Бүгінде банкте қарызы жоқ қазақстандықтарды кездестіру қиын. Биыл несие алғандар саны алдыңғы жылдарға қарағанда анағұрлым артып отыр. Бірақ бұл қарызға ақша беретін ұйымдардың жомарттығын білдірмейді. Керісінше, банк несиесінің бағасы жоғарылап, пайыздық мөлшерлемелері жылдан-жылға өсіп келеді.
Қаржы сарапшылары соңғы жылдары ертеңін ойламайтын, «бүгінмен өмір сүру керек» деген аффирмацияларды санасына әбден сіңіріп алғандардың көптігіне алаңдаушылық білдіреді. Айтуларынша, астында көлігі бола тұра су жаңасын немесе басында баспанасы болса да, жылжымайтын мүлігін ауыстыруға аңсары ауып тұратындар көп. Несие аларда өзіне не қажет екенін ажырата білмеудің салдары қызығушылыққа, қызығушылық құмарлыққа соқтырады екен. Оның соңы «несиенің құлы» болуға әкеледі. Адамдардың санасын жаулауды білетін банктер қазір баспанадан бастап киер киім, ішер асыңа дейін несие арқылы бөліп төлейтін мүмкіндік қарастырды. Қаржы ұйымдарының мүмкіндігін молынан пайдалануды дұрыс көретіндер жаңа киім алып, жақсы көлік айдау үшін несиеге жүгінеді. Банктер қарыз алушылардың қатарын көбейту үшін түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырып, адамдарды қарыздың астына қалдырады. Сол үшін қаржы бойынша сарапшы маман Меруерт Асылхан несие аларда қажетті немесе қажетсіз дүниенің аражігін ажыратып алуға кеңес береді. «Қажетті несие – қарызға алған заттан пайда көру. Яғни, кредитке алған қаражаттың қайтарымын беруге мүмкіндік беретін іске жұмсауды ойлау қажет. Егер табыс көзі көтерілетін болса, онда несиені инвестиция ретінде алуға болады. Қажетсіз несие – табыс көзіне жатпайтын қарыз. Қызығушылық үшін жаңа телефон, көлік алу, той жасау. Бұл несиені төлеуге ешқандай табыс әкелмейді», – дейді қаржы маманы. Несие аларда дұрыс шешім қабылдамаудың салдарынан сан соғып, қара тізімге ілініп кету әбден мүмкін. Қара тізімге ілінген соң қажет кезде банк қарызға ақша рәсімдемейді.Әдемі сөзге алданып қалмаңыз!
Сонымен бірге қаржы сарапшысы несие мерзімі қысқа болған сайын қосымша ақы аз шығатынын айтады. «Несиені үш айға банк қосымшасыз бере алады. Ал егер осы тауарды 6 айдан 32 айға созып алатын болса, оның үстінен төлейтін қосымша ақы соншалықты көбірек шығады. «Қосымша еш нәрсе төлемейсіз», «Без процентов», «Тек қана рассрочка» дегенге сенуге болмайды. Бұл банктердің адамдарды несие алуға үгіттейтін сүйікті әдісі. Банк несие алушылардың қаржылық сауатының төмендігін осы тұста тиімді пайдаланады. Көп адамдар ұзын сонар келісімшартты оқып тұрмайды. Шын мәнінде, банктердің келісімшартында «рассрочка» дегенге мазмұндама бермейді. Сондықтан қол қоймас бұрын өзін күмәндандырған сауалдар бойынша жауапты толыққанды алып алғаны дұрыс»,– дейді Меруерт Асылхан. Қадағалау органдарының қызметкерлері кез келген шартқа, оның ішінде банктік қарыз шартына қол қоя отырып, тұтынушы оның барлық талаптарымен бірден келісетінін аксиома ретінде қабылдау қажеттігін алға тартады. Шартты түсінбеудің соңы міндеттемелерді орындауда күтпеген қиындықтарға әкелуі әбден мүмкін. Мәселен, соңғы екі жылда қаржы реттеушілеріне келіп түскен өтініштердің жартысынан көбі банк секторына тиесілі. Оның ішінде көбі келісімшарттағы міндеттемелерді түсінбеуден туындаған. Осы орайда несие алмас бұрын келісімшарт пен банк жадынамаларына мұқият көз жүгіртіп алған жөн. Өйткені қазір барлық банктер үшін бірдей титулдық парақтың банктік қарыз шартына қосымшаны көздейтін норма енгізілді. Жадынамада қарыз алушыға оларды басқа банктердің ұқсас ұсыныстарымен салыстыруға мүмкіндік бере отырып, қарыз шарттары туралы, сондай-ақ қарыз алушының жауапкершілігі туралы толық ақпарат қамтылуы тиіс. Ол жерде қарыз сомасы мен валютасы, қарыз мерзімі, төлемдер саны, сыйақы мөлшерлемесі, жылдық пайыз, қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар, төлемдердің атауы мен мөлшері, өтелуге тиіс жалпы сома, сыйақының жиынтық сомасы секілді бірқатар мағлұмат әр банкте қарыз алушыларға жадынама түрінде ұсынылу керек. Сондай-ақ мерзімі өткен кредитке енді пайыздар есептелмейді. Биыл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банктерге барлық ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелердің мерзімі 180 күн өткен соң сыйақы, айыпақы комиссиялар мен өзге де төлемдер төлеуді талап етуге тыйым салу түрінде борыштық жүктеменің өсуін шектеу бойынша жаңа шаралар енгізілді.Берешек үшін бұғудың қажеті жоқ
Банк жүйесі бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев қарыз алушыларға құқықтық тұрғыда біраз кеңес береді. Заң бойынша банктер мен қаржы ұйымдары кредит беретін кезде сыйақы мөлшері 56 пайыздан аспауы тиіс. Банктер несиені осы пайыздан асырып берсе, банктің үстінен шағым жасауға болады. Бұдан бөлек, қарыз шартында кредиттің 50 АЕК-тен аспайтын негізгі сомасы көрсетілуге тиіс. Бұл ретте мөлшерлеме 20%-дан аспауы керек. Айыппұлдар қарастырылған, бірақ олар шексіз есептелмейді. Ең көбі 90 күнге дейін. Осы үш айдан кейін кешіктіруді есептеу тоқтатылады. Содан кейін банк қарызды сотқа дейінгі тәртіпте немесе сотта өндіріп алуды өзі шешеді. «Бізде қарызды кешіктіріп алса, банк қызметкерлерінің қоңырауына жауап бермей қашады. Бұл дұрыс емес. Заң бойынша адамдардың банкте берешегі пайда болса жазбаша арызбен банкке жүгініп, берешектің пайда болу себебін көрсету керек. Сондай-ақ қарыз алушылар сыйақы мөлшерін төмендету, долларлық кредит алса қазақстандық валютаға ауыстыру туралы сұрауға құқылы. Банк 14 күнде арызды қарайды. Ұсыныстан бас тартуы да мүмкін. Бірақ қарызды қайтаруды кешеуілдету туралы арыз бергеніңізді сот ескереді. Іс сот тәртібінде қаралса, материалдық жағдайды есепке ала отырып, қарыз сомасын төмендетуі мүмкін», – дейді тәуелсіз сарапшы. Қаржы ұйымдарының қитұрқылығы көп кездеседі. 2019 жылы «Хоум Кредит Банк» қызметкерлері қарыз алушылардан толық төлемді талап ете отырып, мерзімінен бұрын несиесін өтеуге мүмкіндік бермеген. Сол арқылы рәсімделген кредиттің бүкіл мерзімі үшін сыйақы төлетіпті. Нұржан Бияқаевтың айтуынша, банктің бұл әрекетін биыл ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңсыз деп танып, банкке айыппұл салынды. Ал қарыз алушылар қосымша төлеуге тура келген ақшаны қайтаруға мүмкіндік алды. Бұл бірде-бір банк несиені өтеудің өзіндік шарттарын белгілей алмайтынын көрсетеді.Таңдауда қателеспеген абзал
Күтпеген жерден табысыңыздан айырылып қалуға көз жеткізген болсаңыз, несиені мерзімінен бұрын өтеудің тиімділін де ескерген жөн. Қаржыгерлердің пайымынша, бұл банкке пайызды артық төлемеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы мамандары несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеудің екі жолын атады: төлем мөлшерін азайту немесе несие мерзімін қысқарту. Сарапшының айтуынша, екінші нұсқа тиімдірек, яғни қаржыны 15-20 пайызға үнемдеуге болады. Алайда бұл жол бәріне ыңғайлы бола бермейді. Егер ай сайынғы төлем мөлшері салмақ түсірсе, оны азайту дұрыс болады. Ал егер несиені ертерек жабуға немесе өзге мүліктерге құюға болатындай таңдау болса, несиені жауып тастау тиімді.Төрт айдағы таза пайда
Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, банктердің кредиттік белсенділігі өсімін жалғастыруда. Мәселен, 2021 жылғы сәуірде жаңадан берілген кредиттер көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 5,4%-ға өсіп, 1 702,9 млрд теңгені құраған. Ал сәуірдегі банктердің кредит беруінің жалпы көлемі 2,1%-ға өсіп, 15 102,1 млрд теңгені құрады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банк секторында 25 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік банктер. Олардың ішінде қызмет көрсететін 12-і – еншілес банк. Осы банктердің алдыңғы төрт айдағы таза пайдасы өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 52,7%-ға ұлғайып, 401,1 млрд теңгеге өскен. Ал қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 14 трлн теңгеден астам қарыз. Негізгі борыш немесе есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешек 1 077,1 млрд теңгені құрап отыр.Банктердің бассыздығы
Бас прокуратура банктердің азаматтардан несиелер мен қарыздар бойынша артық ақша қаражатын ұстап қалу фактілерін анықтады. Еңбек кодексі және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы бойынша, тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50%-ынан астамын өндіріп алуға тыйым салынған. Алайда банктер азаматтардың шоттарындағы ақшалай қаражаттарды бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған. Қарыз алушылардың тарихы несие бюросында сақталады. Кез келген шартқа қол қойғанда несие алушылар осыған келісімін береді. Дәл осы несие тарихыңыз дұрыс болмаса, ертеңгі күні ипотекаға үй аларда алдыңыздан шығуы мүмкін. Банктің қара тізіміне несиенің мерзімдік төлемін өткізіп алсаңыз да еніп кетуі әбден мүмкін. Оның соңы да болашақта кредит рәсімдеуге кері әсер етеді. Сол үшін несиеге көлік мініп, жаңа көйлек киерде жеті рет өлшеп, бір рет кескеннің айыбы болмайды. Ең дұрысы, қаржылық сауатты толықтырып, қажетті несиені айқындауды үйрену керек секілді.Жадыра МҮСІЛІМ