Алматының «Ақбұлақ» шағынауданында бес адам мерт болған соң елдегі екінші деңгейлі банктердің өте жоғары пайыздық мөлшерлемесі, әділетсіз сот шешімдері, сот орындаушыларының дөрекі әрекеті, халықтың несие кіріптарлығы сияқты мәселелер тағы да алға шықты. 21 қыркүйекте Алматыда бір топ борышкер «Банк центр кредит» АҚ және қалалық сот, Әділет департаменті алдында пикет өткізді. Олар азаматтарды жалғыз баспанасынан айырмау қажеттігін айтты.
Сот орындаушылары мен банктердің алаяқтығы әшкереленді
Бас прокуратура халықты көпе-көрнеу қарызға батыруға бағытталған бірқатар фактілерді әшкереледі. Мәселен, банктердің аса жоғары мөлшерлемелерінің салдарынан борышын өтей алмай қалған азаматтардың мүлкін аукционға өте арзан бағаға қояды, ал нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаланған дүниеге кім қызықпасын?! Банк сатылымдарының 92%-ы (11 мың) бағаны кеміту тәсілі бойынша өткізілген: 203 млрд теңгенің мүлкі аукционнан 121 млрд теңгеге сатылған, яғни олардың құны 82 млрд теңге шегерілген. Көп жағдайда (78%) мүліктер 20-48%-ға төмендетілген. Ал сатылымға шығарылған мүліктердің үштен бірі (2769) сатып алушыларға жарты бағасына берілген. «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» демекші, бұғатталған дүниені көшедегі көлденең адамдар емес, көбінесе белгілі бір тұлғалар сатып алып отырған. Саудаға қойылған 2024 лотты тұрақты 40 қатысушы иеленген, олардың 23-і банктердің өз өкілдері. Одан бөлек, банктер 4 104 аукционға қатысып, соның 2 343-інде жеңіске жеткен. Бұл жағдайда аукционға шығарылған мүліктер нарықтық құнынан 30%-ға (103 млрд-тан 71 млрд-қа дейін) төмендетілген. Сөйтіп, бәсекелестіктің жоқтығынан банктер аукциондық шығарылған мүліктің 78%-ын өздері иемденген. 320 жағдайда аукционға өтініш ұсыну және онлайн саудаға қатысу банктерге тиесілі бір текті локальдық желілік мекенжайлардан (IP-адрес) берілген. Оның 52 жағдайында аукционға екінші адам сауданың заңды өткізілгенін көрсету үшін тек көзалдау үшін қатысқан, олар да банк қызметкерлері болған. Осыдан кейін сатылған жылжымайтын мүліктерді тәркілеу үшін банктер жеке сот орындаушылардың қызметіне жүгінеді. Бұл әрине әділетсіздікті көріп, сезіп отырған жұрттың наразылығын тудырып, Алматыда болған мысалдағыдай қайғылы оқиғаларға соқтырып жататын жайттар аз емес. Ал банктер болашақ табысын есептеп, екі алақандарын ысқылап, ашынған азаматтар мен сот орындаушылардың арасындағы тайталасты тек сырттай ғана бақылап отырады. «Бұл ретте коллекторлар мен жеке сот орындаушылардың құзыретін тексеру қажет. Олардың жағынан құзыретін асыра пайдалану фактілері көптеп тіркелген. Жалпы, банктер мен микрокредиттік ұйымдар жеке сот орындаушылардың жұмысын асыра пайдалануға әуес. Жалпы, халықтың кредит мөлшері шектен шығып кеткен», – дейді мәжілісмен, «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров. Ал заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек сот орындаушыларын бопсалаушы, делдал, яғни ресми тіркелген мемлекеттік алаяқтар деп атады. «Мен оларға қатысты мәселені 2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте мониторинг мүшесі болып жүргенде көтергенмін. Сот орындаушылардың міндетін прокуратураға беру керек екенін айтқанмын! Халықтың, оның ішінде ақшалы кәсіпкерлердің есепшотын 13 теңге үшін жауып, шотты ашу үшін 20 мың теңге сұрап, қинайтындарына куә болғам! Тіпті, СЭС, банк, жеке коммуналдық төлем алатын компаниялармен сыбайласып, төлем жүргізбей қойған адамдардың есепшотын бұғаттап, ақша берсең ғана ашып беретінін анықтағанмын», – дейді заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек. Рас, біздің елде борышкерлердің қарызы коллекторларға өткен соң, тіпті еселеніп кетеді. Кейде 200-300 мың теңге қарызы бар адамның ісі коллекторларға өткен соң қарыздың сомасы миллион теңгеге дейін өсіп кететін жайттар кездеседі. Коллекторлар борышкерге қайтадан несие рәсімдеп, жеке нотариус арқылы шешім шығартып, қарызды қайтару үшін істі сот орындаушыларға тапсырады. Бұл жағдайда жеке нотариустар заңды белшеден басып, екі жақтың пікірін тыңдамай, ақшалы ұйымның мүддесіне лайық үкім шығарады. Сөйтіп, біржақты жасалған құжаттардың кесірінен мыңдаған азаматымыз тоналып жатыр! Ал сот орындаушылары ескертпестен борышкерлердің есепшоттарын өздігінен жаба салады. Сот орындаушыларының қызметі де шамадан тыс өте жоғары бағаланады.Жеке сот орындаушылары неге өктем?
Естеріңізде болса, Алматыдағы ұқсас оқиға осыдан бес жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында да болған. Әлдебіреулерге қаланың орталығында жекеменшік үй тұрған жер телімі керек болып, ол үшін үй иесіне мардымсыз төлем ұсынған. Оған келіспеген азаматты сот орындаушылары үйінен күштеп шығарып тастамақ болған. Бірақ бұл істің арты насырға шауып, айдың аманында ашық бопсалауға түскен азамат амалсыздан өзін газ баллонымен жарып жібермек болып, шу шығарды. Оқиғаға тек жергілікті билік араласып, жапа шегушіге қалалық қордан баспана берілетін болғандықтан кейін шу басылып, үй тұрғындары аман қалды. Бұл бізге белгілі бір ғана жағдай. Ал бізге белгісіз мысалдар қаншама! Өкінішке қарай, елімізде тек банктер ғана емес, басқа институттардың да адамның тағдырына бейжай қарайтыны, тек табыс табуды көздейтіні жасырын емес. Көп жағдайда мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі, халықтың негізгі бөлігінің ауыр материалдық-тұрмыстық ахуалы ескеріле бермейді. Кейінгі кезде халық арасында жеке сот орындаушыларының жұмысына деген шағым тіпті көбейген. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың бұл жайында айтқан мұң-зарының көптігінде есеп жоқ. Олардың кейбіреулері туралы біз іс әбден насырға шапқанда, әлдебір қайғылы оқиға болғанда ғана білеміз. Мәжіліс депутаты Андрей Линниктің айтуынша, банктердің алаяқтық әрекеттерінен елде мыңдаған азамат жылжымайтын мүліктерінен айырылып отыр. Қарызға кіріптар болғандардың көбі суицид сияқты соңғы амалдарға барады. Депутат сондықтан да көптен бері ел аузында жүрген «Жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы» заңды қабылдау қажеттігін еске салды. Бұдан бөлек, банктер қарызын төлей алмаған адамның мүлкін тәркілеген кезде бағалау құнынан 10-15 пайыздан артық төмендетпеуі тиіс. «Осыған орай Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің тәркіленген мүлік құнын азайту мүмкіндігін шектеуі тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ несие сомасын жасанды түрде ұлғайтпау, оның өсімақы мөлшерлемесін азайту мәселелерін қайта қарастыру керек», – деді мәжілісмен. Белгілі адвокат Жангелді Сүлейменов жеке сот орындаушыларының барлық жұмысы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда нақты белгіленгенін ескертеді. «Заң бойынша мүлікті мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарылмас бұрын құқықбұзушымен сот үкімін ерікті түрде орындау жөнінде алдын ала келісулер жүргізілуі керек. Егер айыпты адам оны ерікті түрде орындаудан бас тартса, сонда ғана мәжбүрлеп өндіріп алу туралы шешім шығарылып, ол жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына жіберіледі, – дейді адвокат. Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік сот орындаушылар тек борышкер мемлекеттік мекемелерге және акциялар пакетінің 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі құрылымдарға қатысты атқарушылық құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттің мүддесі бар басқа да сот шешімдерін орындайды. Ал басқа көпшілік санаттағы сот шешімдерін жүзеге асыру жеке сот орындаушылардың құзырына берілген. Бірақ бар мәселе олардың өз қызметтерін қаншалықты заң аясында атқарады, соған байланысты.Әлемдік тәжірибе қалай?
Бірақ бұл жайтқа жалғыз сот орындаушыларын ғана кінәлай берген де дұрыс емес. Мәселен, 2021 жылдың наурыз айына дейін ипотека бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі борышкер рәсімдеген соманың 56%-ы (!) көлемінде болған, ол қазір 25%-ға төмендетілді. Бірақ мұның өзі орасан зор үстеме. Халықтың қалтасы мұны көтере алмайды, алайда әркімге баспана керек. Сондықтан мұқтаж адам өсімақы қанша көп болса да, банктен ипотека рәсімдетуге мәжбүр. Яғни, мемлекеттің өзі банктерге тұрғындардың «терісінен таспа тілуге» заң бойынша рұқсат беріп отыр. Ал қарапайым адамдардың банктермен соттасып, жеңіске жетуі неғайбіл. Өйткені банктердің мүддесін қорғайтын жоғары жақтағы лоббиі күшті. Мұндай мәселе тек бізде ғана емес, өркениетті елдерде де бар. Бірақ дамыған елдерде ипотека қарызына деген көзқарас басқа. Мәселен, өркениетті мемлекеттерде азаматтар ипотекамен баспана алса, оның жауапкершілігін несие алушы мен банк 50/50 үлеспен бөліседі. Өйткені бұл жерде несиені беруші ұйым да, алушы жеке адам да үлкен тәуекелге барып отыр. Ал бізде банктер бар ауыртпалықты несие алушының мойнына іліп қойып, өздері бейқам. Елде, тіпті қаржы дағдарысы болып жатса да банктердің қылшығы қисаймайды. Оның мысалын 2007 және 2009 жылғы ипотекалық дағдарыс кездерінде көрдік. Үкімет Ұлттық қордың $10 млрд ақшасын ешкімнен сұраусыз жекеменшік банк иелерінің қолына ұстата салды. Өркениетті елдерде мемлекеттің ақшасын жеке банктерге көмек ретінде беру дегенді тіпті көзге елестетудің өзі қиын-ау! АҚШ-та, мәселен, азаматтардың ипотекалық несиелері сақтандырылады, сосын қаржылық дағдарыс кезінде ол өшіріп тасталады. Одан бөлек борышкерлерге ұзақ уақытқа каникулдар беріледі. Ал шетел банктерінде азаматтарға 1-2 пайызбен ипотека рәсімделетіні, сонша мөлшерлемемен тұтынушылық несие берілетіні біз үшін ертегі сияқты.Дәулет АСАУ