Astana Media Week апталығы басталды
Astana Media Week апталығы басталды
380
оқылды

27-28 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Astana Media Week апталығы өтіп жатыр. Биыл осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған шара әлемдік медиа үздіктерінің пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін дәстүрлі диалог алаңына айналды.

Бүгінгі заман – дамыған ақпарат дәуірі. Адамзат баласы жаһандық сынақтарға лайықты жауап беру үшін медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келеді. Себебі бүгінгі қоғамның ақпарат алуға деген сұранысы да, талғамы да өзгерген. Бұл өз кезегінде үнемі үздіктер қатарынан көрініп, бәсекеге қабілетті болуды талап ететіні даусыз. Бұл медиаапта «Фактілер мен эмоция» деп аталады. Соңғы жылдары адамзаттың жүйесін жұқартатын эмоционалдық жүктеме арта түскен. Эмоциямен берілетін ақпарат қабылдау әсерлігін әлденеше есе күшейтеді. Сонымен қатар фейктер мен  ақпараттық эпидемия қаптап кеткен заманда өз ісіне адал кәсіби журналистердің нақты, тексерілген фактілерді ғана беруі маңызды. Оның үстіне, қазіргідей індет өршіп тұрған кезде елімізде тұрақтылықтың сақталуына, қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде журналистиканың рөлі үлкен. Медиапта жұмыстарына әлемдік беделді БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппараттың өкілдері, белгілі журналистер, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғыз Республика­сының блогерлері мен құжатшылары қатысады. Мұнда цифрлық контенттің дем берушілері мен креативтік индустрия өкілдерінің өз ауыздарынан қазақстандық және халықаралық кино және телебизнестің өзекті мәселелерінен, құжатты кинолар мен сериалдардың өндірістік аспектілерінен хабардар болуға болады. Бұл шараларға кез келген тілек білдірушілер онлайн немесе оффлайн режимінде қатыса алады. Astana Media Week – әлемдік медиадағы мақсаты ортақ, бағыты бір, кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба.

Дәулет АСАУ