Түрікменстан президенті Бердімұхамедов жаңа кітап жазды
Түрікменстан президенті Бердімұхамедов жаңа кітап жазды
Сурет: © РИА Новости / Алексей Дружинин
378
оқылды

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Тәуелсіздік - бақытымыз" атты жаңа кітабын жазып шықты. Бұл туралы жексенбіде үкіметтің "Нейтральный Туркменистан" орыс тілді газеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы кітабы туралы өзі басқарып отырған түрікмен Парламентінің жоғарғы палатасы - Халк Маслахат (Халық кеңесі) отырысында айтты. Түрікменстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған отырысқа депутаттардан басқа елдің барлық басшылығы қатысты.
"Түрікменстан басшысы жиналғандарға "Garaşsyzlyk - bagtymyz" ("Тәуелсіздік - бақытымыз") деп аталатын тағы бір кітабын аяқтағанын айтып, қорытынды сөз сөйледі", - делінген газетте.
Президент тәуелсіздік - өлшенбейтін ұлы ұғым екенін атап өтті.
"Бұл сөзде ержүрек ата-бабаларымыздың еркін және бақытты өмірі туралы армандары мен ұмтылыстары, даңқты өткеніміз, сүйікті Отанымыздың бүгіні мен болашағы жатыр", - деді президент.
Бердімұхамедов жаңа кітабында ел тәуелсіздігінің ұлттық тамыры мен тарихын ашуға, сондай-ақ қазіргі заманның негізгі міндеттерін шешуде бейтарап мемлекеттің халықаралық-құқықтық мәртебесінің ролін баяндауға тырысқанын атап өтті.
"Кітапта әлемдік қоғамдастықтың барлық мүшесін біріктіруге бағытталған жоғары мақсаттарды одан әрі іске асыру мүмкіндіктері жан-жақты талданған. Ол оқырмандарға халықтарды бейбітшілік, прогресс және бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін біріктіретін идеялардың тұрақты мәнін ашады", - деді Бердімұхамедов.
Ол жаңа туынды қызықты әрі пайдалы болатынына, сондай-ақ, Түрікменстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сыйлық болатынына сенім білдірді. Түрікменстан президенті - түрікмен тарихына, ахалтеке жылқыларына, түрікмен кілемдеріне, музыкаға, тамақ дайындауға, шайға, мақал-мәтелдерге, түрікмен алабайларына және басқа да тақырыптарға арналған бірқатар жұмыстың авторы. Гурбангулы Бердімұхамедовтің шығармаларының электрон кітапханасында 60-тан аса кітап бар, олардың көбі шет тілдеріне аударылған.