Несие алуға асықпаңыз
Несие алуға асықпаңыз
574
оқылды

Бүгінде банкте қарызы жоқ қазақстандықтарды кездес­тіру қиын. Биыл несие алған­дар саны алдыңғы жылдарға қарағанда анағұрлым артып отыр. Бірақ бұл қарызға ақша беретін ұйымдардың жомарт­ты­ғын білдірмейді. Керісінше, банк несиесінің бағасы жоға­рылап, пайыздық мөлшерле­мелері жылдан-жылға өсіп келеді.

Қаржы сарапшылары соңғы жылдары ертеңін ойламайтын, «бүгінмен өмір сүру керек» деген аф­фирмацияларды санасына әбден сіңіріп алғандардың көптігіне алаң­даушылық білдіреді. Айтула­рынша, астында көлігі бола тұра су жаңасын немесе басында баспана­сы болса да, жылжымайтын мүлігін ауыстыруға аңсары ауып тұратын­дар көп. Несие аларда өзіне не қа­жет екенін ажырата білмеудің салдары қызығушылыққа, қызығу­шылық құмарлыққа соқтырады екен. Оның соңы «несиенің құлы» болуға әкеледі. Адамдардың сана­сын жаулауды білетін банктер қазір баспанадан бастап  киер киім, ішер асыңа дейін несие арқылы бөліп төлейтін мүмкіндік қарастырды. Қаржы ұйымдарының мүмкіндігін молынан пайдалануды дұрыс көретіндер жаңа киім алып, жақсы көлік айдау үшін несиеге жүгінеді. Банктер қарыз алушылардың қатарын көбейту үшін түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырып, адам­дарды қарыздың астына қалдыра­ды. Сол үшін қаржы бойынша сарапшы маман Меруерт Асылхан несие аларда қажетті немесе қажет­сіз дүниенің аражігін ажыратып алу­ға кеңес береді. «Қажетті несие – қарызға алған заттан пайда көру. Яғни, кредитке алған қаражаттың қайтарымын беруге мүмкіндік беретін іске жұмсауды ойлау қажет. Егер табыс көзі көтерілетін болса, онда несиені инвестиция ретінде алуға болады. Қажетсіз несие – табыс көзіне жатпайтын қарыз. Қызығушылық үшін жаңа телефон, көлік алу, той жасау. Бұл несиені төлеуге ешқандай табыс әкелмей­ді», – дейді қаржы маманы. Несие аларда дұрыс шешім қабылдамау­дың салдарынан сан соғып, қара тізімге ілініп кету әбден мүмкін. Қара тізімге ілінген соң қажет кезде банк қарызға ақша рәсімдемейді.

Әдемі сөзге алданып қалмаңыз!

Сонымен бірге қаржы сарап­шысы несие мерзімі қысқа болған сайын қосымша ақы аз шығатынын айтады. «Несиені үш айға банк қосымшасыз бере алады. Ал егер осы тауарды 6 айдан 32 айға созып алатын болса, оның үстінен тө­лейтін қосымша ақы  соншалықты көбірек шығады. «Қосымша еш нәр­се төлемейсіз», «Без процен­тов», «Тек қана рассрочка» дегенге сенуге болмайды. Бұл банктердің адамдарды несие алуға үгіттейтін сүйікті әдісі. Банк несие алушы­лардың қаржылық сауатының төмендігін осы тұста тиімді пай­даланады. Көп адамдар ұзын сонар келісімшартты оқып тұрмайды. Шын мәнінде, банктердің келісім­шартында «рассрочка» дегенге мазмұндама бермейді. Сондықтан қол қоймас бұрын өзін күмәндан­дырған сауалдар бойынша жауапты толыққанды алып алғаны дұрыс»,– дейді Меруерт Асылхан. Қадағалау органдарының қыз­меткерлері кез келген шартқа, оның ішінде банктік қарыз шар­тына қол қоя отырып, тұтынушы оның барлық талаптарымен бірден келісетінін аксиома ретінде қабыл­дау қажеттігін алға тартады. Шарт­ты түсінбеудің соңы міндеттеме­лерді орындауда күтпе­ген қиын­дық­тарға әкелуі әбден мүм­кін. Мәселен, соңғы екі жылда қар­жы рет­теушілеріне келіп түскен өті­ніш­тердің жартысынан көбі банк секторына тиесілі. Оның ішін­­де көбі келісімшарттағы мін­детте­мелерді түсінбеуден туын­даған. Осы орайда несие алмас бұрын келісімшарт пен банк жадына­ма­ларына мұқият көз жүгіртіп алған жөн. Өйткені  қазір барлық банктер үшін бірдей титулдық парақтың банктік қарыз шартына қосым­шаны көздейтін норма енгізілді. Жадынамада қарыз алушыға олар­ды басқа банктердің ұқсас ұсы­ныстарымен салыстыруға мүм­кіндік бере отырып, қарыз шарт­тары туралы, сондай-ақ қарыз алушының жауапкершілігі туралы толық ақпарат қамтылуы тиіс. Ол жерде қарыз сомасы мен валютасы, қарыз мерзімі, төлемдер саны, сыйақы мөлшерлемесі, жылдық пайыз, қызмет көрсетуге байла­нысты комиссиялар, төлемдердің атауы мен мөлшері, өтелуге тиіс жалпы сома, сыйақының жиынтық сомасы секілді бірқатар мағлұмат әр банкте қарыз алушыларға жа­дынама түрінде ұсынылу керек. Сондай-ақ мерзімі өткен кредитке енді пайыздар есептелмейді. Биыл қаржылық қызметтерді тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау мақ­са­тында банктерге барлық ипоте­калық қарыздар бойынша мін­деттемелердің мерзімі 180 күн өт­кен соң сыйақы, айыпақы комис­сия­лар мен өзге де төлемдер төлеуді талап етуге тыйым салу түрінде бо­рыштық жүктеменің өсуін шек­теу бойынша жаңа шаралар ен­гі­зілді.

Берешек үшін бұғудың қажеті жоқ

Банк жүйесі бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев қарыз алушыларға құқықтық тұрғыда біраз кеңес береді. Заң бойынша банктер мен қаржы ұйымдары кре­дит беретін кезде сыйақы мөлшері 56 пайыздан аспауы тиіс. Банктер несиені осы пайыздан асырып бер­се, банктің үстінен шағым жасауға болады. Бұдан бөлек, қарыз шар­тында кредиттің 50 АЕК-тен ас­пайтын негізгі сомасы көрсетілуге тиіс. Бұл ретте мөлшерлеме 20%-дан аспауы керек. Айыппұлдар қарастырылған, бірақ олар шексіз есептелмейді. Ең көбі 90 күнге дейін. Осы үш айдан кейін кешік­тіруді есептеу тоқтатылады. Содан кейін банк қарызды сотқа дейінгі тәртіпте немесе сотта өндіріп алу­ды өзі шешеді. «Бізде қарызды ке­шіктіріп алса, банк қызметкер­лерінің қоңырауына жауап бермей қашады. Бұл дұрыс емес. Заң бойынша адамдардың банкте бе­решегі пайда болса жазбаша арыз­бен банкке жүгініп, берешектің пайда болу себебін көрсету керек. Сондай-ақ қарыз алушылар сыйа­қы мөлшерін төмендету, дол­ларлық кредит алса қазақстандық валютаға ауыстыру туралы сұрауға құқылы. Банк 14 күнде арызды қарайды. Ұсыныстан бас тартуы да мүмкін. Бірақ қарызды қайтаруды кешеуіл­дету туралы арыз бергеніңізді сот ескереді. Іс сот тәртібінде қаралса, материалдық жағдайды есепке ала отырып, қарыз сомасын төмендетуі мүмкін», – дейді тәуелсіз сарапшы. Қаржы ұйымдарының қитұр­қылығы көп кездеседі. 2019 жылы «Хоум Кредит Банк» қызметкерлері қарыз алушылардан толық төлемді талап ете отырып, мерзімінен бұ­рын несиесін өтеуге мүмкіндік бермеген. Сол арқылы рәсімделген кредиттің бүкіл мерзімі үшін сыйа­қы төлетіпті. Нұржан Бияқаев­тың айтуынша, банктің бұл әрекетін биыл ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңсыз деп танып, банкке айыппұл салынды. Ал қарыз алушылар қосымша төлеуге тура келген ақшаны қай­таруға мүмкіндік алды. Бұл бірде-бір банк несиені өтеудің өзіндік шарттарын белгілей алмайтынын көрсетеді.

Таңдауда қателеспеген абзал

Күтпеген жерден табысыңыздан айырылып қалуға көз жеткізген болсаңыз, несиені мерзімінен бұ­рын өтеудің тиімділін де ескерген жөн. Қаржыгерлердің пайымынша, бұл банкке пайызды артық төле­меуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы мамандары несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеудің екі жо­лын атады: төлем мөлшерін азайту немесе несие мерзімін қысқарту. Сарапшының айтуынша, екінші нұсқа тиімдірек, яғни қаржыны 15-20 пайызға үнемдеуге болады. Алайда бұл жол бәріне ыңғайлы бола бермейді. Егер ай сайынғы төлем мөлшері салмақ түсірсе, оны азайту дұрыс болады. Ал егер не­сиені ертерек жабуға немесе өзге мүліктерге құюға болатындай таң­дау болса, несиені жауып тастау тиімді.

Төрт айдағы таза пайда

Ұлттық экономика министрлі­гінің дерегі бойынша, банктердің кредиттік белсенділігі өсімін жал­ғастыруда. Мәселен, 2021 жылғы сәуірде жаңадан берілген кредиттер көлемі алдыңғы аймен салыс­тырғанда 5,4%-ға өсіп, 1 702,9 млрд теңгені құраған. Ал сәуірдегі банк­тердің кредит беруінің жалпы көлемі 2,1%-ға өсіп, 15 102,1 млрд теңгені құрады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банк секторында 25 екінші дең­гейдегі банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік банктер. Олардың ішінде қызмет көрсететін 12-і – ен­шілес банк. Осы банктердің алдың­ғы төрт айдағы таза пайдасы өткен жылғы осындай кезеңмен салыс­тыр­ғанда 52,7%-ға ұлғайып, 401,1 млрд теңгеге өскен. Ал қазақстан­дықтар екінші деңгейлі банктерге 14 трлн теңгеден астам қарыз. Не­гізгі борыш немесе есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешек 1 077,1 млрд теңгені құрап отыр.

Банктердің бассыздығы

Бас прокуратура банктердің азаматтардан несиелер мен қарыз­дар бойынша артық ақша қара­жатын ұстап қалу фактілерін анық­тады. Еңбек кодексі және «Қазақ­стан Республикасында зейнетақы­мен қамсыздандыру туралы» заңы бойынша, тиесілі жалақы мен зей­нетақы сомасының 50%-ынан астамын өндіріп алуға тыйым са­лынған. Алайда банктер азамат­тар­дың шоттарындағы ақшалай қаражаттарды бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған. Қарыз алушылардың тарихы несие бюросында сақталады. Кез келген шартқа қол қойғанда несие алушылар осыған келісімін береді. Дәл осы несие тарихыңыз дұрыс болмаса, ертеңгі күні ипотекаға үй аларда алдыңыздан шығуы мүмкін. Банктің қара тізіміне несиенің мерзімдік төлемін өткізіп алсаңыз да еніп кетуі әбден мүмкін. Оның соңы да болашақта кредит рә­сім­деуге кері әсер етеді. Сол үшін не­сиеге көлік мініп, жаңа көйлек киер­де жеті рет өлшеп, бір рет кес­кеннің айыбы болмайды. Ең дұ­рысы, қаржылық сауатты толық­тырып, қажетті несиені айқын­дауды үйрену керек секілді.

Жадыра МҮСІЛІМ