«Қазіргі әлемдегі қоғамның мәдени-тарихи мұрасын сақтаудағы кітапхананың рөлі» халықаралық конференциясы өтті
«Қазіргі әлемдегі қоғамның мәдени-тарихи мұрасын сақтаудағы кітапхананың рөлі» халықаралық конференциясы өтті
627
оқылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Қазіргі әлемдегі қоғамның мәдени-тарихи мұрасын сақтаудағы кітапхананың рөлі» халықаралық конференциясы өтті. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, президенттік, ұлттық және басқа да ірі кітапханалардың директорлары мен сала мамандарының басын қосқан іс-шарада бүгінгі қоғамның тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы кітапханалардың рөлі, патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеудегі гуманистік миссиясы ортаға салынды, цифрландыру дәуіріндегі кітапхананы дамыту мәселелері қозғалып, жаңа жаһандық міндеттер қойылды. Қатысушылар сондай-ақ ақпараттық қызметтің тиімді формаларын қолданудың тәжірибесімен алмасты.
 – Кітапханалар ұлттың ақпараттық ресурсы болса, мәдени мұраны сақтау – мемлекеттің басым міндеті екенін Елбасы үнемі айтып отырады. Пайда болған сәтінен бастап кітапханалардың түп міндеті – білімді жинақтау, сақтау және беру. Бұл миссияның өзектілігі бүгінде күшейіп отыр. Адамзат келер күннен орын алар заңдылықтарды анықтау үшін тарихқа үңілсе, сол тарихты қамтитын баға жетпес ғылыми ақпаратты кітапханалар насихаттайды, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Ол өз қарамағындағы мекеменің қызметіне тоқталды.
– Елбасы кітапханасы тарихи ақпаратты жинақтау мен сақтау тұрғысынан классикалық кітапханаларға жақын. Сонымен қатар ол – Тәуелсіз Қазақстан тарихының ажырамас бөлігіне айналған Елбасының тарихи мұрасын зерттеу мен жүйелеумен айналысатын президенттік орталық, – деді Б.Темірболат. – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өскелең ұрпақтың оқуға құштарлығын арттырудың маңыздылығын нұқсап: «баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет» деген болатын. Бүгінде, әлем жаңа сынақтарды еңсеріп, оның ішінде жаңа вирус пандемиясымен күресіп жатқанда, адамның өзін дамытуға, жетілдіруге бос уақыты бар. Бұл жағдайда кітапхана – ізденуде көмекке келер бірінші құрал. Ғұламалар ойы мен әдебиет маржандарын жинақтаған бай қор адам жанын емдеп, инновациялық, технологиялық мүмкіндіктердің арқасында қашықтан да қолжетімді болып қала бермек, – деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Ү.Мұңалбаева оқыған Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (IFLA) құттықтау хатында былай делінген:
«Кітапханалар кітап пен ақпаратқа адамзаттың қолын жеткізу арқылы жаңа дағдыларды меңгеруге, тарих пен мәдениеттің сан қырын ашуға, зерттеулермен танысуға көмектеседі. Кітап арқылы сананы серпілту – сауаттылықтың жоғары деңгейін ұзаққа сақтау әдісі. Оқу аудиториясы кең, зейіні ұшқыр қауымдастықтар шығармашылыққа жақын, өмірдің көп саласында икемді келсе, кітапханалар –мүддесі бір азаматтардың басын қосатын тамаша орын».
Камарило көпшілік кітапханасы (АҚШ, Калифорния) мен Ванкувер көпшілік кітапханасы (Канада, Ванкувер) да конференция қатысушыларына құттықтау хатын жолдады. Ресей мемлекеттік кітапханасы (Мәскеу) бас директорының сыртқы байланыстар және көрме қызметі жөніндегі орынбасары Наталья Самойленко рухани-мәдени құндылығы мол басылымдарды электронды нұсқаға көшірудің маңыздылығын белгіледі. Франция ұлттық кітапханасы халықаралық байланыстар бөлімінің қызметкері Жеральдин Шатлар мекеме қорында қазақ тілінде жазылған 130-дан астам әдебиеттің сақтаулы тұрғанын айтты.
– Кітапханамыздың мұрасын кеңінен таратуға мүдделіміз. Адамзаттың мәдени мирасын сақтау үшін біз әлем кітапханаларымен жұмыс істейміз. Осы орайда тәжірибеміз бен идеяларымызбен, озық білімімізбен бөлісуге дайынбыз, – деді   Ж. Шатлар.
Б.Н. Ельцин атындағы президенттік кітапхананың (Санкт-Петербург)  ақпараттық ресурстар директоры   Елена  Жабко «Ресейдің мәдени мұрасы: оны сақтау мен кеңінен таратудағы кітапханалардың рөлі» тақырыбында баяндама оқыды. Конференцияға сонымен қатар,  қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Йиржи Шима (Прага), Түркия ұлттық кітапханасы баспасының бас директоры Али Одабаша (Анкара), Эстония ұлттық кітапханасы халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Мари Каннусаар (Таллин), Беларусь Республикасы Жазушылар одағы (Минск) төрағасының орынбасары Елена Стельмах, М.И. Рудомино атындағы шетел әдебиеті кітапханасының (Мәскеу) бас директоры Павел Кузьмин, «Қаржы жаңалықтары» словакиялық интернет-басылымының бас редакторы Владимир Бачишин, Қазақстан Республикасы жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, публицист Садыбек Түгел қатысты. Конференция қорытындысы бойынша баяндамалар жинағы әзірленеді.