Ресей әуе-ғарыштық күштері жуырда Қазақстанның Сарышаған әскери полигонында тағы бір зымыранды сынақтан өткізді. Сөйтіп, ресейлік әскерилердің қазақ жерінде сынақтан өткізген зымырандарының саны соңғы 4 жылда 10-ға жетті.
Көрші мемлекеттің Қорғаныс министрлігі таратқан деректерге қарағанда, Сарышағанда Ресей әуе-ғарыштық күштері зымыранға қаржы және әуе қорғанысы әскерінің зымыраны сынақтан өтіпті. Оның өзі зымыранға қарсы қолданылатын қару саналады екен. Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері бөлім басшысы, генерал-майор Сергей Грабчук сынақтын сәтті өткенін айтады. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Игорь Кортченко 53Т6М зымыраны сынақтан өткізіліп жатқанын айтқаны бар. Бірақ Сарышағанда дәл қандай зымыран сыналғаны белгісіз. Ал Қазақстан тарапы үнсіз.Қазақстанда Ресейге жалға берілген үш полигон бар
Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, Қазақстан жерінде ресейлік әскерилер пайдаланып жүрген 3 полигон бар. Олар: «Сарышаған» сынақ полигоны, РФ Қорғаныс министрлігінің 4-ші мемлекеттік орталық түраралық полигоны, РФ Қорғаныс министрлігінің 929-шы ұшу-сынақ полигоны. Осынау полигондардың жалпы аумағы 8,6 млн гектарды құрайды. Соның ішінде Сарышаған полигонының аумағы 6,985 млн гектар болса, 4-ші полигон 301 мың, 929-шы полигон 1 млн 323 мың гектар жерді құрайды. Кейбір мәліметке сенсек, РФ Сарышаған үшін жылына 16 млн 275 мың доллар төлейді. Бұл дегенің – әр гектарына 2,3 доллардан сәл астам немесе 1000 теңге төлейді деген сөз. Ал 4-ші полгон үшін 702 мың 266 доллар, 929 полигон үшін 3 млн 82 мыңнан астам доллар төлейді. Сөйтіп, полигондар үшін жылына 20 млн доллардан астам ақы аламыз. Жалға берілген бұл сома 2012-2014 жылдарға қарағанда біршама жоғары. Ол кезде еліміздегі ресейлік әскерилерге жалға берілген полигондардың жалпы аумағы 11 млн гектардан асатын. Әрі ол үшін 2,2 доллар төлейтін. Теңгеге шаққанда, әр гектары үшін Мәскеу 348 теңге 75 тиын беріп келді. Бірақ ол кезде доллар бағасы 353 теңге еді. Содан бері полигон жерлерінің көлемі азайғаны байқалады. Алайда бағасында көп өзгеріс жоқ. Тек теңге құнызданды. Айырмашылық сол ғана. Полигон аумағының азайғанын айттық қой, ресейліктер 2015 жылы алдымен «Ембі» сынақ алаңын қайтарып берді. Оның аумағын 773 мың гектар еді. Одан соң Сарышаған аумағынан 1 млн 139 мың 961 гектарды қайтарды, 929 полигоннан 589 мың 210 гектар қайтарылды. Яғни, 2015 жылдан бері 2,5 млн гектардан астам жер ресейлік әскерилерден кері қайтарылған жайы бар. Ал Байқоңыр ғарыш айлағы мен одан ұшырылған зымыран қалдықтары құлайтын аумақ басқаша есептеледі. Алайда олар да сынақ полигонының қатарына кіреді.Сарышағанда қандай зымыран сыналды?
Әзірге Сарышағанда нақты қандай зымыранның сыналғаны белгісіз. Тек зымыранға қарсы қолданылатын зымыран ретінде аталып жүр. Әдетте ондай қаруда ядролық оқтұмсық болмайтыны айтылады. Әрі құрлықаралық баллистикалық зымыран қатарына кірмейді. Тіпті, орта және алыс қашықтықтағы зымыран болып та есептелмейді. Бірақ бәрібір бұл зымырандарда шағын көлемдегі ядролық заряд орнатуға болатынын да әскерилер мойындайды. Ал Ресей Қарулы күштерінде қолданылып жүрген А-135 «Амур» кешендері 1971 жылы жасалған. «Амур» жүйесіндегі зымырандар әдетте шахтада орналасатын. Бірақ соңғы жылдары мобильді нұсқалары да пайда болғаны айтылып жүр. Алайда ешбір ақпарат көзінде олар кездесе қоймады. Ал сөз басында ресейлік маман айтқан 53Т6М зымыранын да мамандар шахталық нұсқа деп бағалайды. Әрі орта және қысқа қашықтыққа арналған зымырандарға қарсы қолданылады. Құрлықаралық баллистикалық зымырандарды «аулауға» 51Т6МР пайдаланылады. Бірақ Сарышағанда соңғысының сынақтан өткізілгені жайлы мәлімет жоқ. Ал алғашқысы жылда сыналады. Атап айтқанда, Сарышағанда бұл зымырандарды 2017 жылдың қарашасында, 2018 жылдың желтоқсанында сынады. Ресейліктер сол жылы Сарышағанда кемі 5 зымыран сынақтан өткенін айтады. Ал 2019 жылдың ақпан, шілде, тамызында, 2020 жылдың қазанында және қарашасында, 2021 жылдың 26 сәуірінде тағы сол Сарышағанда әлгі зымырандар сынақтан өтті. НАТО мамандары әдетте бұларды ABM-3 Gazelle деп атайды. Бұл зымырандар ресейлік жаңа үлгідегі А235 кешеніне кіреді. Қысқасы, бұлардың барлығы Сарышағандағы зымыран шахталарынан ұшырылып жатыр деген сөз. Әрі масс-медиа таратқан деректерге қарағанда, 53Т6М тек Сарышағанда сыналатын көрінеді. Айтпақшы, бұл зымырандар қатты отынмен ұшады. Әрі зымыранның қатты отыны гептил тәрізді ұзақ уақыт сақтауға келмейтін дүние. Сондықтан 10-15 жыл тұрған зымырандарды жою қажет болады. Ресейлік әскери журналист Дмитрий Корнев Мәскеу түбіндегі шахталардағы зымырандардың алмастырылып жатқанын айтады. Демек, ескілерін Сарышағанға әкеліп жарып жатыр ма, кім білсін?!Ардақ СҰЛТАН