Алматыдағы атыс: сот шешімі 5 адамның өмірін қиды ма?
Алматыдағы атыс: сот шешімі 5 адамның өмірін қиды ма?

Банк пен қарыз алушы арасындағы сегіз жылға жуық сот дауы бес бірдей адамның өліміне әкеліп соқтырды. Бұл несиесі жылдар бойы жиналып, сот шешіміне көңілі толмай жүрген біраз жұрттың жарасына тұз сепкендей болды. Сот орындаушылары мен коллекторлар қандай уәж айтады? Ай мен күннің аманында бес адамның өліміне себеп болған қайғылы оқиға кімге сабақ болуы керек?

Былтыр кредит алушы қазақ­стандықтардың саны рекордтық көрсеткішке жеткенін Ұлттық банк мәлім еткен еді. Сол жылы қаржы институттары 14,6 триллион теңгеге қарыз ресімдеген. Ал биыл сәуірде банктердің кредит беруінің жалпы көлемі 2,1%-ға өсіп, 15 102,1 млрд теңгені құрады. Бұл дегеніңіз – әрбір екінші тұрғын банктен несие алады деген сөз. Өйткені қарызға мұқтаж халық көп. Елдегі екінші деңгейлі банктер бастарына күн туғанда Ұлттық қорға алақан жай­ғанымен, өзіне келгенде өз білгенін істеп үйренген. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр. Мысалы, халқының жалақысы мил­лионға бағаланатын дамыған елдердің өзінде несие үстемесі алты пайыздан аспайды. Ал біздегі кредиттің пайыздық үстемесі адам шошытады. Үш жүз мыңның затын бір жылдың ішінде 600 мың етіп қайтаруға тура келеді. Оның үстіне, банктің пайыздық үстеменің үсті­нен пайда көру туралы қитұрқы істері жетерлік. Халықтың қаржы­лық сауатының жоқтығын жақсы білетін банк қызметкерлері заңды айналып өту арқылы халықты тес­пей сорып жатыр.

10 жылдық тартыс оқ атуға мәжбүрледі

Екі күннен бері қажет кезінде несие алып қайтаруға келгенде құ­лықсыздық танытып, артынан бес адамды атып салған борышкердің ісін қаралайтындар көбейді. Екіншілері банктің бассыздығын айтса, енді бірі жеке сот орын­даушыларын сөгеді. Қалғандары жыл­жымайтын мүлікті жарты ба­ғасына сатуға үкім шығарған сот пен сот орындаушыларына, сот шешімін орындаған құқық қорғау қызметкерлерін де қаралап әлек. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, оқиға осыдан 10 жыл бұрын алынған қарыздың жылдар бойы толық төленбеуінен туындаған. Анаида Демирчян мен Игорь Дужнов 2011 жылы өздеріне тиесілі «НАНО ПЛЮС» және «ИДЕАЛ СЕРВИС» ЖШС атына «Банк­ЦентрКредиттен» несие алған. Бі­рақ несие толық көлемде уақытылы қайтарылмайды. 2014 жылы Алма­лы аудандық соты банктің талап-арызын толық қанағаттандыру ту­ралы шешім шығарады. Жауапкер Анаида Демирчян мен Игорь Дуж­нов өз келіспеушіліктерін бірнеше рет білдірсе де, айтқандары негізге алынбайды. Сот шешіміне сәйкес, жауапкерлерге тиесілі екі компа­ния­дан 118 149 370 теңге қарыз (оның ішіне негізгі қарыздан бө­лек, өсімпұлда бар) 3 544 481 мем­лекеттік баж салығы ретінде өнді­ріледі. Олар несие аларда Баға­нашыл мен Ақбұлақтағы екі жыл­жымайтын мүлігін кепілдікке қой­ған. Яғни, банк о баста қарыз берерде кепілге қойған дүние не­сие құнынан бір­неше артық бол­ғанын есепке алады. Борышкерлер банктен алған қары­зын тек ішінара қайтарып жүрген. Себебі қарызды толық қайтаруға мүмкіндіктері болмаған көрінеді. Заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаны зерделеп көргенін жазыпты. Ай­туынша, 2014 жылдан бері қарыз беруші мен қарыз алушы арасында бірнеше сот шешімі шығарылған. Ең бірінші Алмалы аудандық соты жауапкерлерден қарызды өндіру туралы шешім шығарады. 2018 жы­лы Алатау аудандық соты тағы бір сырттай шешім, сол жылдың со­ңын­да соттың ұйғарымын шыға­рып­ты. Ал Алмалы аудандық соты 2019 жылы ұйғарым жасаған. Арты­нан соттың шешіміне қанағаттан­ба­ған жауапкерлер сот шешімін екінші сатыдағы соттың қарауына жол­да­ған. Алайда Алматы қалалық соты­ның апелляциялық алқасы алдыңғы ұйғарымды өз күшінде қалдырады. Бірақ артынша апелля­циялық сот жылдың соңында Ала­тау аудандық сот шешімін бұзу туралы қаулы шы­ғарыпты. Былтыр Алатау аудандық соты банктің өті­нішін қанағаттан­дырып, жауап­керлерді үйден шы­ғару туралы ше­­шім шығарады. Апелляциялық сот соңғы шешімді күшінде қал­дырған. «Осылардың ішінде ерекше назар аударатын бір-екі сот шеші­міне тоқтала кетейін, бірінші кезек­те Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Ербол Аққуовтың 12.03.2019 жылғы шешімі. Оған сәйкес, судья Аққуов бірінші мү­лікті су тегінге алып алып, екінші, яғни кешегі атыс болатын Бағана­шылдағы мүлікке көз салған банк­тың әрекетін заңсыз деп та­бады! Сот шешімінде көрсетіл­ген­дей, жеке сот орындаушысы Т-ов, алға­шында 184 631 000 теңгеге баға­лан­ған үйді, екі есе төмен бағасына, яғни 96 008 120 теңгеге сатып жі­береді. Ол туралы үй иелері біл­мей­ді, ал қолданыстағы заңнамаға сәй­­кес, сол үйді (өз үйлерін) сатып алу­­ға үй иелерінің басым құқығы бар! Алматыдағы атыс Осы негіздермен сот «Банк ЦентрКредиттің» Демирчян А.П. және Дужнов И.И-ге қарсы, олар­дың Бағанашылдағы кепілге қо­йылған мүлкін алу туралы талап-арызын қанағаттандырусыз қал­­дырады», – дейді адвокат Абзал Құс­пан. Алайда араға 8 ай салып, Алматы қалалық сотының апелля­циялық алқасы ол шешімді толық заңсыз деп тапқан. Банктің апел­ля­циялық шағымы толық қанағат­тан­дырылады.

Қаржы ұйымдарының құрығы ұзын

Халықтың айтатыны да бар. Қаржы ұйымдарының құрығы ұзын. Борышкерлерден қарызды қайтара алмаса, коллектор мен сот орындау­­шыларының көмегіне жүгінеді. Қа­зір елде не көп, коллек­торлық агент­тік пен жеке сот орын­даушы­лары көп. Бұдан кейін қарыз жинау­шылар борышкерлердің банктегі қарызын қайтару үшін түр­лі амалға барады. Коллектор қаржы ұйымы­ның қарызын өндіріп алумен айна­лысады. Берешекті өтеу мақсатында банк пен борыш­кер арасында ке­ліссөздер жүргізеді. Борышкерден қа­рызды қайтара ал­маған банк қа­рызды коллекторлық агенттікке са­тады. Ал коллектор қарызды өз атына жаз­дырып, бере­шекті өтеп алу үшін сот орындау­шыларының көмегіне жү­гінеді. Қарызды қайтару үшін ары қа­рай сот орындаушылары жұмыс іс­тейді. Коллекторлар ішінара кө­мек бе­реді. Қыруар қаржының иісі шық­қан жерде жауапкердің жағда­йына ешкім қарап жатпайды. Али­мент өн­діріп беруге келгенде құлық­сыз­дық танытатын сот орындау­шылары кепілдігі бар қарыз болса, тау қо­паруға дайын. Неге дейсіз ғой, жеке сот орындаушылары алимент өндіріп алушылардың ісін соңына жеткізбейді. Мәселен, алимент өндіре алмай жүрген аналардың дені ауыса беретін сот орындау­шы­ла­рының әрекетінен әбден қа­жы­ған. Дегенмен сот орындаушылары мен коллекторлар өздеріне айтыл­ған сынмен келіспейді.

Жеке сот орындаушыларына жаза бар

Жеке сот орындаушылары банк­­тің бас-көзге қарамай қарыз бере­ті­нін айтады. Көп жағдайда сот орын­даушыларының жұмысын қа­ралай­тындар – қарызын қай­тарғы­сы кел­мейтіндер. Әсіресе, алимент бо­­йынша борышкерлер сот орын­дау­­шыларын көрсе, қар­ғысын жау­ды­рады екен. Сол үшін борыш­кер­лер­дің артынан жүгі­руден шар­шаған сот орын­дау­шы­лары қара­жатқа қол жет­кізе ал­майтындарын айтып, ары қарай жұмыс істеуден бас тартады. «Егер сот орындау­шысы борышкерге қатысты бел­сенді жұмыс істесе, тиісінше бо­рышкер бұған наразы болады, өкі­леттіктерін асыра пай­далану, шот­тарға тыйым салу ту­ралы ша­ғым береді. Сот орындау­шысы заң­да белгіленген шара­лар­ды қа­был­дай отырып, кез келген жағдай­да ат­қарушылық іс жүргіз­се, екінші та­рап­тың сынына қала­ды», – дейді сот орындаушысы Азамат Байға­был. Оның айтуынша, сот орындау­шы­ларының қызме­тіне ақы төлеу Үкімет қаулысына сәйкес бекітіл­ген. Сон­дықтан әрбір қызметкер ал­дына қо­йылған міндетті заң ая­сын­да ат­қа­руға тиіс. «Ел заңнама­сының, Жеке сот орындаушыла­ры­ның кәсіптік ар-намыс кодексінің және Респуб­ликалық палата жар­ғысының та­лап­тарын бұзғаны үшін жеке сот орын­даушысына тәртіптік жауап­тылық қолданылады. Сон­дықтан сот орын­даушыларына жаза жоқ деген қисын­сыз», – дейді ол. Сон­дай-ақ сот орын­даушылары ха­бар­лама жібер­мей­ді дегеннің де жөнсіз екенін ай­тады. «Борышкерге ха­барлама жет­пейді, құлақдар етіл­мейді деген өті­рік. Өйткені біз заңға сәйкес әрбір та­лапкер немесе бо­рышкер орын­дауға келіп түскен атқару құжаттары­мен танысуға құ­қылымыз. Келіп түс­кен атқару құжатына сай, атқару өндірісі қоз­ғалып, борышкердің тір­келген ме­кенжайына хабарлама жі­бе­рі­леді. Телефон нөмірі бойынша және пошта арқылы хат жолдана­ды», – дейді сот орындаушысы.

Борышкерлер байланысқа шыққысы жоқ

Коллекторлық агенттіктің өкілі Самат жауапкерлерден жөн-жо­сықсыз қарызды талап етуге құқығы жоғын алға тартты. «Өз тарапы­мыз­дан жағдайды баяндап, алдын ала хабарлама жібереміз. Бірақ қарыз алушылардың көбі банкке басқа мекенжайын көрсетеді. Тұрғы­лықты жері басқа қалада. Біз банкте көр­сетілген мекенжайға ха­барлама жі­береміз. Кепіл ретінде көрсеткен адам­дарға да хабарла­самыз. Бірақ хабарламаны алып тұрып, хабар­лас­пайды. Өйткені коллекторлық ком­пания қарызды сұрайтынын біледі. Амал жоқ, сот­қа жүгінеміз. Сол кезде ғана «ха­барлама алмадық» деп келеді. Сотта ісіміздің заңды екенін көрсету үшін хабарламаның екінші көшірмесін ұсынамыз», – дейді ол. Осыдан бірер жыл бұрын Бас прокуратураның алқа отырысында бір жылдың өзінде 1 300 сот орын­даушысы тәртіптік жауапқа тар­ты­лып, 50 адам жемқорлыққа қатыс­ты деп айыпталған. Сондай-ақ аза­мат­тық істерде сот шешім­де­рінің әрбір 3-актісі орындал­май­тыны айты­лып еді. Ал келер жылы коллектор­ларға қатысты талап кү­шейтілуі мүм­кін. Бірақ іс кол­лек­торларға жа­уапкершілікті арт­т­ырып, сот орын­даушыларына заң­ды қатайт­қанмен бітпейтін се­кілді. Сон­дықтан даудың басын дау­рыққан жұрттың қаржылық са­уатын арт­тырудан бас­тап бас-көзге қа­рамай несие беретін қар­жы­лық ұйым­дардың да жауап­­кер­шілігін арттыр­ған жөн болар еді.

Жадыра МҮСІЛІМ