Алматыда атыс: 5 адамды атып тастаған күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады
Алматыда атыс: 5 адамды атып тастаған күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады
© azattyq-ruhy.kz
380
оқылды
Алматыда атыс шығарған күдіктінің әйелі Анаида Демирчян журналистердің алдына шығып, үндеу жасады. Банктің алдап соққанын, жылжымайтын мүлкін оның иелеріне ескертпестен болмашы ақшаға сатып жібергенін айтқан Анаида Демирчян Президенттен көмек сұрады, – деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Адамдар зардап шекті. Күйеуім, отбасым зардап шекті. Енді не боларын білмеймін. Біздің президентке миллион рет үндеу жасағанымызды бәрі білсін. Қазір де үндеу жасаймын. Құрметті, Президент мырза! Сіз Конституция кепілісіз, менің кәмелетке толмаған балаларымды қорғаңыз. Кішкентай баламның жүрегі ауырады, кеше ұстамасы ұстап қалды. Ал сот орындаушысына бәрібір, ол жедел жәрдем де шақырмады. Біздің қызметкерлердің жемқорлық пен заңсыз әрекеттері туралы мемлекет те, Президент, сіз де жақсы білесіз», – дейді Анаида Демирчян.
Ашық дереккөздерде оқ жаудырған тұрғынның аты-жөні Игорь Дужнов екені айтылған. Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды. Бұған дейін Алматыда 5 адам көз жұмған оқиғаға қатысты полиция түсініктеме бергенін хабарлаған болатынбыз.