Пермь: студент неге оқ атты?
Пермь: студент неге оқ атты?
234
оқылды

20 қыркүйек күні Ресейдегі Пермь университетінде атыс болды.  Атысты сол университеттің студенті ұйымдастырған. Ақпарат құралдарының мәліметінше, күдікті оқиғаны алдын ала жоспарлаған. Әрі әлеуметтік желіде жоспарын бүге-шігесіне дейін жазған. «Бұл атысты жаса­маған күннің өзінде біреуді өлтірер едім» дегені бар. Аталған оқиға оқу орындарындағы қауіп­сіздікті күшейту керегін меңзейтіні сөзсіз. Ал студенттердің психологиялық жағдайы туралы не деуге болады?

8 адам қаза тапты

Ресей тергеу комитеті болған оқиға туралы зерттеуін жалғас­тырып жатыр. Белгілісі, 8 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алған. Қазір қаза тапқандар мен зардап шек­кендер туралы нақты деректер анық­талып жатыр. Сондай-ақ комитет күдіктінің жеке басы ту­ралы мәліметті анықтаған. Ол қа­мауға алу кезінде полицейлерге қарсылық көрсеткен. «Адам өл­тіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.  Кейбір ақпарат көз­дері оқиға орнында 28 адам жаралан­ғанын жазады. Иә, 21 қыркүйек күні Ресейде «қаралы күн» деп жарияланды. Оқиға болған күні Пермьде сағат 15.15-те қаза тапқандарды еске алуға үнсіздік жарияланды. Оқу­шылар мен студенттер сабақтан босатылып, мүмкіндігі барлар қан тапсыруға ауруханаға ағылды. Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетіне тергеп-тексеру ұйымдары мен тергеуші-кримина­листер жиналған. Олар күдіктінің неліктен мұндай қылмысқа бар­ғанын, не түрткі болғанын ба­рынша зерттеп көрмек. Сонымен, 59.RU басылымы күдіктінің аты Тимур Бекмансуров екенін жариялаған. Ол ВКонтакте желісінде оқиғаны қалай жоспар­лағанын, қару сатып алу үшін ақ­ша жинағанын тәптіштеп жазған. Психологтен, нарко-диспан­серден қалай анықтама алғанын да қосқан. Айта кетерлігі, атыс ұйымдастыру туралы ой баяғыдан мазалағанын, айналасында­ғы­ларды жек көріп кеткенін ашық көрсеткен. Аталған оқиғаны тұс­палдап, жанында жүргендерге белгі бергені де кейіннен белгілі болған. Бірақ оның сөзіне ешкім назар аудармаған. Мәселен, ВКонтакте желісіндегі «Подслу­шано ПГНИУ» группасында күдіктінің курстасы 23 ақпан күні оған оқытушы «3» қойғанын, сон­да ол «бір күні қару сатып аламын да, бәріңді атып тастаймын»  деп айтқан екен.

«Бәрібір бірін өлтірер едім»

Аталған сайт жариялаған «кү­діктінің әлеуметтік желідегі жаз­басына» назар аударсақ, ол алға­шында өзі оқыған мектепте атыс ұйымдастырмақ болған. Кейіннен оқиға орны етіп биыл түскен оқу орнын таңдап алған. Жазбасын атыстың теракт емесін, өзінің экстремистік топ мүшесі немесе билікке қарсы болмағанын айтып бастаған. Жазбада көрсетілгендей, қару сатып алуға 10-сыныптан бас­тап ақша жинаған. «Маған ойым­ды қалай жүзеге асыратыным маңызды емес еді. Қарумен немесе машина болмаса бомба, пышақ­пен» деп жазған. Ол ұйымдастыру кезеңінің мән-жайын жаза оты­рып, наурыз айынан бастап қаруға лицензия алу үшін анықтама жинағанын, түрлі психологиялық тестен өткенін көрсеткен. Сәуір айында лицензияға қолы жеткесін, сейф сатып алған. «Мені тоқтату мүмкін емес еді. Кез келген психиатр-дәрігерді оп-оңай алдап кететінмін. Ашу қыс­қаны соншалық, жолымда кездес­кеннің бәрін басып-жаншуға бар­мын. Осы жылдар ішінде айна­ламдағы адамдарға шыдап келдім. Жақында бәрінің аяқталатыны қандай жақсы. Өмірімнің соңғы 10 минутын болса да еті тірі адам ретінде өткіземін. Адамдармен араласу қиын. Эмоциялары түсі­ніксіз. Олар қорыққанда ғана шы­найы эмоциясы білінеді. Бәрін бұлай жалғастыра алмайтынымды түсіндім. Мұны қазір жасамасам, болашақта бәрібір біреуді өлтірер едім», – деп жазған ол. Кейінірек анықталғандай, кү­діктінің ата-анасы ажырасып кеткен. Әкесі Самарада, күдікті анасымен Пермьде тұрады. Күдік­тінің әкесі Марат Бекмансуров БАҚ-қа берген сұхбатында бала­сы­ның бос уақытында немен ай­налысатынын білмейтінін айтқан. «Қанша әңгімеге тартайын десем де, үнемі компьютерде отыратын. «Неге қыдырмайсың?» деп сұра­ғанымда мұны қаламайтынын, компьютерде жұмысын жалғас­тыратынын айтатын», – дейді ол. Оның сөзінше, жағдайды естігенде анасы да төбесінен жай түскендей күйде болған. Байқағаныңыздай, күдікті атыс жоспарын әуелден пысықтап, ег­жей-тегжейін болжаған. Оқиға ор­нын алдын ала барлап, қай ау­мақ­та тұрғандарға бірінші оқ жау­дыратынына дейін жоспар­лаған. Бірақ оның жазбасына қарағанда, психологиялық күйін, ішкі тол­ға­нысын ешкім бағамдап көрмеген. Күдіктінің мұндай әре­кетке не үшін барғаны толығымен белгісіз.

Білім ордаларында қауіпсіздік күшейе ме?

Пермь университетіндегі оқи­ғадан соң Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов бірден пікір білдірді. Ол көрші елдегі жағ­дай білім ордаларындағы қауіп­сіздікті күшейтудің маңызды екенін көрсеткенін айтып өткен. Осыған қатысты нормативтік-құқықтық актіні талқылау кезінде 2000-нан астам сұрақ пен ұсыныс түскен екен. Министрдің жаз­басы­на қарағанда, ұсыныстар қара­лып жатыр. Қауіпсіздік мә­селесін шешу үшін әкімдіктер қосымша қаражат қарастырады. Енді бей­небақылау камерасын, күзет сиг­нализациясы мен дабыл батыр­масын орнату, жедел бас­қару орталығына бейнека­ме­ра­ларды қосу және қауіпсіздік жү­йесінің басқа да элементтері іске қосылады. «Бұл тапсырмалар – жабдық­тарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуға қамтамасыз ету ЖОО кіру режимін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабыл­данатын іс-қимылдар бойынша сабақ өткізу. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезінде іс-қимыл алгоритмін білу қажет», – деген еді министр. Демек, әкімдік тарапынан б­і­лім беру ұйымдарындағы қауіп­сіздік шараларын күшейтуге қар­жы бөлініп, білім ордаларында дайындық жұмысы жүреді. Бұдан бұрын, мамыр айында Қазан қаласында мектепте атыс болып, 11 адам қаза тапқан-ды. АҚШ-та да мұндай оқиғалар бір­неше рет тіркелген. Күдіктілердің жазбаларына, түсініктемелеріне мән берсеңіз, өмірден соншалықты жиіркеніп кеткенін байқайсыз. Осы ретте еліміздегі психолог­тердің бірнешеуінен оқиға туралы ойын, күдіктінің психологиялық бейнесін сипаттап беруді сұра­ғанбыз. Алайда олар іссапарды, өткізетін курстарын сылтауратып жауап бермеді. Дегенмен мектепте бала психологиясын жан-жақты зерттемейтінін айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ белгілі психо­ана­литик Анна Құдиярованың елі­міздегі психологтерді білікті­лікті арттыру курстарынан өткізу кере­гін бірнеше мәрте айтқаны бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ