Тегін дәптерді де бермейді
Тегін дәптерді де бермейді
978
оқылды

Президент тапсырмасымен қа­был­­данған арнайы заң аясында аудандық жә­не қалалық білім беру бөлімдерін қар­жыландыру және басқару құзыреті 2021 жылдың басынан бастап облыстық Білім беру басқармаларына өтті. Мек­­­­­­теп­тер мен балабақшаларға қа­тысты бұл өзгеріс­ке алдымен бі­лім саласының мамандары қуан­ды. Бірақ Түркістан облысы Ор­дабасы ауданындағы мектеп­тер бұл ше­ші­мнің ыңғайсыз тұсын да сезінді.

Жуырда Түркістан облысы Ордабасы ауданынан хабарласқан бастауыш сы­ныпта балалары оқитын ата-ана жыл са­йын оқулықтарына қосымша жұмыс дәп­терінің берілмейтінін айтып, шағым­данды. Ана былтыр үлкен қызы мектепке барғанда да, биыл ұлы 1-сыныпқа барғанда да осы жағдай қайталанғанын айтып, ашынды. Себебі қазір мектепке қажетті құралдардың барлығы да қымбат. «Бір жұмыс дәптерін 1 000-1 500 теңгеге дейін сатып аламыз. Жалпы, бұл жұмыс дәп­терлер мектептен тегін берілуі керек қой. Мұғалімінен сұрасам, аудан бойынша еш­қандай мектепке жұмыс дәптері берілмейді екен. «Жағдайларыңыз келсе,  сатып алы­ңыздар, болмаса, кәдімгі бастауыш сы­ныптар ұстайтын дәптерді арнай бері­ңіздер» деді. Алайда мектеп табалдырығын енді аттаған балаға жұмыс дәптері қажет. Ішінде балалардың тез, қызыға үйренуіне қолайлы барлық тапсырмалары суретпен және жазу үлгісімен көрсетілген. Сыныбындағы балалардың бірінде болса, барлығы да алғысы келеді. Оған алып бермеуге өзіміз де шыдап отыра алмаймыз. Балала­рымыздың қатарластарынан өзін төмен ұстауға жол бергіміз келмейді», – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген ана. Мек­тептен үміт болмаған соң базарға барып, «Әліппе» пәніне қажетті 3 жазу дәп­терін 1 300 теңгеге сатып алғанын ай­тады. «Жаратылыстану» мен «Дүниетану» са­бақтарының жұмыс дәптері 1 000 теңгеден екен, оны әзірге алуға қаржысы жет­пеп­ті. Ал аса қажетті «Математика» сабағы­нан жұмыс дәптерін бірнеше дүкеннен іздеп таппаған. Оқулыққа қосымша жүретін жұмыс дәптерінің маңызы зор. Әсіресе, оң-солын танып үлгермеген бастауыш сыныптың балаларына мұның жазуға деген құл­шынысын кәдімгідей арттыратыны сөзсіз. Сондықтан бұл құралдар мектептен неге берілмейді? Себебі біз білетін өзге өңірлерде бұл үлкен мәселе болған емес.

Басқарма басшысының тапсырмасы орындалған жоқ

Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р. Жо­лаев 2 қыркүйек күні барлық өңірлердегі білім бөлімдеріне оқушыларды жұмыс дәп­терлерімен қамту бойынша хат жол­даған. Онда «Білім туралы» заңының 6-ба­бына сәйкес, жергілікті атқарушы орган білім беру ұйымдарын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қам­тамасыз етеді. Оқулық оқыту процесінің біртұтас бөлігі, ал жұмыс дәптерлері оқытудың қосымша құралы. Сол себепті ата-аналардың жұмыс дәптерлерін сатып алуы міндетті емес» делінген. Демек, тәрбиеленушілерді оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендермен қамту жергілікті атқарушы органның құзырында. Расында, Ордабасы ауданында бұл жайт бірнеше жылдан бері күрделі мәселе күйінде келе жатқанына көз жеткіздік. Аудандық білім бөлімінің өкілі Мұхит Сәрсенбеков қосымша дәптердің беріл­мейтінін растады. «Біз жыл сайын бала­ларға жұмыс дәптерлерінің орнына кә­дімгі дәптерді қолдануға рұқсат беріп  жүрміз. Жұмыс дәптерін бюджеттен қаржы қаралмаса қайдан аламыз? Биылдан бастап облыстық Білім басқармасының құзырындамыз. Дегенмен 2019 жылы да қосымша жұмыс дәптеріне аудан әкімдігі қаржы бөлмей келген. Біз облысқа тура сол бюджетпен өткендіктен, одан артық қосымша қаржы берген жоқ. Жалпы, кі­тап сатып алуға облыстық бюджеттен 351 млн теңге қаралған. Одан бөлек, жұмыс дәптері үшін 78 млн теңге сұраған бола­тынбыз. Алайда оны бермеді. Сондықтан биыл да жұмыс дәптерін сатып ала ал­мадық. Біз үшін осы үлкен мәселе бо­лып тұр. Тіпті, дайындық тобы жазып үй­ренуге тиіс жазу дәптерін де ала алма­дық. Бүгінде олар да дәптермен жұмыс істеп отыр. Алайда барлық мектепке ата-ананы мәжбүрлемеу туралы тапсырма бергенбіз» деп жанайқайын жеткізді жауапты тұлға.

Ордабасы ауданының басшылары білімге көңіл бөлмей ме?

Сонда өңірдегі 14 аудан мен 3 қаланың балалары сезініп отырған мемлекеттің қолдауын ордабасылық 65 мектептегі 34 677 оқушы көрмей отырғаны ма? Басқарма басшысы айтқандай, жергілікті бюджеттен қаралуы тиіс болса неге әкімдік тарапынан болашағымыз саналған балалардың бі­ліміне жылдар бойы көңіл бөлінбей келген? Әлде осынау оқу құралдарына жыл сайын қаржы бөліп отырған өзге аудандардың басшылары қателік жасап жүр ме? Мәселен, Төлеби ауданының жас өскіндері үшін бұл проблема болған емес. Биылдың өзінде Төлебидегі 67 мектепте оқитын 27 580 балаға оқу құралдары мен әдістемелік-кешендері үшін 224 млн теңге бөлініпті. «Ауданда оқу құралына қосым­ша жұмыс дәптерлері алынбай қалған кез болған емес», – дейді мамандар. дәптер Мұнда тиісті қаржыны бөлмей отыр­ған аудан әкімдігін кінәлаймыз ба, әлде оны дұрыс үйлестіре алмай, тіпті оның ма­ңызын әкімдікке жеткізе алмай отырған білім бөлімдерінің басшыларын айып­тай­мыз ба? Былай қарап отырсаңыз, аудан әкім­дігі қажетті дүниені сол сала маман­дарының жеткізуімен жүзеге асырады. Демек, білім бөлімінің басшысы да жұмыс дәптерін бар-жоғы қосымша құрал деп қабылдап, аса маңызды деп санамаған. Ал жылдар бойы бұған бөлінбеген қаржы облысқа өткенде де маңызды бола қоймаған. Облыстық Адами әлеуетті да­мыту басқармасының оқулыққа жауапты бас маманы Марина Сейдуалықызы да өңір­лердегі білім бөлімдерінің өткен жы­лы қаралып, нақтыланып қойған бюд­жетімен облысқа қарағанын айтады. Сол себептен бөлінген қаржы да сол қаралған бюджетпен беріліпті. «Білім алушыларды тегін жұмыс дәп­терлерімен қамтамасыз ету нормативтік-құқықтық актімен міндеттелмеген. Жер­гілікті бюджет қаржысы жеткілікті болған жағдайда ғана оқушыларға жұмыс дәптер­лері тегін сатып алып берілуі мүмкін. Оқулық оқыту процесінің біртұтас бөлігі, ал жұмыс дәптерлері оқытудың қосымша құралы болып табылады. Ата-аналарға жұмыс дәптерлерін сатып алуын мін­деттемей, оқушыларға сабақ барысында кәдімгі оқушы дәптерін пайдалануға рұқ­сат етіледі», – дейді Марина Сейдуа­лықызы. Сондай-ақ бас маман биыл бұл мәселе Жетісай, Ордабасы ауданында ғана кезігіп отырғанын жеткізді. Осылайша, Ордабасы ауданы оқушы­ларының күйін жетісайлықтар да кешіп отырғанын білдік. Әзірге екі ауданның ата-аналарына сабыр сақтап, басқа түс­кен­ге көнуден басқа амалдары  жоқ. Ал өз­дері басшылық жасайтын осынау екі ауданның білім бөлімі басшыларына ба­лалардың білімінен гөрі өзге жайт маңызды шығар, кім білсін?!   Әсіресе, Ордабасы ау­да­нын­дағы білім бөлімі басшысын бейәдеп орын­басардың мәселесі мазалап жүрсе керек. Әйтпесе, ордабасылық оқушы­лар­дың көр­ші өңірлердегі балалардан қай жері кем?

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы