Қазақстан – Түркия үшін рухани орталық
Қазақстан – Түркия үшін рухани орталық
290
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізге ресми сапармен келген Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесіп, екі ел парламенті өкілдерінің өзара іс-қимылын тереңдету туралы уағдаласты. Тараптар қос мемлекет арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан ары нығайту мәселелерін талқылады.

Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Түркиямен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлетініне назар аудартты. Бүгінде бұл жолды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде жалғастырды. Нұр-Сұлтан мен Анкара арасындағы берік байланыс нығаю үстінде. Мәжіліс Төрағасы Түркия спикерінің Қазақ­станға ресми сапарының парламентаралық байланысты нығайту үшін маңызы өте зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол мәртебелі мейманға еліміздегі заң шығару қызметінің жаңалықтары және өзара байланыстарды заң деңгейінде қолдау жайында баяндады. Атап айтқанда, түрік кәсіпкерлерінің қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризмді дамыту бойынша инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері сөз болды. Нұрлан Нығматулиннің дерегінше, Мәжіліс депутаттары жұмысқа алған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы шетелдік инвесторларға, соның ішінде түрік компанияларына жаңа мүм­кіндік ашпақ. Өз кезегінде, Мұстафа Шентоп: «Түркітілдес ел­дер­дің Парламенттік ассамблеясының Х пленар­лық отырысы Түркістан қаласында өте­тініне өте қуаныштымыз! Келесі жылы Қазақстанмен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Бұл біз үшін ерекше маңызды. Шыққан жеріміз, тегіміз Қазақстан екенін ұмытпаймыз. Қазақ еліне келген сайын ата-жұртымызға оралғандай бойды қуаныш, мақтаныш билейді», – деді. Сонымен бірге, Шентоп мырза түркітілдес елдердің байланысын нығайтудағы Елбасының рөлін атап өтіп, Қазақстанды «Түркия үшін рухани орталық» деп бағалады. Н.Нығматулин мен М.Шентоп парламен­таралық диалог, палата комитеттері арасындағы сындарлы байланыс туыстас екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға серпін береді деген ортақ тоқтамға келді. Айта кету керек, Түркия Ұлы ұлттық жи­налысының төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақ­станға ресми сапары аясында 28 қыркүйекте Түркістанда өтетін Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының Х пленарлық отырысына қатысады.

Айхан ШӘРІП