Әрбір төртінші түлек мамандықты ата-ана қалауымен таңдайды
Әрбір төртінші түлек мамандықты ата-ана қалауымен таңдайды
Architect with flag on background - Kazakhstan
745
оқылды
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, жыл сайын орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмыспен қамтылмай қалады. Жұмысқа орналасқан түлектердің 40,1%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал жоғары білімі бар жас жұмыссыздардың 23%-ы біліктілікті қажет етпейтін жұмысқа орналасқан. Осы орайда, "ЕРДО" АҚ директоры Александра Молчановская бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтарды атады, деп хабарлайды Informburo.kz.
"Осы күнге дейін кадр даярлау орталықтары мен сұранысқа ие мамандықтар нарығымен арада тығыз байланыс болуы керегі туралы сан рет айтылды. Жақсы маман болудың бір кілті – өмір бойы білім алуға құштар болу. Сондай-ақ, мамандық таңдар кезде мұқият болу қажет. Өйткені, дәл қазір елдегі әрбір төртінші оқушы мамандықты ата-анасының қалауына сәйкес таңдайды. Ал ата-аналар еңбек нарығындағы тенденцияны біле бермейді. Олар баласына заңгер, экономист деген мамандықты таңдап беріп, кейін тұрақты жұмыста отырғанын қалайды. Екінші жағынан, осы екі маман иелері жоғары жалақы алады деп ойлайды. Осының әсерінен бізде гуманитарлық саланы таңдайтындар саны өте көп. Жыл сайын нақты ғылымдарға бөлінетін грант саны артса да, жастар оған барғысы келмейді", – деп түсіндірді Александра Молчановская.
Осы орайда, маман Германия сияқты шетелдерде баланы өзіне сай мамандық таңдауға балабақшадан бастап баулитынын мысалға алды. Мұнымен қатар, ол алдағы 5 жылда қызметкерлерден талап етілетін негізгі қабілеттердің 40%-ы өзгеретініне тоқталды.
"Дәл қазір бізге аса қажет бес мамандық бар. Яғни, елде оларға сұраныс артып отыр. Бұл – инженер, өнеркәсіптік және азаматтық нысандар құрылысы технигі, механик, техник, учаске шебері", – деп қосты орталық директоры Александра Молчановская.
Орталық зерттеуіне сәйкес, 2020 жылы ЖОО түлектерінің 72%-ы жəне колледж түлектерінің 50%-ы гуманитарлық жəне əлеуметтік ғылымдар, медицина, білім беру, өнер, экономика жəне қызмет саласындағы мамандықтар бойынша білім алып шыққан. Нəтижесінде азаматтар өз қалауынан тыс таңдаған мамандықтар бойынша жұмыс істей алмай, алған игерген дағдысы мен білімі уақыт өте келе ескірген. Бұдан өзге, елдегі әрбір екінші азаматтың қайта мамандануына тура келеді.