Қарызға батқан қоғам
Қарызға батқан қоғам
170
оқылды

Алматының «Ақбұлақ» ша­ғынауданында бес адам мерт болған соң елдегі екін­ші дең­гейлі банктердің өте жоғары пайыздық мөлшер­ле­месі, әділетсіз сот шешім­дері, сот орындаушылары­ның дөрекі әрекеті, халықтың несие кі­ріп­тарлығы сияқты мә­селе­лер тағы да алға шық­ты. 21 қыркүйекте Алма­тыда бір топ борышкер «Банк центр кре­дит» АҚ және қала­лық сот, Әділет департаменті алдында пикет өткізді. Олар азамат­тарды жалғыз баспа­насынан айырмау қажеттігін айтты.

Сот орындаушылары мен банктердің алаяқтығы әшкереленді

Бас прокуратура халықты көпе-көрнеу қарызға батыруға бағытталған бірқатар фактілерді әшкереледі. Мәселен, банк­тер­дің аса жоғары мөлшерлемелерінің салда­рынан борышын өтей алмай қалған аза­маттардың мүлкін аукционға өте арзан бағаға қояды, ал нарықтық құнынан әлде­қайда төмен бағаланған дүниеге кім қы­зықпасын?! Банк сатылымдарының 92%-ы (11 мың) бағаны кеміту тәсілі бойынша өткізілген: 203 млрд теңгенің мүлкі аук­ционнан 121 млрд теңгеге сатылған, яғни олардың құны 82 млрд теңге шегерілген. Көп жағдайда (78%) мүліктер 20-48%-ға төмендетілген. Ал сатылымға шығарылған мүліктердің үштен бірі (2769) сатып алу­шыларға жарты бағасына берілген. «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» демекші, бұғатталған дүниені көшедегі көлденең адамдар емес, көбінесе белгілі бір тұлғалар сатып алып отырған. Саудаға қойылған 2024 лотты тұрақты 40 қатысушы иеленген, олардың 23-і банктердің өз өкілдері. Одан бөлек, банктер 4 104 аукционға қатысып, соның 2 343-інде жеңіске жеткен. Бұл жағдайда аукционға шығарылған мүліктер нарықтық құнынан 30%-ға (103 млрд-тан 71 млрд-қа дейін) төмендетілген. Сөйтіп, бәсеке­лес­тіктің жоқтығынан банктер аукциондық шығарылған мүліктің 78%-ын өздері ием­денген. 320 жағдайда аукционға өтініш ұсы­ну және онлайн саудаға қатысу банк­терге тиесілі бір текті локальдық желілік мекенжайлардан (IP-адрес) берілген. Оның 52 жағдайында аукционға екінші адам сауданың заңды өткізілгенін көрсету үшін тек көзалдау үшін қатысқан, олар да банк қызметкерлері болған. Осыдан кейін сатылған жылжымайтын мүліктерді тәркілеу үшін банктер жеке сот орындаушылардың қызметіне жүгінеді. Бұл әрине әділетсіздікті көріп, сезіп отырған жұрттың наразылығын тудырып, Алматыда болған мысалдағыдай қайғылы оқиғаларға соқтырып жататын жайттар аз емес. Ал банк­тер болашақ табысын есептеп, екі алақандарын ысқылап, ашынған азамат­тар мен сот орындаушылардың арасындағы тай­­таласты тек сырттай ғана бақылап отырады. «Бұл ретте коллекторлар мен жеке сот орындаушылардың құзыретін тексеру қажет. Олардың жағынан құзыретін асыра пайдалану фактілері көптеп тіркелген. Жалпы, банктер мен микрокредиттік ұйым­дар жеке сот орындаушылардың жұ­мы­сын асыра пайдалануға әуес. Жалпы, халықтың кредит мөлшері шектен шығып кеткен», – дейді мәжілісмен, «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров. Ал заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек сот орындаушыларын бопса­лаушы, делдал, яғни ресми тіркелген мем­лекеттік алаяқтар деп атады. «Мен оларға қатысты мәселені 2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте мониторинг мүшесі болып жүргенде көтергенмін. Сот орындаушылардың міндетін прокуратураға беру керек екенін айтқанмын! Халықтың, оның ішінде ақшалы кәсіпкерлердің есеп­шотын 13 теңге үшін жауып, шотты ашу үшін 20 мың теңге сұрап, қинайтындарына куә болғам! Тіпті, СЭС, банк, жеке ком­му­налдық төлем алатын компаниялармен сы­байласып, төлем жүргізбей қойған адам­дардың есепшотын бұғаттап, ақша берсең ғана ашып беретінін анықтағанмын», – дей­ді заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек. Рас, біздің елде борышкерлердің қарызы коллекторларға өткен соң, тіпті еселеніп кетеді. Кейде 200-300 мың теңге қарызы бар адамның ісі коллекторларға өткен соң қарыздың сомасы миллион тең­геге дейін өсіп кететін жайттар кездеседі. Коллекторлар борышкерге қайтадан несие рәсімдеп, жеке нотариус арқылы шешім шығартып, қарызды қайтару үшін істі сот орындаушыларға тапсырады. Бұл жағдайда жеке нотариустар заңды белшеден басып, екі жақтың пікірін тыңдамай, ақшалы ұйымның мүддесіне лайық үкім шыға­ра­ды. Сөйтіп, біржақты жасалған құ­жат­тар­дың кесірінен мыңдаған азаматымыз тона­лып жатыр! Ал сот орындаушылары ес­керт­пестен борышкерлердің есепшот­тарын өздігінен жаба салады. Сот орын­дау­шы­ларының қызметі де шамадан тыс өте жоғары бағаланады.

Жеке сот орындаушылары неге өктем?

Естеріңізде болса, Алматыдағы ұқсас оқиға осыдан бес жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында да болған. Әлдебіреулерге қаланың орталығында жекеменшік үй тұрған жер телімі керек болып, ол үшін үй иесіне мардымсыз төлем ұсынған. Оған келіспеген азаматты сот орындаушылары үйінен күштеп шығарып тастамақ болған. Бірақ бұл істің арты насырға шауып, айдың аманында ашық бопсалауға түскен азамат амалсыздан өзін газ баллонымен жарып жібермек болып, шу шығарды. Оқиғаға тек жергілікті билік араласып, жапа ше­гушіге қалалық қордан баспана берілетін бол­ғандықтан кейін шу басылып, үй тұр­ғындары аман қалды. Бұл бізге белгілі бір ғана жағдай. Ал бізге белгісіз мысалдар қаншама! Өкінішке қарай, елімізде тек банк­тер ғана емес, басқа институттардың да адамның тағдырына бейжай қарайтыны, тек табыс табуды көздейтіні жасырын емес. Көп жағдайда мемлекеттің халық алдын­дағы әлеуметтік жауапкершілігі, халықтың негізгі бөлігінің ауыр материалдық-тұрмыс­тық ахуалы ескеріле бермейді. Кейінгі кезде халық арасында жеке сот орындау­шыла­рының жұмысына деген шағым тіпті кө­бейген. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың бұл жайында айтқан мұң-зарының көп­ті­гінде есеп жоқ. Олардың кейбіреулері тура­лы біз іс әбден насырға шапқанда, әлдебір қайғылы оқиға болғанда ғана білеміз. Мәжіліс депутаты Андрей Линниктің айтуынша, банктердің алаяқтық әрекет­те­рінен елде мыңдаған азамат жылжымайтын мүліктерінен айырылып отыр. Қарызға кіріптар болғандардың көбі суицид сияқты соңғы амалдарға барады. Депутат сон­дық­тан да көптен бері ел аузында жүрген «Жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы» заңды қабылдау қажеттігін еске салды. Бұдан бөлек, банктер қарызын төлей алма­ған адамның мүлкін тәркілеген кезде баға­лау құнынан 10-15 пайыздан артық төмен­детпеуі тиіс. «Осыған орай Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің тәркіленген мүлік құ­нын азайту мүмкіндігін шектеуі тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ несие сомасын жа­санды түрде ұлғайтпау, оның өсімақы мөл­шерлемесін азайту мәселелерін қайта қарастыру керек», – деді мәжілісмен. Белгілі адвокат Жангелді Сүлейменов жеке сот орындаушыларының барлық жұмысы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда нақты белгіленгенін ескертеді. «Заң бойынша мүлікті мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарылмас бұрын құқықбұзушымен сот үкімін ерікті түрде орындау жөнінде алдын ала келісулер жүр­гізілуі керек. Егер айыпты адам оны ерікті түрде орындаудан бас тартса, сонда ғана мәж­бүрлеп өндіріп алу туралы шешім шы­ға­рылып, ол жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына жіберіледі, – дейді адвокат. Қолданыстағы заңға сәйкес, мемле­кеттік сот орындаушылар тек борышкер мемлекеттік мекемелерге және акциялар пакетінің 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі құрылымдарға қатысты атқарушылық құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттің мүддесі бар басқа да сот шешімдерін орындайды. Ал басқа көпшілік санаттағы сот шешімдерін жүзеге асыру жеке сот орындаушылардың құзырына берілген. Бірақ бар мәселе олардың өз қызметтерін қаншалықты заң аясында атқарады, соған байланысты.

Әлемдік тәжірибе қалай?

Бірақ бұл жайтқа жалғыз сот орындау­шы­ларын ғана кінәлай берген де дұрыс емес. Мәселен, 2021 жылдың наурыз айына дейін ипотека бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі борышкер рәсімдеген соманың 56%-ы (!) көлемінде болған, ол қазір 25%-ға төмендетілді. Бірақ мұның өзі орасан зор үстеме. Халықтың қалтасы мұны көтере алмайды, алайда әркімге баспана керек. Сондықтан мұқтаж адам өсімақы қанша көп болса да, банктен ипотека рәсімдетуге мәжбүр. Яғни, мемлекеттің өзі банктерге тұрғындардың «терісінен таспа тілуге» заң бойынша рұқсат беріп отыр. Ал қарапайым адамдардың банктермен соттасып, жеңіске жетуі неғайбіл. Өйткені банктердің мүддесін қорғайтын жоғары жақтағы лоббиі күшті. Мұндай мәселе тек бізде ғана емес, өр­кениетті елдерде де бар. Бірақ дамыған ел­дерде ипотека қарызына деген көзқарас бас­қа. Мәселен, өркениетті мемлекеттерде азаматтар ипотекамен баспана алса, оның жауапкершілігін несие алушы мен банк 50/50 үлеспен бөліседі. Өйткені бұл жерде несиені беруші ұйым да, алушы жеке адам да үлкен тәуекелге барып отыр. Ал бізде банктер бар ауыртпалықты несие алушы­ның мойнына іліп қойып, өздері бейқам. Елде, тіпті қаржы дағдарысы болып жатса да банк­тердің қылшығы қисаймайды. Оның мыса­лын 2007 және 2009 жылғы ипо­текалық дағ­дарыс кездерінде көрдік. Үкімет Ұлттық қордың $10 млрд ақшасын ешкім­нен сұ­раусыз жекеменшік банк иелерінің қолына ұстата салды. Өркениетті елдерде мемле­кет­тің ақшасын жеке банктерге кө­мек ретінде беру дегенді тіпті көзге елес­те­тудің өзі қиын-ау! АҚШ-та, мәселен, азаматтардың ипо­текалық несиелері сақтандырылады, сосын қаржылық дағдарыс кезінде ол өшіріп тасталады. Одан бөлек борышкерлерге ұзақ уақытқа каникулдар беріледі. Ал шетел банктерінде азаматтарға 1-2 пайызбен ипо­тека рәсімделетіні, сонша мөлшерлемемен тұтынушылық несие берілетіні біз үшін ертегі сияқты.

Дәулет АСАУ