Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмаудың салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, суицид фактілері де жиілеп барады. Қылмыстық істегі сот психологиялық сараптаманың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жөнінде талдау жасаған мамандар осылай дейді. Отбасынды жәбір көрген жандарға неге араша бола алмай жүрміз? Ал ондай отбасында тәрбиеленген балалардың психологиясында қандай өзгеріс болады?
Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық, әрбір жетінші әйел экономикалық, әрбір алтыншы әйел физикалық, әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Отбасындағы кемсіту мен қорқыту әйелдер үшін қалыпты жағдайға айналған. Әйтсе де, «қалыпты» деп санаған күнделікті жұдырықтың соңы әйелдердің жазым болуымен аяқталады. Не болмаса психологиялық қысымның соңы суицид жасауға мәжбүр етеді.Құқық қорғау органдарына жүгінетіндер аз
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, осындай отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжің көп жағдайда әкімшілік іс ретінде қаралады. Басым жағдайда жәбірленушілер өз арыздарынан бас тартады. Мәселен, бес айда отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша қаралған 130 мыңға жуық шағымның 30 мыңы әкімшілік жауапкершілік ретінде қарастырылған. Қалған 100 мың әйел агрессордың ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалған. Сондай-ақ жыл басынан бері төрт айда 46 901 адам полицияға жүгінсе, сотқа бар болғаны 8 мың іс жеткен. Оның 4 мыңы ерлі-зайыптылардың ымыраға келуімен бітіпті. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылған деген сөз. Елімізде әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары көптеп ашыла бастады. Әйткенмен, жыл сайын жуан жұдырықтан жан сауғалағысы келетін мыңдаған әйел үшін бұл орталықтар аздық етеді. Облыстардағы жалғыз дағдарыс орталықтары шалғай ауылдарда күйеуінен қорлық көріп жүргендерге тіпті қолжетімсіз. Ауылдық жерлерде қорлық көрген әйелдер мен балаларға арналған полиция бөлімшелерінде арнайы бөлмелер де жоқ. Амалы таусылған әйелдер туыстарының үйін паналайды. Алайда қазақшылыққа салынатын ағайындар «ыдыс-аяқ сылдырамай, үй болмайды» деген пәтуа шығарып, ерлі-зайыптыларды қайта қосады. Өкінішке қарай, оның соңы көп жағдайда қайғылы аяқталады.Балалар да психологиялық қысым көреді
Өз әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер ескерту алумен шектелсе, бір адам екінші адамды ұрса, онда оның үстінен бұзақылық жасағаны үшін іс қозғалады. Әйелін бірнеше сағат бойы ұрып, қол-аяғын көкала қойдай қылса да заң бойынша бұл денеге жеңіл зақым келтіру болып есептеледі. Осындай озбырлықты көрген отбасындағы балалардың жағдайы үнемі сырт қалып жатады. Зәбір көрген әйелдердің әрқайсысында үш-төрт баласы бар. Олар да психологиялық қысым көреді. Балалар да соққыға жығылады және әкесінің анасын ұрғанын көреді. Бұл – өсіп келе жатқан бала үшін психологиялық салмақ. Отбасындағы ата-анасының арасындағы жанжалға мектептегі буллинг қосылады. Қатарластарының қысымы мен отбасындағы кикілжің жасөспірімдердің суицидке баруына ықпал етеді. Бұдан бөлек, жасандылыққа толы әлеуметтік желіге тамсанатындар, өздерінің сыртқы келбеті мен әлеуметтік жағдайына көңілі толмаудың соңы да суицидпен аяқталады. Мысалы, былтыр 143 бала өз өмірімен қош айтысса, 306-сы қол жұмсауға оқталыпты. Биыл жарты жылда кәмелетке толмаған 105 бала суицид жасаған. Бұдан бөлек, 193 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Бұл айналып келгенде балалардың отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелерінің кемшін екенін көрсетсе, психологиялық қысымға ұшырап, өмірден түңілуге дейін баратын балаларды қолдаудың жоқтығын көрсетеді.Түсіндіру жұмысы тиімді ме?
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова суицидті жасауға итермелеген факторларды назардан тыс қалдырмау мақсатында полиция қызметкерлері мен тәжірибелі психологтер сот-психологиялық сараптамаларға талдау жасағанын айтады. Биыл 8 айда құқық қорғау қызметкерлері тұрмыстық қылмыстың, әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне жол бермеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізген. «Біз отбасында зардап шеккен әйелдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша халықпен алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ отбасында суицид жасаған әйелдің әрекетіне мұқият талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылда консультациялық-құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі», – дейді Гүлмира Шрахметова.Өз-өзіне қол салғандар ешкімге кінә артпайды
Зардап шеккен әйелдердің дені азаматтық немесе ресми некеде тұрады екен. Белгілі психолог маман Нұргүл Сүйіндікованың айтуынша, отбасы-тұрмыстық салада жасалатын суицидтің көбі мас күйінде, токсиманикалық мас күйде, ауыр самотикалық аурулар, туыстарымен жанжалды қарым-қатынас, қылмыстық жауапкершіліктен қорқу, оқудағы проблемалар, ажырасу және басқа да ауыр жағдайдың салдарынан жасалады. Көп жағдайда олар дәрілік препараттармен улану, тесетін-кесетін заттармен, құлау, өзін өртеу, суға бату, биіктен секіру арқылы суицид жасайды. Олар осы әрекеттерін көбіне көшеде, тұрғын үй-жайларда, оқу орындарында жасау жағдайы жиілеген. Ең сорақысы, жәбірленушілер қылмыстық істерді тоқтатуды, ешкімге шағымдары жоқ екенін алға тартады екен. Суицид жасайтындар өздерінің әрекетіне ешкім қатысы жоғын айтып, ақтап алғысы келетін жағдай жиі болады. Олар өздерінің бұл әрекетін таблеткаларды шатастырып алумен, дәрі-дәрмектерді немқұрайлы ішумен болған жағдай ретінде түсіндіруге тырысады. Отбасындағы ересек адамдардың өз-өзіне қол салуына эмоциялық тұрақсыздық, жеке өмірде жолының болмауы, депрессивті жағдай, отбасылық өмірдегі жанжалдар, туыстар арасындағы түсінбеушілік, абайсызда және мас күйінде болуы себеп. Бізде жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқықбұзушыларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылады. Алайда қорғау нұсқамасын құлағына ілмейтін, үш сағаттық түсіндіру жұмысынан кейін күш көрсетуін екі еселететін ер адамдар көп. Өкініштісі сол, «Отбасы мәселесі – ортақ құпия» деп санайтын біздің қоғамда көрген қорлығын ашып айтудан қарағанда, өз өмірін өлімге қиған оңай болып тұр. Оның үстіне, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және оларды ерте кезеңде өз-өзіне қол жұмсау қылықтарының пайда болуын анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандар жоқ. Үшіншіден, полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-шара жүргізбейді.Жадыра МҮСІЛІМ