«Қара археология» жайлы мәселені мінберде шенеунік те, азаматтарымыз да көп айта бермейді. Алайда ертеден қалған көне жәдігерлерді заңсыз қазып, саудалаушыларға тыйым болмай тұр. Олардың мемлекет заңына бағынбайтыны айтпаса да анық. Ал тыйым салуға не кедергі, «қара археология» кімнің мүддесіне қызмет етпек? Бәлкім, жәдігерді тонатып жүрген өзіміз бе?
Кәсіпке айналған қылмыс
«Қара археологтер» үшін құнды жәдігердің қадірі жоқ. Пайда маңызды. Еліміздегі заңсыз қазба жүргізетіндердің басым бөлігі – ресейліктер және отандық жалдамалылар. Кей кездері олардың тапқан жәдігерлері Еуропа мен Ресейдегі аукциондарға шығып жатады. Бұл тәрізді заңбұзушылықтарды анықтау қиын. Анықтаған күннің өзінде беделді тұлғалар араласып, ақпарат жарияланбайды. Себебі кейбір шенділердің өзі бәссауданың қызығында жүр. «Қара археологиямен» айналысатын адамдар да кәдімгі археологтер. Бірақ маман ретінде жәдігерге бағалы дүние емес, пайда көзі ретінде ғана қарайды. Бұл заңсыз кәсіп 90-жылдары белең алды. Қазір де көп. Геосканер секілді түрлі құралдардың арқасында бағалы металдарды жинайды. Көбіне іздейтіндері – темір, қола дәуірлері мен ғұн, сақ тайпаларының металдан жасалған қолөнер бұйымдары. Қазба жұмыстарынан табылған бұйымдар шығатын аукциондардың қай жерде, қашан өтетіні жайлы ешкім біле бермейді. Тек аукционға қатысатын адамдар жеке шақырту алады. Демек, «қара архелогтер» тапқан жәдігерді кімге сатады, кімге өткізеді, барлығын өздері шешіп отыр. Бұған қатысты билікте де, қоғамда да белгілі бір пікір мен көзқарас жоқ. Ұмыт қалған жағдай секілді. Алайда мәдени, тарихи мұралар халыққа қажет болмағаны ма? Жәдігерлер қолдан-қолға өтіп жатқанда неге бейқам кейіп танытамыз? Елде 25 мыңнан астам археологиялық ескерткіш бар. Бұлар ашылғаны ғана. Шындап зерттеу жүргізсе, бұдан 2-3 есе артық болуы мүмкін. Заңсыз археологтердің пайдаға кенеліп отырғанына қарап осылай болжам жасауға негіз бар. Дегенмен ашылмаған ескерткіштерден бұрын, ашылғанын қалай қорғап жатырмыз? Бұл сауалға заңның шарасыздығын ғана емес, халықтың бейжайлығын да қосар едік. Мәселен, Жапония секілді дамыған елдерде әрбір ескерткіш бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Көршілес елдерде бұл мәселе жергілікті органдар арқылы қадағаланады. Халық та сақталуын, қорғалуын талап етеді. Біз бұл мәселені жергілікті әкімдіктер арқылы шешуді ұсынар едік. Әр өлкедегі инспекциялар мұндай заңсыздықтар барын жасырмайды. Халқымыз да мұндай жәдігерлер еліміздің мәдени, қаржылық, рухани тарихы үшін құнды дүние екенін түсінсе деген ниет. Тіпті, «қара археологтер» елдің қолынан арзан ақшаға бағалы, көне жәдігерді оңай сатып алып кете беретінін мамандар айтып отыр. Қазақстан Ұлттық музейінің Археология және этнография бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсырманқұл да бұл мәселенің шешілмей жатқанына қынжылады. Елде археологиялық жәдігерлерге құрмет жоғын айтқан ол, ауыл-аймақтардағы тұрғындар «алдында бір кісілер жерді қазып жатыр, сұрасақ металл іздеп жүр екен» деп бейжай қарап отырғанын талай көрген екен. Бұған насихат жұмыстары, танымдық ақпараттар болмауы да себеп шығар. Көбіне ауыл тұрғындары «қара археологтерді» жиі көреді. Пердехан Мұсырманқұл Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шәкәрімнің жайлауы, яғни Шыңғыстауда көп жылдар бойы қазба жұмыстарына қатысқан. Сол кезде археологтердің жасаған заңсыз әрекетін көрген. «Қара археологтер» қола дәуірінен қалған тас жәшіктерді қиратып, ішіндегі бұйымдарын тонап кеткен. Тас жәшіктер адамзат үшін құнды жәдігер екенін біледі, бірақ оларға керегі сатуға жарайтын дүниелер болған. Ең сорақысы, ежелдегі адамдардың сүйегін бір бұрышқа лақтыра берген екен.Заңсыз іс өнбейді
Қазақстанда бұған қатысты заң әлсіз. Әлем елдерінің көбінде, Ресейде де «қара археологияға» байланысты заң қатал. Сондықтан Қазақстанда бақылаудың қарқынды жүрмеуінен ел аумағы заңсыз қазбадағы ашық алаңға айналып отыр. Кім көрінген келіп, құнды мұраны иелене салады. Жәдігерді кеденшілердің тексеруінен еш қиындықсыз өткізу жағдайын тағы есепке алыңыз. Елімізде 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау туралы» заң қабылданды. Заң мұраның табылған немесе қазылғанын жіктемейді, барлық мұраны тең қорғайды. Заңды іске асырушы орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Алайда өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар жауап береді. Осыдан барып заңды жүзеге асырушы орган мен оны орындаушы тарап арасында түсініспеушілік бар сияқты. Себебі жергілікті инспекциялар министрлікке емес, әкімдікке бағынады. Одан бөлек, көрінгенге беріле беретін лицензия еліміздің кез келген жерінде қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал есебін тиісті мекемелерге тапсырып жатқан жан жоқтай. Ел тарихында археологиялық мұра бір емес, үш рет тонауға түсті. Бірі – кешегі патшалық Ресейдің құрамына кіріп, қазақ даласында қарашекпендер қаптаған тұс болатын. Ол кезде саяхатшылар қазақтың тегін дүниесін тасуды мықтап қолға алды. Екіншісі – 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезеңі. Жан үшін мұра да сатылғаны жасырын емес. Үшіншісі – осыдан ширек ғасыр бұрынғы нарықтық қоғамға өткен тұс. Сондықтан қазба жұмыстары үшін берілетін лицензияны шектеп, есебін алуды күшейту қажет. Әйтпесе, моламызды саудаға салғанның кебі осы болды. Айтпақшы, қазір алтын шаюшылар да көбейді. Ағыны бар өзеннің түбін небір тәсілмен сүзіп, алтын тереді. Бірақ олар да көп жағдайда табиғатты ластап, өзенді бүлдіріп кететінін ескермей жүр. «Қара археологтер» де, алтын шаюшылар да Шығыс Қазақстан облысында көп. Егер жері қазбаға бай, металл өндірісінің бастауы болған мекеннің жергілікті билігі бұл нәрселерге бүгін назар салмаса, ертеңгі күні қолда бар жәдігерді көрінген көк аттыға өзіміз үлестірген болып шығамыз.Мадияр ТӨЛЕУ