Жоғалған сарбазды қойшының көргені рас па?
Жоғалған сарбазды қойшының көргені рас па?
218
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қой­ма­дағы жарылыс он жеті адамды ажал құштырды. Бір сарбаз әлі күнге із-түс­сіз жоғалғандардың қа­та­рында. Кіші сержант Ба­уыр­жан Даутбаевты әске­рилердің іздеп жатқанына айға жуықтады. Алайда әлі күнге сарбаздың тірі не өлі­сінен хабар жоқ. Тек жары­лыс күні бір шопанның әс­кери форма киген адамның тауға қарай бет алып қашып бара жатқанын көргені ту­ралы әңгіме ғана жақын­дарына үміт сыйлап отыр. Алайда қойшының сөзі шын­дыққа сая ма?

Негізі, шопанның әңгімесі жарылыс болған уақыттан екі күн өткеннен кейін шыға бастады. Бұл ақпаратты журналистер іліп әкетіп, ерекше екпінмен таратты. Сол-ақ екен, «сарбаз контузия алып, есін білмеуі мүмкін» деген болжамдар әлеуметтік желілерде желдей есті. Алайда бұл нұсқаны әскерилер қарастырып жатыр ма? Әлде бұл құр қауесет пе? Осы са­уалмен «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шылығына жүгіндік.
– Кіші сержант Бауыржан Даут­баевты іздеу жұмыстары жал­ғасып жатыр. Бұл бағытқа 300 әскери қызметші жұмылдырылды. Олар әріптесімізді іздеумен қатар әскери бөлімнің айналасын та­зартуда. Күнделікті таңғы сағат 07.00-ден бастап саперлер, бар­лаушылар және механикалық жа­сақ жарылыс орнында жұмыс­тар жүргізді. Олар жерді қабат-қа­батымен қазып алып, топырақты сүзгіден өткізіп жатыр. Сондай-ақ іздеу және барлау жұмыстарына 50 техника мен дрондар тартылды. Бұдан бөлек, 500 адамнан құрал­ған топ әскери бөлімнен 50-60 ша­қырым қашықта орналасқан ауылдарды, қораларды және әр­түрлі ғимаратты тексерді. Соны­мен қатар бұл топ малшылар және ауыл тұрғындарымен тілдесіп, сержант Даутбаев туралы сұрас­тырды.
Ал шопанның әскери киім киген адамның тауға қарай қашып бара жатқанын көргені туралы әңгімесіне келер болсақ, бұл әріп­тесіміздің жақындарына үміт отын сыйлап отырған дүние ғана. Себебі дәл қазір сержант Ба­уыр­жан Даутбаевты нақты көрдім деген бір адам жоқ.
Әрине, жақыны туралы еш ха­бар болмай жатқаннан кейін туыс­тарының түрлі қауесетке се­нуі қалыпты құбылыс. Тіпті, сер­жант Даутбаевты көршісі түсінде көріп, бір үйде жатқаны туралы да айтылды. Алайда бұл ақпараттың ешқайсысы дәлелін таппады. Десе де, біз әріптесімізді іздесті­руді тоқтатпаймыз, – дейді «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылығы­ның баспасөз қызметінің басшы­сы Дина Мухаринова.
Ал 28349 әскери бөлімі коман­дирінің орынбасары Руслан Жыл­қыбаев кіші сержант Бауыржан Даутбаевты іздестіру шаралары туралы туыстары толықтай хабар­дар болып отырғанын айтады.
– Біздің қарулас досымыз сер­жант Бауыржан Даутбаевты іздеу жұмысын тоқтатпаймыз. Осы күн­ге дейін ата-ана, бауырларына әр жасап жатқан қадамымыз ту­ралы хабарлап отырмыз. Ба­уыр­жанды таппайынша, жұмысты до­ғар­май­мыз, – дейді Р. Жылқыбаев.
Иә, жерлесіміздің аман-есен табылғанын жұрт тілеп отырғаны анық. Алайда ел арасында «егер тірі болса, ендігі табылар еді ғой» деген әңгіме де жүргенін жасыра алмаймыз. Ал байзақтықтар «сар­баз тауды бетке алған болса, осы уақытқа дейін шекараға да жетіп қалар еді» деген болжамдарын айтады. Қалай дегенде де, жоғалған сар­баз туралы бір хабар жақын арада болып қалады деген үміт­теміз. Ең бастысы, жақындарына жағымды жаңалық жетсін деп тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы