Литвада өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Азияның үздігі саналған Иран құрамасына қарсылас атанды. Спорт мамандары әлеуеті жоғары қос құрама арасындағы ойынның тартысқа толы болатынын айтты. Ең маңыздысы, осы ойында тұңғыш рет Әлем чемпионатының 1/4 финалында өнер көрсететін құрамамыз үшін тарихты жаңартуға тамаша мүмкіндік туып тұр.
2016 жылғы әлемдік доданың қола жүлдегері атанған Иран қазақстандықтардың турнирдегі алғашқы азулы қарсыласы. Бірақ доп додасының бұл кезеңінде мұндай қарсыластың түсуі де заңдылық. Өйткені ширек финалға осал құрама шықпайды. Ендігі кезекте Каканың командасы Мохаммад Наземшариехтің шәкірттерімен жартылай финалға жолдаманы сарапқа салып, жүлдегерлер қатарына енуге бір табан жақындайды. Айта кетейік, Қазақстан турнирді А тобында бастап, Коста-Рика (6:1) мен турнир қожайындары Литваны (3:0) жеңсе, соңғы матчта Венесуэламен тең (1:1) тарқасты. Ал 1/8 финалда Таиландты 7:0 есебімен ойсырата жеңді. Бас бапкердің барлық нұсқауын бұлжытпай орындаған Қазақстан құрамасының футзалшылары осылайша турнирдің ширек финалына өтіп отыр. Мұның өзі құрамамыздың Каунастағы турнирге үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Жалпы, Қазақстан 2020 жылдан бері өткізген 12 ресми матчының ешқайсысында жеңіліс көрмеген. 11-інде асығы алшысынан түсіп, 1 матч тең аяқталған. Соңғы рет ресми матчта Румынияға есе (1:3) жіберген. Ол осы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өткен ойын еді. Ал осыған дейін Иран мен Қазақстан екі мәрте өзара кіл мықтыны анықтаған. 2017 жылы өткен жолдастық кездесуде Иран 1:2 есебімен жеңіс тойын тойласа, 2019 жылғы жолдастық матчта да 1:2 есебімен ирандықтар басым түскен. Литва жерінде өтетін үшінші кездесуде Игита бастаған футзалшыларымыз бұған дейінгі кеткен есені қайтаруға бар күшін салып көрмек. F тобында жарыс жолын бастаған бұл жолғы қарсыласымыз Иран құрамасы Сербия (3:2) мен АҚШ-ты (4:2) жеңгенімен, одан кейінгі ойында Аргентинадан жеңілді (1:2). Сөйтіп, алты ұпаймен топтан екінші орынмен шықты. Ал 1/8 финалда Өзбекстанды 9:8 есебімен жеңіп, Қазақстанның ширек финалдағы қарсыласы атанды. Иран 2016 жылғы Әлем чемпионатында қола жүлдені еншілеген, Азия чемпионатында 12 мәрте топ жарған мақтаулы ұжым.Қазақстан 2020 жылдан бері өткізген 12 ресми матчының ешқайсысында жеңіліс көрмеген. 11-інде асығы алшысынан түсіп, 1 матч тең аяқталған.
Қазақстанмен өтетін жауапты ойынға дайындық барысы туралы айтқан Иран ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мохаммад Наземшариехтің сөзінен командасының Қазақстанды жеңіп, үздік төрт құраманың қатарына енуді мақсат тұтып отырғанын аңғаруға болады. – Қазақстан құрамасы – құрамы бойынша бұл Әлем чемпионатындағы үздік командалардың бірі. Әрине, Қазақстанмен ойын біз үшін оңай болмайды. Бірақ біз қарсыласымыздан басым түсуге тырысамыз. Алдыңғы 2016 жылғы Әлем чемпионатында өздеріңіз көргендей, Бразилия құрамасын жеңдік. Бүгінде Еуропа мен Азиядағы командалардың арасында аса қатты айырмашылық жоқ десе де болады. Өйткені Азиядағы спорт айтарлықтай алға жылжыды. Мұның ішінде футзал да бар. Көріп отырғаныңыздай, Азияның бес командасы осы жарыстың 1/8 финалына өтті. Мұның өзі үлкен жетістік. Біз бұл жетістікпен тоқтап қалмаймыз, – деді М.Наземшариех. Ал футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Әміржан Мұқанов ширек финалдық ойында Қазақстанның жеңіске жететініне cенімді. «Нұр-Сұлтан» футзал клубының бас бапкері Нұржан Әбдірасылов та жауапты ойын алдында Каканың тәлімгерлерінің асығы алшысынан түседі деп топшылады. – Иран – футзал әлемінде ойып тұрып орын алған құрама. Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Біздің жігіттер де ирандықтардан кем емес. Иә, осы уақытқа дейін Иран командасымен талай рет кездесіп, жеңе алмай келеміз. Сондықтан Ираннан есе қайтаратын уақыт келді. Өте маңызды матч. Командадағы ойыншылардың біразымен күнде байланыстамын. Олардың жеңіске жетуге деген ұмтылысы қуантады. Жауапты ойында ұлттық құрамамызға жеңіс тілеймін, – деді елордалық клубтың жаттықтырушысы. Әу бастағы көпшіліктің болжамы бойынша Әлем чемпионатының жартылай финалына Марокко мен Ресейді жарыстан шығарған Бразилия мен Аргентина құрамалары шықты. Енді Иран мен Қазақстан, Португалия мен Испания арасындағы кездесу жартылай финалға жолдама алатын тағы екі құраманы анықтап бермек. Кейін Каунастағы үздік төрттіктің тартысқа толы кездесулерін тамашалаймыз. Оған дейін Азияның 12 дүркін чемпиондары Иран құрамасына қарсы өтетін супер ойында отандастарымызға жанкүйерлік танытып, құрамамыздың жеңіске жетуін тілейміз. Айта кетейік, Қазақстан – Иран матчы 27 қыркүйек күні Каунаста өтеді және Нұр-Сұлтан уақытымен 23.00-де басталады. Ойынды жанкүйерлер тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.Абылайхан ЖҰМАШ