Қатесіз оқулыққа қол жетпеді
Қатесіз оқулыққа қол жетпеді
447
оқылды

Оқу жылы басталысымен ата-аналар мен ұстаздар тарапынан түрлі шағым түсіп жатыр. Соның ішінде оқулықтағы қателер әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүр. Өз кезегінде құзырлы орган жедел жауап беріп әлек. Бірақ оқулықты сараптамадан өткізетін орталықтың жауабына қанағаттанбайтындар да бар. Осы орайда екі жақтың да уәжін тыңдап, бірсыпырасын жариялауды жөн көрдік.

Кітапта қате көп пе?

Әлқисса, әңгіменің басы әлеу­меттік желіде тарап кеткен 4-сы­ныптың «Орыс тілі», «Математика» оқулығындағы «қателерден» бас­талады. Қате сөзін тырнақшаға алу­ға бірнеше себеп бар. Өйткені алғашқы кітаптағы қате түзетілген болса, «Математика» оқулығындағы тапсырма форматын дұрыс дей­тіндер кездеседі. Сонымен, «Алматыкітап» бас­пасы 2019 жылы басып шығарған 4 сыныптың «Орыс тілі» оқулығында «Мемлекеттік Ту авторын Шәкен Ниязбаев» деп көрсеткен. Білім министрлігіне қарасты ғылыми-практикалық білім мазмұнын са­раптау орталығы бұл қатенің әлде­қашан түзетілгенін ескертті. Бірақ кей өңірлердегі, тіпті Алматыдағы кейбір мектептерде аталған басы­лымның 2019 жылы шығарған оқу­лығы пайдаланылатыны тағы бар. «Алматыкітап» баспасы 4-сы­ныптың «Орыс тілі» оқулығындағы қатені бірден түзетуге тырысты. Иә, 2019 жылы басылған нұсқада Ту авторының аты-жөні қате жазыл­ған. Кейіннен баспа кітапты қайта басып шығарып, мектептерге тара­тып берді. Соның ішінде мектеп­тердің 20-25%-ы түзетілген оқу­лықты қолына алды. Қазір әлеу­мет­тік желіде аталған қатені көрсетіп, жариялап -жүргендер бұл кітаптың ескі нұсқасы екенін ескерсе дей­міз», – деп жауап берді сараптау орталығы. Осы тұста мектептерге оқулық дайындайтын баспалармен жақын танысқымыз келді. Себебі кейбір аймақтағы мектептердің ескі кітап­пен оқып жүргеніне кім жауапты екені қызық. Бұл процесті Оқулық орталығы директорының орын­басары Мәншүк Мұқаметқалиқызы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, министрлік жыл сайын сараптама қорытындысы негізінде білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін әзірлейді. Ол министрліктің бұйрығымен бекі­тіледі. Бұл бұйрықты 16 өңірдегі Білім басқармалары өздерінің қажеттіліктеріне, контингенттеріне қарай оқулыққа тапсырыс береді. Мысалы, бастауыш сыныпқа ар­нал­ған оқулықтарды көбінесе «Ал­матыкітап», «Атамұра», «Ар­манПВ» баспасы басып шығарады. Жоғары сыныпқа оқулық дайын­дайтын аталған баспалармен қатар «Мек­теп», «Жазушы» және тағы басқа баспалар бар. Негізі, оқулық мәсе­лесіне қатысты белсенді жұмыс істейтін 20 шақты баспа  бар екен. Ал 4-сыныптың «Математика» оқулығындағы тапсырмаға келсек, есептің берілгені Ресей рублімен байланысты. Осыдан кейін ата-ана­лар мен желі қолданушылары «бастауыш сыныптың баласына өзге елдің ақшасы не керек?» немесе «құлдық сана әлі де бар» дейтін пікір жазды. Артынша жауапты орган мұның «Қаржылық сауаттылық» тақырыбына қатысты екенін, оқушыны функционалды сауатты болуға тәрбиелейтін тап­сырма екенін мәлімдеді. Дегенмен мәлімдемеден кейін ұстаздар пікі­рінің екіге жарылғаны тағы бар. Бірі «оқушының өзге ел валюта­ларымен танысқаны дұрыс» деп уәж айтса, екіншісі «министрлік өкілінің оқулықты ақтауы әлсіз шыққанын» айтады. Мысалы, белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы оқулықты қа­рап шыққанын, АҚШ доллары мен Ресей рублі бірнеше тапсырмада бе­рілгенін, еуро тек бір есепте көр­се­тілгенін атап өтті. «Доллар мен еуро халықаралық дегенімізбен, Ресей рубліне неге басымдық берілген? Шекаралас көршілеріміз қырғыз, өзбек, түрікмен валю­та­ла­ры қайда? Оқушыларға бұл жақсы таныс емес пе?», – деді ол. Одан бөлек, Нұрлан Бектұрған есімді мұғалім 10-сыныптың «Қа­зақстан тарихы» (авт:Жандосова) оқулығында тас дәуірі кезеңдері хро­нологиясы дұрыс емесін алға тартты. «Мектеп» баспасынан жа­рық көрген 8-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығындағы Біріккен сөздер ережесінің 3 тармағын түсінбей дал болып жүрген ұстаздар бар екен. Бастауыш сынып мұға­лімдері сөздердің жазылу қа­ғи­дасының қайсыбіріне жүгі­не­рін білмей жүр. Мәселен, Роза Бек­баева 2-сыныптың «Қазақ ті­лінде» аяқкиім сөзі мәтінде қосы­лып жазылғанына тоқталған. «Осы­ған дейін «аяқ киім» деп бөліп жа­затынбыз. Одан кейін -ыншы, -інші орнына сызықша қоятын талаптың қашан өзгеріп кеткенін білмей аң-таңмын. «16 қыркүйек деп жазасыңдар» деп жүр. Дұры­сын білетін мамандар болса, ға­нибет еді», – дейді ол.

Оқулықтар шетелде басылатыны рас па?

Иә, ендігі сұрақ сараптау жа­йында туары сөзсіз. Өйткені жо­ғарыдағыдай кереғар пікірлер кө­бейіп кеткені бар. Айталық, оқу­лықты сараптап, бекіту процесі бәрімізге қызық. Себебі бұл істің  талдау мен талқылаудан тұратыны белгілі. Мәселен, қандай да бір оқу­лық 4 түрлі сараптаудан өтеді. Ор­талық өкілінің айтуынша, алдымен ғылыми-педагогикалық сарап­та­мадан өтеді. Егер кітап жаңадан әзірленген болса, оны екінші ке­зекте сынақ кезеңі күтіп тұр. Нақ­тырақ айтқанда, Оқулық орталығы жанындағы пилоттық мектептерде жаңа оқулықты сынақтан өткізеді. Одан кейін сынақтан кейінгі са­раптама жұмысы бар. Осы үш этаптан өткен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер пәндік са­раптамалық комиссияның қара­луы­на жіберіледі. Нәтижесінде, ко­миссия сынынан өткен оқу­лықтарды ғана Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттерінің тізіміне қосады. Алайда орталық директоры орынбасарының айтуынша, кейінгі кезде контрафактілер көбейіп кеткен. «Көбі біле бермейтін мәселе бар: қазір контрафактілік өнімдер көбейіп кетті. Мысалы, өткенде Жезқазғаннан елордаға қатынай­тын пойызда болған оқиғаны ес­тідім. Таныстарымның айтуын­ша, пойызда сырты жасыл түсті «Әліп­пе» сатқан, бағасы – мың теңге. Соны сатып алған әжелер бар екен. Осы тұста айта кетейін, біз ұсынған «Әліппе» көк түсті, мұқабасы қатты әрі санитарлық нормадан өткен. Ал шағын ИП-лар мен  типографиялар кітаптарды алып алады да, басып шығарады. Оның ішіндегі қателерге министрліктің жауап бермейтіні тағы бар. Айта кетерлігі, Қытай ­бо­я­уымен басылған кітапта химия­лық у болады. Министрлік бекіт­кеннен басқа баспаның өнімдерін сатып аларда сақ болған жөн», – дейді Мәншүк Мұқаметқалиқызы. Орталық өкілі «Қытай бояуы» дей бергенде көкейімізде біраздан бері сайрап жүрген сұрақты қойдық. Себебі біраз жылдан бері «еліміздегі баспалар оқулықты шетелде басып шығаратыны, сондықтан ондағы қатеге ешкімнің пысқырмайтыны» айтылып жүр. Осы тұста Мәншүк Мұқаметқалиқызының айтуынша,  оқулықтар елімізде дайындал­ға­нымен, басып шығару жұмысына келгенде шетелдің көмегіне жү­гінетініміз рас. Өйткені елімізде үлкен, заманауи жабдығы бар ти­пография «Атамұра» баспасында ғана бар. Қалған баспалар оқулығын Қазақстанда да, шетелде де басады. Мысалы, Ресей мен Түркияда басып шығаратындар бар. Себебі оқулықтар тізбесі бекітілгеннен кейін 16 өңір бірден тапсырыс беруді бастайды. Ал тап­сырыс көлемі өте үлкен. Респуб­ликадағы оқушы санын ескерсек, 2-3 айда тапсырыс орындау өте үлкен жұмыс. Бірақ ол басып шы­ғару ғана шетелдің құзыретіне кіретінін, оқулықтың мазмұны, дизайны, тағы басқаларына баспа тікелей жауапты екенін атап өтті.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ