпты» деп санаған күнделікті жұды­рықтың соңы әйелдердің жазым болуымен аяқталады. Не болмаса психологиялық қы­­сымның соңы суицид жасауға мәжбүр етеді.

Құқық қорғау органдарына жүгінетіндер аз

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сен­сек, осындай отбасылық зорлық-зомбы­лықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ки­кілжің көп жағдайда әкімшілік іс ретінде қаралады. Басым жағдайда жәбірленушілер өз арыздарынан бас тартады. Мәселен, бес айда отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша қаралған 130 мыңға жуық ша­ғымның 30 мыңы әкімшілік жауапкершілік ретінде қарастырылған. Қалған 100 мың әйел агрессордың ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалған. Сондай-ақ жыл басынан бері төрт айда 46 901 адам полицияға жүгінсе, сотқа бар болғаны 8 мың іс жеткен. Оның 4 мыңы ерлі-зайып­тылардың ымыраға келуімен бітіпті. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылған деген сөз. Елімізде әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары көптеп ашыла бастады. Әйткенмен, жыл сайын жуан жұдырықтан жан сауғалағысы келетін мыңдаған әйел үшін бұл орталықтар аздық етеді. Облыс­тардағы жалғыз дағдарыс орталықтары шалғай ауылдарда күйеуінен қорлық көріп жүргендерге тіпті қолжетімсіз. Ауылдық жерлерде қорлық көрген әйелдер мен бала­ларға арналған полиция бөлімше­лерінде арнайы бөлмелер де жоқ. Амалы таусылған әйелдер туыстарының үйін пана­лайды. Алайда қазақшылыққа салы­натын аға­йын­дар «ыдыс-аяқ сылдырамай, үй бол­­майды» деген пәтуа шығарып, ерлі-зайып­тыларды қайта қосады. Өкінішке қарай, оның соңы көп жағдайда қайғылы аяқталады.

Балалар да психологиялық қысым көреді

Өз әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер ескерту алумен шектелсе, бір адам екінші адамды ұрса, онда оның үстінен бұзақылық жасағаны үшін іс қозғалады. Әйелін бірнеше сағат бойы ұрып, қол-аяғын көкала қойдай қылса да заң бойынша бұл денеге жеңіл зақым келтіру болып есеп­теледі. Осындай озбырлықты көрген отба­сындағы балалардың жағдайы үнемі сырт қалып жатады. Зәбір көрген әйелдердің әрқайсысында үш-төрт баласы бар. Олар да психологиялық қысым көреді. Балалар да соққыға жығылады және әкесінің ана­сын ұрғанын көреді. Бұл – өсіп келе жатқан бала үшін психологиялық салмақ. Отба­сындағы ата-анасының арасындағы жан­жалға мектептегі буллинг қосылады. Қатарластарының қысымы мен отбасын­дағы кикілжің жасөспірімдердің суицидке баруына ықпал етеді. Бұдан бөлек, жасан­дылыққа толы әлеуметтік желіге тамса­натындар, өздерінің сыртқы келбеті мен әлеуметтік жағдайына көңілі толмаудың соңы да суицидпен аяқталады. Мысалы, былтыр 143 бала өз өмірімен қош айтысса, 306-сы қол жұмсауға оқталыпты. Биыл жарты жылда кәмелетке толмаған 105 бала суицид жасаған. Бұдан бөлек, 193 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Бұл айналып келгенде балалардың отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелерінің кемшін екенін көрсетсе, психологиялық қысымға ұшырап, өмірден түңілуге дейін баратын балаларды қолдаудың жоқтығын көрсетеді.

Түсіндіру жұмысы тиімді ме?

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департа­менті Жергілікті полиция қызметі басқар­масы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова суицидті жасауға итермелеген факторларды назардан тыс қалдырмау мақсатында полиция қызметкерлері мен тәжірибелі психологтер сот-психоло­гиялық сараптамаларға талдау жасағанын айтады. Биыл 8 айда құқық қорғау қыз­меткерлері тұрмыстық қылмыстың, әйел­дерге қатысты құқықбұзушылықтар мен қыл­мыстардың өсуіне жол бермеу бойын­ша мақсатты жұмыс жүргізген. «Біз отба­сында зардап шеккен әйелдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша халықпен алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ отбасында суицид жасаған әйелдің әрекетіне мұқият талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мемле­кеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылда консуль­та­циялық-құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі», – дейді Гүлмира Шрахметова.

Өз-өзіне қол салғандар ешкімге кінә артпайды

Зардап шеккен әйелдердің дені аза­маттық немесе ресми некеде тұрады екен. Белгілі психолог маман Нұргүл Сүйін­ді­кованың айтуынша, отбасы-тұрмыстық салада жасалатын суицидтің көбі мас күйінде, токсиманикалық мас күйде, ауыр самотикалық аурулар, туыстарымен жан­жалды қарым-қатынас, қылмыстық жа­уап­кершіліктен қорқу, оқудағы пробле­малар, ажырасу және басқа да ауыр жағдайдың салдарынан жасалады. Көп жағдайда олар дәрілік препараттармен улану, тесетін-кесетін заттармен, құлау, өзін өртеу, суға бату, биіктен секіру арқылы суицид жасайды. Олар осы әрекеттерін көбіне көшеде, тұрғын үй-жайларда, оқу орындарында жасау жағда­йы жиілеген. Ең сорақысы, жәбірленушілер қылмыстық істерді тоқтатуды, ешкімге шағымдары жоқ екенін алға тартады екен. Суицид жасайтындар өздерінің әрекетіне ешкім қатысы жоғын айтып, ақтап алғысы келетін жағдай жиі болады. Олар өздерінің бұл әрекетін таблеткаларды шатастырып алумен, дәрі-дәрмектерді немқұрайлы ішумен болған жағдай ретінде түсіндіруге тырысады. Отбасындағы ересек адамдар­дың өз-өзіне қол салуына эмоциялық тұрақсыздық, жеке өмірде жолының бол­мауы, депрессивті жағдай, отбасылық өмірдегі жанжалдар, туыстар арасындағы түсінбеушілік, абайсызда және мас күйінде болуы себеп. Бізде жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқықбұзу­шыларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылады. Алайда қорғау нұсқамасын құлағына ілмейтін, үш сағаттық түсіндіру жұмысынан кейін күш көрсетуін екі еселететін ер адамдар көп. Өкініштісі сол, «Отбасы мәселесі – ортақ құпия» деп санайтын біздің қоғамда көрген қорлығын ашып айтудан қарағанда, өз өмірін өлімге қиған оңай болып тұр. Оның үстіне, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және оларды ерте кезеңде өз-өзіне қол жұмсау қылықтарының пайда болуын анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандар жоқ. Үшіншіден, полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-шара жүргізбейді.

Жадыра МҮСІЛІМ