Үйді заңсыз иемденген
Үйді заңсыз иемденген
184
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тиесілі баспана басқа біреулерге берілген. Мұны қалалық тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шылығы бөлімінде аудит жүргізген тексеру комиссиясы анықтаған.

Жалпы сомасы 3 миллиард теңге қаржылық заң бұзу дерегі әшкереленді. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді негізсіз берудің 9 фактісі анықталып, тұрғын үй заңнамасының жүйелі түрде бұзылғаны да мәлім болды. Екі пәтерді аталған бөлімнің қызметкерлері жалдап тұрған екен. Енді заңсыздыққа жол берген бөлім басшысына айыппұл салынып жатыр. – Жүргізілген мемлекеттік аудит бойынша материалдар Петропавл қаласының әкімдігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және прокуратураға жіберілді. Жалға берілген 4 пәтер бухгалтерлік есепте тұрмаған. Ал жалпы аумағы 170 шаршы метр болатын баспана тіпті жекенің қолына өткен, – деді аудит комиссиясының мүшесі Марат Ебжанов.

Мадияр ТӨЛЕУ