Теріскейде күн суытып, қыркүйектің 20-сынан жылыту маусымы басталды. Қылышын сүйреткен қыстың ауылы алыс емес. Алайда Петропавлдағы көпқабатты үйлердің барлығы бірдей жылыту маусымына дайын деу қиын. Бүгінде 1 106 үйдің 1 065-і жылыту маусымына дайын екені туралы төлқұжатқа ие болды. Ал қалған үйлерде әлі жылыту құбырлары тазартылып, нығыздалған жоқ. Пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары тұрғындар ай сайын төлемақы төлемегендіктен, бұл мақсатқа қаржы жоқ екенін алға тартады. Ал тұрғындар кооперативтер төленген ақшаны қайда жіберетінін біле алмай дал. Бұл жылдан-жылға қайталанып келе жатқан жағдай.
Көпқабатты үйлерді басқару ең даулы салалардың бірі болғандықтан, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «ПИК қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Петропавлдағы пәтер иелері кооперативтеріне мониторинг жүргізді. Ондағы мақсат – көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруда жиі кездесетін кемшіліктерді анықтап қана қоймай, кооперативтердің нәтижелі жұмысын ұйымдастыруға атсалысу. «ПИК қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, бір айға созылған бақылауды жүргізу үшін іріктеліп алынған 10 ерікті арнайы дайындықтан өтті. «Олар көпқабатты үйлердің тұрғындарының арасында сауалнама жүргізді. Оларға негізінен кооператив жұмысына көңілдері толатын-толмайтыны, шешімін күткен мәселелер туралы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ кооператив құжаттарын, қаражаттың жұмсалуын да тексерді. Нәтижесінде, 300-ден астам әртүрлі пікір жиналды», – дейді Сергей Герольдович. Сараптама көрсеткеніндей, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысында бірқатар кемшілік анықталды. Атап айтқанда, атқарылып жатқан жұмыстардың біразынан тұрғындар хабарсыз, яғни төрағалар оларды құлағдар етуді жөн санамайтын көрінеді. Көбіне-көп шешімдерді төрағалар өз бетінше қабылдай береді екен. Белгілі болғанындай, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы үшін уақытында төлемақы төлемейтін борышкерлермен тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмейді. Ерікті ретінде мониторинг жүргізген кооператив кассирі Светлана Рассахадскаяның айтуынша, бұл – оңай шаруа емес. «Тұрғындардың қарызын өндіріп алу үшін олармен соттасқаннан басқа амал жоқ. Бұл – қиынның қиыны. Ешкім де оттасып-соттасып, уақыт кетіріп жүргісі келмейді. Сот шешімі шыққаннан кейін онымен келіспеген тұрғындар оны даулауға хақылы. Ол қаралып болғанша тағы біраз уақыт шығындау керек. Біздің үйде ПИК төлемақысын төлемейтін 5-6 борышкер бар. Олардың қарызы 50 мыңнан 110 мың теңгеге дейін жетеді», – дейді Светлана Петровна. Мониторинг жүргізген еріктілердің пікірінше, қаржының жұмсалуын тексеретін ревизиялық комиссия әрекетсіз. Оның құрамындағы мүшелердің көпшілігі сол үйде тұрады, яғни кооператив төрағасының не есепшісінің көрші-көлемі. Сондықтан басқа тұрғындар оларды кооператив төрағасының өз адамдары деп санайтын көрінеді. Тәуелсіз ревизиялық комиссияның қызметі 50 000 теңге шамасында. ПИК-те мұндай мақсатқа жұмсайтын қаржы жоқ. Сондықтан еріктілер ревизиялық комиссия мүшелері үшін арнайы оқыту курстарын ұйымдастыруды әрі жылына бір рет ревизия ұйымдастыруды ұсынды. Былтырдан бері пандемия салдарынан көптеген үйде ревизия жүргізілмепті.ТҰРҒЫНДАР БАЗЫНАСЫ
Сауалнамаға қатысқан тұрғындар да өз өтініш-тілектерін білдірді. Көптеген үйдің кіреберістері мен баспалдақтарын жуу ортақ сметаға енгізілмеген. Бұл – тұрғындар үшін қосымша шығын. Сауалнама нәтижесінде белгілі болғанындай, тұрғындардың көбі бұл шығынның ортақ сметаға енгізілгенін қалайды. Сонымен қатар бірқатар үйдің аулаларында балалар алаңы тиісінше жарақтандырылмаған. Балалар алаңдарын абаттандыру – тұрғындардың тілегі. Олардың аулаға волейбол торы, футбол алаңы, спорт тренажерлары, орындықтар, әткеншектер, шлагбаум, қоқыс жәшігі, бейнебақылау камералары, хабарландыру тақтасы орнатылса деген өтініші бар. Тұрғындар өз өтініштері арнайы журналға тіркеліп, орындау мерзімі белгіленгенін және уақытында жүзеге асырылғанын қалайды. Аулаға гүл егіліп, ағаш отырғызылғаны, терезеге тиіп тұрған ағаш бұтақтары уақытылы кесілуі тиіс екенін айтқан қызылжарлықтар да болды. Қаңғыбас мысықтарды асырап, аулаға үйір еткен адамдармен әңгіме жүргізу туралы да өтініш айтылды. Сондай-ақ жертөледе тиісінше жұмыс жүргізу, құбырларды, бұрандаларды ауыстыру, ауланы таза ұстау әрі жарықтандыру, төбелерді, лифтілерді, баспалдақтарды жөндеу, инженерлік желілердің жағдайын комиссияның қатысуымен тексеру қажеттігі туралы өтініш-тілектер тіркелді.ТӨРАҒА БОЛУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС
Пәтер иелері кооперативтері төрағаларының да «бас ауруы» жетерлік. Ең алдымен олар жосықсыз мердігерлерге жиі тап болады. Мәселен, Жуков көшесіндегі үйлердің бірінің төбесін жөндеп бермекші болған мердігер алдын ала төлем қалтасына түскен соң ұшты-күйлі жоқ болған. Мұндай жағдайлар жетерлік. Сондықтан мониторинг тобы төрағаларға сенімді жұмысшылармен ғана келісімшарт жасауға кеңес берді. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы болуға екінің бірі келісе бермейді. Өйткені аз ғана тиын-тебен үшін күні-түні жұмыс істеу керек, жертөледен шықпай жүретіндері қаншама? Әр тұрғынмен тіл табысу да оңай емес. Шаршы метр үшін төленетін төлемақыны қымбаттату туралы шешімге қарсы шығатындар, жиналыс сайын шу шығаратындар көп. «Соңғы кезде барлығы қымбаттап жатыр. Нан қымбаттағанда ешкім де көтеріліске шықпайды ғой, бәрі де жаңадан белгіленген бағаға сатып алады. Ендеше ПИК төлемақысы қымбаттағанға неге наразылық білдіреді?» – дейді кассир Светлана Петровна. Қазір Петропавлда пәтер иелері кооперативтерінің қызметі үшін 15-тен 80 теңгеге дейін төлемақы төленеді. Бірнеше үйге қызмет көрсететін кооперативтер де бар. Олардың қаржысы барлық үйге ортақ. Осындайды болдырмау үшін қазір мүлік иелерінің бірлестіктері құрылып жатыр. «ПИК қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, қазірдің өзінде 65 осындай бірлестік тіркелді. «Мұндағы мақсат – әр үйдің қаржысын жеке бөліп, сол үйдің шығынына ғана жұмсау. Бірақ адамдар өз көзқарасын өзгертпейінше, бұдан бәлендей өзгеріс күту орынсыз. Тұрғындар ауланың таза болғанын қалайды. Бірақ аула сыпырушыға, тіпті сыпырғыш сатып алуға ақша төлегісі келмейтіндер бар. Мониторингке 20 үй ғана қатысқанымен, жалпы жағдай белгілі болды», – дейді Сергей Герольдович. Енді осы мониторингтің нәтижесі басшылыққа алынып, көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесі оң шешімін тапса игі.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы