Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс он жеті адамды ажал құштырды. Бір сарбаз әлі күнге із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Кіші сержант Бауыржан Даутбаевты әскерилердің іздеп жатқанына айға жуықтады. Алайда әлі күнге сарбаздың тірі не өлісінен хабар жоқ. Тек жарылыс күні бір шопанның әскери форма киген адамның тауға қарай бет алып қашып бара жатқанын көргені туралы әңгіме ғана жақындарына үміт сыйлап отыр. Алайда қойшының сөзі шындыққа сая ма?
Негізі, шопанның әңгімесі жарылыс болған уақыттан екі күн өткеннен кейін шыға бастады. Бұл ақпаратты журналистер іліп әкетіп, ерекше екпінмен таратты. Сол-ақ екен, «сарбаз контузия алып, есін білмеуі мүмкін» деген болжамдар әлеуметтік желілерде желдей есті. Алайда бұл нұсқаны әскерилер қарастырып жатыр ма? Әлде бұл құр қауесет пе? Осы сауалмен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына жүгіндік.– Кіші сержант Бауыржан Даутбаевты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытқа 300 әскери қызметші жұмылдырылды. Олар әріптесімізді іздеумен қатар әскери бөлімнің айналасын тазартуда. Күнделікті таңғы сағат 07.00-ден бастап саперлер, барлаушылар және механикалық жасақ жарылыс орнында жұмыстар жүргізді. Олар жерді қабат-қабатымен қазып алып, топырақты сүзгіден өткізіп жатыр. Сондай-ақ іздеу және барлау жұмыстарына 50 техника мен дрондар тартылды. Бұдан бөлек, 500 адамнан құралған топ әскери бөлімнен 50-60 шақырым қашықта орналасқан ауылдарды, қораларды және әртүрлі ғимаратты тексерді. Сонымен қатар бұл топ малшылар және ауыл тұрғындарымен тілдесіп, сержант Даутбаев туралы сұрастырды.Ал шопанның әскери киім киген адамның тауға қарай қашып бара жатқанын көргені туралы әңгімесіне келер болсақ, бұл әріптесіміздің жақындарына үміт отын сыйлап отырған дүние ғана. Себебі дәл қазір сержант Бауыржан Даутбаевты нақты көрдім деген бір адам жоқ.
Әрине, жақыны туралы еш хабар болмай жатқаннан кейін туыстарының түрлі қауесетке сенуі қалыпты құбылыс. Тіпті, сержант Даутбаевты көршісі түсінде көріп, бір үйде жатқаны туралы да айтылды. Алайда бұл ақпараттың ешқайсысы дәлелін таппады. Десе де, біз әріптесімізді іздестіруді тоқтатпаймыз, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Дина Мухаринова.Ал 28349 әскери бөлімі командирінің орынбасары Руслан Жылқыбаев кіші сержант Бауыржан Даутбаевты іздестіру шаралары туралы туыстары толықтай хабардар болып отырғанын айтады.
– Біздің қарулас досымыз сержант Бауыржан Даутбаевты іздеу жұмысын тоқтатпаймыз. Осы күнге дейін ата-ана, бауырларына әр жасап жатқан қадамымыз туралы хабарлап отырмыз. Бауыржанды таппайынша, жұмысты доғармаймыз, – дейді Р. Жылқыбаев.Иә, жерлесіміздің аман-есен табылғанын жұрт тілеп отырғаны анық. Алайда ел арасында «егер тірі болса, ендігі табылар еді ғой» деген әңгіме де жүргенін жасыра алмаймыз. Ал байзақтықтар «сарбаз тауды бетке алған болса, осы уақытқа дейін шекараға да жетіп қалар еді» деген болжамдарын айтады. Қалай дегенде де, жоғалған сарбаз туралы бір хабар жақын арада болып қалады деген үміттеміз. Ең бастысы, жақындарына жағымды жаңалық жетсін деп тілейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы