Жамбылда есірткі саудасы өршіп барады
Жамбылда есірткі саудасы өршіп барады
271
оқылды

Бүгінде Жамбыл облысында есірткі саудасымен күрес ерекше қарқын алды. Бұрын бұл бағыттағы жұмыстарға жұртшылық күмәнмен қараса, қазір құзырлы сала мамандары үш күннің ішінде 400 келіге дейін есірткі затын тәркілейді. Мұндай көрсеткішке сала мамандары «Допинг» профилактикалық іс-шарасы аясында қол жеткізіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бұл жүйелі жұмыстың жемісі ме, әлде кейінгі жылдары есірткі бизнесінің өңірде кең етек жайғаны ма?

8 айда 481 қылмыс тіркелді

Облыстық Полиция депар­таменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, осы жылдың сегіз айының қоры­тын­дысы бойынша 481 есірткі қыл­мысы анықталыпты. Бұл өткен жылға қарағанда 89 қыл­мысқа артық. Анықталған қыл­мыс­тар­дың ішінде есірткі зат­тарын аса ірі мөлшерде сақтау­дың 52 дерегі тіркелсе, есірткі зат­тарын өткі­зудің 87, есірткі өсімдіктерін өсірудің 20 және есірткі заттары контра­бан­да­сының 13 фактісі ашылған. Нә­тижесінде, 79 келі 364 грамм га­шиш, 796 грамм 792 милли­грамм героин, 447 келі 301 грамм ма­рихуана, 1 тонна 475 келі 974 грамм қарасора өсімдігі және 24 грамм 056 миллиграмм син­те­тикалық есірткі заты заңсыз ай­налымнан шығарылған.

Дәріханалардан бастап емдеу мекемелеріне дейін тексеріледі

Жалпы, биылғы сандар был­тырғы көрсеткішті екі есе орап өтеді. Ал бес жыл бұрынғы жағ­дай­мен тіпті салыстыруға кел­мейді. Сонда жыл өткен сайын Жам­был жерінде есірткі бизнесі өршіп бара ма, әлде құзырлы сала мамандары қырандай қырағылық танытып жатыр ма? Облыстық Полиция депар­таменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бас­тығы Асқар Жұмабековтің ай­туынша, бұл жүйелі жұмыстың жемісі екен. – Қылмыс қай кезде де болған. Сонау ерте дәуірдің өзінде түрлі қылмыс жасалып жатты. Алайда олардың ашылу деңгейі төмен болды. Себебі жедел әрі нақты қылмыскерді не болмаса қылмыс орнын анық­тайтын құрылғылар болмады. Сондай-ақ маман тап­шылығы да қос бүйірден қысты. Қазір жағдай мүлде басқаша. Кейінгі жылдары құрылымдық мекемелер арнайы құрылғы­лармен жабдықталып, иісші иттер мен білікті кадр­лармен толыға түсті. Сондай-ақ бейнеба­қы­лау­лар, өткізу бекеттері, аудандардан құрылған арнайы топтардың жұ­мысы көп көмегін тигізіп келеді. Мәселен, былтыр маманда­рымыз 120 есірткі затын сату, 68 есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау, 26 құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру, 733 үй қабырғаларына граффити жазба­ларды жазу арқылы есірткі затын насихаттау және 3 есірткіні жар­намалау фактісін анықтап, заңсыз айналымнан 3 тонна 277 келі есірткі затын шығарды. 2019 жыл­мен салыстырғанда бұл 284 келіге жоғары. Тәркіленген есірткінің 3 тонна 199 келісі марихуана болса, 1 келіден астамы героин, 75 келісі гашиш және 2 келісі синте­ти­калық есірткі. Байқа­са­ңыздар, жыл өткен сайын біздің жұмысымыз жүйеленіп, қыл­мыс пен тәркілен­ген есірткі за­ты­ның көлемі арт­қан. Бұл құрылым­ның материал­дық ба­засынан бастап, барлық бағыт­тағы жұмыстың күшейгенін көр­сетеді, – дейді А.Жұмабеков. Бұдан бөлек, басқарма биыл 14 дәріхана, 18 қойма, 4 емдеу ме­кемесі мен 1 кәсіпорынды тек­серіп, 16 келіден астам әртүрлі есірткі затын тәркілеген. Оның 6 келісі гашиш болса, 8 келі 182 грамы марихуана, 1 960 данасы адам ағзасына зиян келтіретін дәрілер (трамадол, дигоксин, самнол, прозерин), 220 данасы морфин және 5 келі 770 грамы күкірт қышқылды прекурсорлар. Міне, осылайша құрылымдық мекеме дәріханалардан бастап емдеу мекемелеріне дейін тексе­ріп, өз көрсеткіштерін еселеп өсіріп отыр. Бұл өз кезегінде есірт­кі затына екінің-бірінің қолы жетпеуін қамтамасыз етеді.

Жаппай тінту мен тексерудің астарында не жатыр?

Әрине, құрылымдық меке­ме­лердің материалдық базасы ны­ғайып, қызметкерлерінің қы­ра­ғылығы артса қуанамыз. Алайда мұндай ауқымды тексеру мен тінтудің астарында астыртын сая­сат жатқан жоқ па деген де ой ке­леді. Олай дейтініміз, был­тыр­дан бастап Шу ауданынан қара­сора өңдейтін зауыт ашу баста­масы көтерілген болатын. Бұл жобаны Zhana Zhol Holding limited жеке компаниясы қаржы­ланды­руға дайын екенін көрсетті. Серіктестік директоры Александр Ким Жам­был облысының гео­графиялық орналасуы мен кли­маты қара­сораны өңдеп, дәріге айналдыруға таптырмайтын орын екенін айтты. Ал жергілікті билік «Тараз хи­мия­лық паркі» арнайы экономикалық аймағынан ар­найы жер бөліп бе­ретінін жеткізді. Әзірге бұл жобаға жан бітіп, қа­зығы қағылмаса да соңғы жыл­дары құзырлы сала ма­ман­дары­ның кірпік ілмей жұмыс істеуі осыған әзірлік секілді. Себебі зауытты іске қосу үшін ең әуелі Шу ауданынан заңсыз есірткі тасымалын тыю керек емес пе? Егер Шу мен Меркі ауданындағы қарасора қорын толықтай бақы­лауымызға алсақ, онда жаңа кә­сіпорын үшін шикізат тапшы­лығы бір мезетте шешіледі. Би­ліктің көздегені осы сияқты.

ТҮЙІН:

Әрине, біздікі тек болжам ғана. Алайда ертегідегі Ертөстіктей сағат емес, секунд санап өскен Есірткі бизнесімен күрес басқармасының кейінгі жылдардағы көрсеткіші таңғалдырмай қоймайды. Бәлкім, шын мәнінде құрылымдық меке­менің материалдық базасы кү­шейіп, сала мамандарының да жұмысы жүйелене түскен шығар.

Десе де, тиынның екі жағын ба­рын ұмытпайық. Әлемдік панде­мия ел экономикасымен қатар қа­ра­па­йым халыққа да қиын соқ­қаны анық. Кім білсін, күнкөріс қиын­да­ғаннан кейін бұқара бала-шағасын асырау үшін қарасора теріп, заңсыз жолға түсті ме деген де ой келеді. Өйт­кені ұсталып жат­қандардың ара­сында қарапайым жүргізушіден бастап төрт түліктің соңында жүр­ген малшыға дейін бар. Егер ел қы­сыл­ғанынан есірткі саудасына кетіп жатса, оның арты жақсылыққа апар­майтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы