Еңбек нарығының өзгерісіне ілесіңіз...
Еңбек нарығының өзгерісіне ілесіңіз...
© коллаж: Елдар Қаба
702
оқылды

Алдағы онжылдықтарда Қа­зақстан­дағы барлық жұмыс ор­нының жартысынан астамы, яғни 52%-ы автоматтанды­рылады. Яғни, жұ­мыс­сыздар армиясы алапат ауқымға жетуі ықтимал. Бұл жайында Еңбек министрлігінің Еңбек ресурс­тарын дамыту орта­лығы әзір­леген ұлттық баянда­мада ай­тыл­ған. Қазірдің өзін­де жұмыс таба алмай, тұрмысы төмен­деген адамдар саны күрт артқан. Қазақстан болашақ­тағы ұлы өзгерістерге дайын ба?

Қандай мамандықтар жойылғалы тұр?

Отандық еңбек нарығына талдау жүр­гіз­ген сарапшылардың байламынша, әлем­де және елімізде жақын арада 239 жаңа ма­ман­дық пайда болуы мүмкін. Олардың ара­сында экотехнолог, «Ақылды үй» жоба­лаушысы, роботтардың инженер-технологі, мұнай-газ саласындағы инженер-тал­даушы, эко­жү­йенің ІТ архитекторы және басқасы бар. Мұның сыртында сұранысқа ие 95 ма­мандыққа ары қарай өзектілігін сақтау үшін өзгеруге тура келмек: бұл мамандық иеле­ріне жаңа техниканы, саладағы жаңа тәуе­келдер мен мүмкіндіктерге жауап беретін жа­ңа дағдыларды игеру қажет болады. Мы­салы, топографтар мен картографтар – сан­дық картографқа, пойыз жүргізушілері – пойыз­дарды қашықтан басқару операто­рына, құ­рылысшылар құрылыстағы адди­тивті өндіріс операторына айналуға мәжбүр болады. Ал 129 мамандық түрі жойылады деп кү­тілуде, оған таңбалаушы-маркалаушылар, бухгалтерлер, құрылыс суретшілері, Call-орталығының операторлары, қойманың есепке алушылары, әкімшілендіру сал­а­сының мамандары, фастфуд әзірлеушілер, даяшылар, айырбастау бекеттерінің қыз­мет­керлері және басқалары кіреді. Жалпы, сарапшылардың мұндай бол­жамдарын былайғы жұрт әзілге балайды, күлкіге айналдырады. Дұрысы, қол қусы­рып қарап отырмаған, қапы қалмаған, соған дайындалған жөн. Мәселен, былтырдан бері отандық банк­тер, сақтандыру компаниялары, тур­операторлар және басқасы өңірлердегі, қа­лалардағы бұрын қаптап өркен жайған фи­лиалдары мен өкілдіктерін жаппай қыс­қартып жатыр, қалғандарының өзін ық­шам­дап, оңтайландырды. Бұған тек пан­демия мен дағдарыс қана әсер еткен жоқ. Бұл – клиенттермен келісімге отыру, өзге де ынтымақтасу процестерінің автомат­тандырылуының нәтижесі. Қазақстан­дық­тар кредит алу, депозит ашу, ақша аудару, коммуналдық және басқа төлемдерді төлеу үшін он жыл бұрынғыдай банктерге барып, менеджерде не кассада сарылып, кезек күтпейтін болды. Бұл үдерістер смартфон және компьютер арқылы жүзеге асырылады. Еңбек саласына арналған тұңғыш ұлт­тық баяндаманы әзірлеуге үлес қосқан сарапшы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев бұл үрдісті енді тоқтату мүмкін емес, тек оған ұлт болып бейімделе білу керек деген пікірде. «Автоматтандыру, цифрландыру қар­қын ала береді, шығармашылықты талап етпейтін барлық монотонды жұмысты қа­зір­ден компьютерге көшіруге болады, жа­санды зерде жақсы дамуда. Бүгінде қа­зақстандықтардың басым көпшілігі банк­терге бармайды. Кассирлерді, банк менед­жерлерін ұялы қосымшалар, терминалдар ауыстырды. Нәтижесінде, банктер қызмет­керлерін қысқартуға мәжбүр, себебі олар­дың еңбек өнімділігі төмен. Біз, тұты­ну­шылар мұны байқамаймыз. Ал жұмыс­сыз­дық тек арта береді», – дейді Ж.Құлекеев. Қазақстанда 2020 жылы уақытша жұмыс істемейтіндер, яғни ақысы төлен­бейтін демалысқа жіберілгендер алдыңғы жылға қарағанда 4 есеге – 129 мыңнан 536 мың адамға дейін күрт ұлғайды. Бұл сан биыл өсіп жатыр. Өйткені вакцина салғыз­бағандар жұмыстан шеттетілді. Сонымен бірге Ashyq жүйесіне қосылмаған кәсіп­орын­дар сол бойы ашыла алмады. Жақсыбек Құлекеевтің пайымдауынша, мемлекетке жұмыс орындарының жаппай жабылуынан гөрі оларды кез келген жол­мен сақтау тиімдірек: «Жұмыспен қамтуды сақтаудың бір тәсілі – дамыған елдер пилот ретінде енгізіп жатқан жоба, яғни жұмыс күндерінің, жұмыс сағаттарының санын азайту. Нақтылай кетсек, егер біз аптадағы жұмыс күндерінің санын бестен төртке кемітсек, онда жұмыспен қамтылғандар саны артады. Кейбір адам қосымша жұмыс істей алады. Сондай-ақ азаматтарға өз отба­сымен көбірек болуға жағдай жасаймыз. Бұл – елдің әл-ауқатын, көңіл күйін арт­тырудың бір шарты», – деді сарапшы.

64 сағатта ІТ аналитикке айналасыз!

Сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстан еңбек саласындағы ұлы бетбұ­рыстарға дайын емес. Неге? Біріншіден, халықтың уақыты мен мүмкіндігі жоқ. Заманауи өркениет адамдардан үздіксіз білім алуды талап етеді: білім-дағдылар 5 жыл сайын ескіріп отырады. Біліктілікті өзекті күйде ұстап тұру үшін апта сайын оқуға (онлайн, оффлайн) бірер сағат бөлген жөн. Алайда Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегінше, Қазақстанда 25-64 жастағы ересек тұрғындардың төрттен бірі – 26%-ы оқудан өтуге жұмыстан қолы тимейтінін айтқан. Тағы 25%-ының қо­сымша білім алуға еш мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, жұртшылықтың жаңа білім алуға құлқы жоқ көрінеді. Ересек тұрғын­дардың біліктілігін халықаралық зерттеу (PIAAC) деректеріне жүгінсек, сұрау салынған Қазақстан тұрғындарының 95%-ы оқуға қатысуға еш ынта-ниеті жоғын білдірген. Үшіншіден, қазақстандық кәсіп­орын­дар қызметкерді оқытуды қысқартып жа­тыр. Кейінгі он жылда өз жұмыскеріне оқу­дан және біліктілікті арттырудан өтуді ұсынатын ірі бизнес нысандарының үлесі 2009 жылғы 51%-дан енді 42%-ға дейін құлдыраған. Ал шағын және орта бизнестен «өз қызметкерлерін оқытады» деп күтудің өзі аңғалдық: әрі кетсе, жаңа келген қызметкерді қалай жұмыс істеуге үйретумен шектелді. Coursera ашық онлайн курстардың жаһандық провайдерінің Жаһандық дағдылар рейтингіне (Global Skills Index 2021) сәйкес, технологиялық компетенция, компьютерлік бағдарламалау, веб-әзірлеме, бағдарламалық инженерия бойынша лидерлер тізіміне бұрынғы «соцлагерь» елдерінен Беларусь, Чехия, Венгрия, Украина және Ресей кірді. Ресей «деректер туралы ғылым саласындағы дағдылар» деңгейі бойынша да көш бастаушы елдер қатарынан табылды. Қазақстан бизнес, технология және деректер туралы ғылымдар дағды­ла­рын меңгеру жөнінен 108 елдің арасында 81-орын алды. Біздің көршіміз Нигерия (80-орын) және дамыған елден үшінші әлем елдеріне дейін құлдыраған Аргентина (82). – Заманауи технологиялардың даму жылдамдығын ескерсек, еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие болу үшін ма­ман­дар жаңа дағдыларды ұдайы әрі мейлінше жылдам игеріп отыруы шарт. Сондықтан өмір бойы оқып-үйрену концепциясы танымал болған. Бұл үрдіс емес, қа­жеттілік. Егер өмірінде бір рет диплом алу­мен шек­теліп, өзін-өзі дамытпаса, он­дай маманға жұмыс берушілерден сұ­раныс болмайды. Жұмыссыз мамандар онсыз да көп. Демек, мансап-карьераны тиімді құру үшін өз бетіңше оқу, өзгерген жағдайға бейімделе алу, сындарлы және аналитикалық ойлай білу, белсенділік секілді қабілет-дағдылар төтенше ма­ңыз­ды, – дейді Ernst&Young Kazakhstan кон­суль­тациялық қызметтер жөніндегі ди­рек­торы Дамир Деминов. Дегенмен жақсы жаңалық бар: тұңғыш ұлттық баяндамада айтылғандай, «болашақ жұмысын» табу және орындау үшін қажетті дағдыларды аз уақытта игеруге болады. Сау­да саласындағы негізгі техникалық дағ­дыларды 38 сағат ішінде игере аласыз. ІТ саласында деректер аналитигі карье­расын бастау үшін 64 сағат оқу мен тәжірибе жеткілікті.

Миллион теңге еңбекақыға жұмысшы таппады

Әзірге қазақстандықтар білімін кеме­ліне келтіріп, жаңа дағды игерудің игілігін байқап отырған жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлім­деуінше, «Қазақстанның еңбек нарығы білімі мен біліктілігі жоғары мамандарды лайықты деңгейде ынталандырып, құрмет­теп отырған жоқ». «Анағұрлым күрделі жұмыс атқаратын жоғары білімді маман мен біліктілігі төмен жұмыскердің еңбекақысы арасындағы айырмашылық аз, кейде жоғары білімділер әлдеқайда аз табады. Мысалы, елімізде дая­шы-официант (251 мың теңге) ба­ла­бақша тәрбиешісі-педагогтен (104 мың теңге) және дәрігерден (218 мың теңге) көбірек табады. Үй қызметшісі (горничная, 163 мың теңге) мейірбикеден (139 мың теңге) жоғары еңбекақы алады», – деп хабарлады ведомство. Биік лауазымға тұрып, үлкен жалақы алу үшін Қазақстанда бірінші кезекте байланыс, тамыр-таныс керек екені құ­пия емес. Соның кесірінен дарынды аза­маттар шет­елге кетіп жатыр. 2015-2020 жыл­дар ара­лы­ғында 194,4 мың қазақ­стан­дық ТМД елде­ріне қоныс аударған. Ара­сында ІТ саласын серпінді өркендетіп жат­қан Ресей, Бе­ларусьті таңдаған ма­ман­дар жетерлік. Елден көшкендердің 87%-ы Ресейдің, 6%-ы – Германияны, 1%-ы – Бе­ларусь, АҚШ, Өзбекстан мен Грекияны таңдаған. Ресми статистика бойынша, Қазақ­станда дәрігер мен көлік жүргізушісінің жалақысы арасындағы айырмашылық орта есеппен небәрі 31% екен. Салыстыру үшін айтсақ, Германияда бұл көрсеткіш – 172%, Бразилияда – 174%, АҚШ-та – 261%. Ал­дыңғы қатарлы елдер осы арқылы азамат­тарын жоғары білікті жұмыскер болуға, барынша күрделі кәсіптерді меңгеруге ынталандырады. Бізде ондай жоқ. Сарапшылар биліктің осы қателігіне назар аудартып отыр. Салда­рынан қазақстандықтар, әсіресе жастар жоғары білім алуға, біліктілікті талап ететін мамандықтарға қызықпайтын болды. Бұл кеселдің жаппай сипат алғаны сонша, ел Президенті оны биылғы Жолдауында атап өтті: «Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайды». Үкімет осыдан нәтиже шыға­рып, салаға қатысты саясатын түзесе, абзал. Елордалық кәсіпкер, пластик терезелер орнатумен және реттеумен айналысатын маман Еркін Олжас жастардың «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге жаман үйреніп алғанын айтады. «Көптеген азамат индрайвермен так­силетіп, жеңіл ақша табуға құмар. Арқа сөмке асынып алып, велосипедпен тамақ тасудан айына 700 мың теңге табыс табуға болады деген аңыз-әңгіме жастардың есіл-дертін жаулап алды. Менің де кәсібім аса табысты, айына 1 миллион теңгеге дейін оңай табамын, жөндеу жұмысы күрделі болса, одан да көп түседі. Бірақ тұрақты серік-көмекші таба алмай жүрмін. Себе­бі ауыр есік-терезелерді көтеріп, тасу керек. Кейде лас жерлерде жұмыс істей­міз, үсті-басың бүлінеді. Ең бастысы, жылдам, сапалы жұмыс істеуге тиіссің. Бі­ліктілік қажет. Мұны жастар қиын­сы­нады», – дейді ол. Сарапшылар еңбек нарығында ірі өзгерістер келе жатқанын айтып, дабыл қағады. Оған биліктің де, халықтың да ден қойып отырғаны шамалы. Қос тарап үшін дамудан гөрі жан бағу көкейкесті сияқты.

Айхан ШӘРІП