Тендер шайқасы кәсіпкерді күйзелтіп бітті. 117 мыңдай бизнес нысаны «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізілген. Өйткені тендер жеңімпазына жеңілгендер жабылады, үстінен арыз жазады. Әрбір шағым қаралғанша шартқа қол қою доғарылады. Бұл жобаны іске асыру мерзімінің созылуына әкеліп соқтырады. Ал мерзім мен міндетін сақтамаған мердігер ақысын да ала алмайды әрі әлгі «қара тізімге» кіреді. Сөйтіп, 2 жыл бойы ешбір мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Үкімет бұл кесірлі тәжірибеге тосқауыл қоюдың жолын ұсынды.
Тендер-буллингтен табыс табады
Нарық қатысушылары «кәсіби шағымшылар» немесе «тендерлік киллер» деген кейіпкерлердің кім екенін біледі. Олар мемлекеттік сатып алуды орындаудан емес, конкурс-тендерді тоқтатудан табыс табады. Бұл «кәсіп» иелері мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақытша тоқтатылуына қол жеткізеді де, жеңімпаз мердігер өкілінің өзіне шығуын күтеді. Мүдделі тарап оның сұраған ақысын берсе, сатып алу қорытындысына шағымын кері қайтарып ала қояды.Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Берік Нажмиденов ақпарат құралдарына осы схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірген болатын: «Шағымшы қарсылығын кері шақыртып алса, сатып алу рәсімі ары қарай жалғасады. Олардың әрекетінің астары осы: шағымшы сатып алу рәсімін тоқтата алады, содан соң өзіне мүдделі компания өкілінің жүгінуін күтеді. Осылайша, олар келісімшартты орындаудан емес, конкурсқа кедергі келтіруден табыс көреді. Сондай-ақ келісімшарттың орындалмауына мүдделі қатысушылар да шағымшыларға ақы төлеуі ықтимал», – дейді комитет басшысы.Тендер бұзушылар сонымен бірге жемқор шенеуніктерге сатып алу рәсімдері мен заң талаптарын айналып өтіп, өнім не қызметті бір көзден, сыбайлас компаниядан сатып алуына жол ашуы мүмкін. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның шешімі өзінің құқығы мен заңды мүдделерін бұзды деп санаса, онда қатысушы олардың әрекетіне не әрекетсіздігіне, басқа да шешімдеріне шағым жасауға құқылы. Кәсіпкерлердің бұл құқығын ешбір заң жоя алмайды. Оның үстіне 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап satypalu.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталында «Электрондық шағымдану» функционалы енгізілді: содан бері бұрынғыдай конвертті алып, еңселі кеңселерді жағаламай-ақ, шағымдарды ЭЦҚ көмегімен интернет арқылы жолдай салуға болады. Бұл жеке сот орындаушыларының интернет арқылы кез келген адамның есепшотын бұғаттай салуына ұқсас және кез келген кәсіпкердің басына нағыз әңгіртаяқ ойнататын, кез келген мемлекеттік мекеменің, әкімдік пен министрліктің жұмысын дағдартатын ауыр тетік.
Арыз тасқынының астында қалды
Сайт арқылы арыздану арнасы ашылғаны сол-ақ екен, шағымдар тасқындап қоя берді. Мысалы, 2015 жылы мемлекеттік сатып алулар рәсімінің қорытындысына небәрі 2 265 шағым түскен. Ал наразылықты электронды форматта білдіру енгізілген алғашқы 2019 жылы шағым саны 19 мыңнан асып кеткен. Оның ішінде 11 мыңы немесе 57%-ы ғана қанағаттандырылды, қалған 8 мыңдайы негізсіз деп танылды. Мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуын бақылайтын уәкілетті орган – Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің дерегінше, 2017-2021 жылдары түскен шағым саны 155 981-ге жетті. Қарау қорытындысында соның 79 985-і (51,8%-ы) толық не ішінара қанағаттандырылды. Ал 74 210 шағымды (48,2%) қанағаттандырудан бас тартылған. Шағымшылары көп өңірлерге тоқталсақ, Нұр-Сұлтан бойынша жалпы саны 16 686 қарсылық түскен, оның 5 616-сы немесе бар-жоғы 33,6%-ы негізді деп танылды, басым бөлігі 11 070 шағым (66,4%-ы) расталмады деп жарияланды. Қызылорда облысында да негізсіз шағым саны тым көп: 6 580 шағымның 3 650-і немесе 57,2%-ы. Шымкентте – 7 270 шағымның 3 980-і (54,7%), Атырау облысында 2 780 шағымның 1 490-ы (53,5%) қанағаттандырылмады. Өзге өңірлерде жағдайдың оңып тұрғаны шамалы: Маңғыстау облысында 2 837 шағымның 1 475-і (52%), СҚО-да 4 343 шағымның 1 964-і (47,3%) қанағаттандырылмады. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, шағымдардағы басты дәлел-дәйектер көпшілігінде «қатысушыға шартты жеңілдіктерін бермей қоюға» не «басқасына оны заңсыз ұсынуға», «конкурсқа лайықсыз қатысушыны заңсыз жіберуге», «өтінімдерді негісіз қабылдамай тастауға», «сатып алуды лоттарға бөлмеуге», «шектен тыс жоғары немесе негізсіз талаптар қоюға» қатысты болып келеді. Мысалы, мемлекеттік мекемелердің бірі кеңсе тауарларына ірі көлемде тапсырыс бергенде, қатысушылардың өзінен 2 шақырымдық радиус ішінде орналасуын талап етіпті. Бұл кеңсесі жақын тұрған әлдебір компанияның мүддесі үшін жасалған болуы мүмкін. Қарсы шағым түсірілгеннен кейін негізсіз талап өзгертілген.Шағым шырғалаңынан кім ұтады?
Жалпы, сатып алу қорытындысына шағым келтіруді «тендер киллерінен» басқа да қатысушылар белсенді пайдаланады. Бұдан кәсіпкерлер ғана емес, тапсырыс берушілер де, халық та зардап шегеді. Өмірден нақты мысал келтірелік. Биылғы жаз бойы әсіресе, Павлодар жұртшылығы сары масаға таланумен болды. Сырттағы жан мен жануарға маса қырғидай тиіп, маза таптырмады. Мұндай ұсақ жәндіктер тауық, үйрек, ұсақ малдың тыныс алу жолдарына дейін кіріп кетіп, жануарлар қырылды. Әлеуметтік желіде #таланғанпавлодар (#искусанныйпавлодар) хэштегі танымал болды. Биылғы мамырда Павлодар қаласының сол кездегі әкімі Ержан Иманслям шыбын-шіркейді улаумен айналысатын мердігер анықталғанын, бұл іске 52 миллион теңге бөлінгенін жариялады. Алайда ізінше конкурстың қорытындысы жойылғаны анықталды. Сөйтіп, облыс көлемінде осындай жұмыспен шұғылданатын мердігер «Казахсельмаш-Строй» ЖШС-не Павлодар қаласын дезинсекциялаумен де қоса айналысуға тура келіпті. Павлодар облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Асаин Байханов хабарлағандай, облыс орталығында қос қанатты қансорғыштармен күресетін ешкім жоғы белгілі болысымен, уақыттың тығыздығына байланысты сондай шұғыл шешім қабылданған. Дегенмен мұндағы жағдай да екіұдай болып шықты. Павлодар облысы аумағында қансорғыш жәндіктердің популяциясын бақылау бойынша дезинсекциялық қызметтер көрсету конкурсын облыстық Мемлекеттік сатып алулар басқармасы биылғы көктемде ұйымдастырады. Оған 1 млрд 574 миллион теңге бөлінген. 2021 жылғы 19 сәуірде өткен тендер қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес, «Астаналық дезинфекция» ЖШС жеңімпаз деп танылады. Бұл елордада танымал кәсіпорын, тиісті базасы бар, демек Павлодар өңірін қансорғыштардан адалауға жедел кірісіп кетуіне болатын еді.Алайда 26 сәуірде «Казахсельмаш-Строй» ЖШС-нен барлық қатысушыға қатысты үлкен шағым түседі. «Камералдық бақылау жүргізу нәтижесінде «Казахсельмаш-Стройдың» шағымындағы бірқатар дерек қана расталды. Соған қарамастан Павлодар облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің шешімі негізінде 28 сәуірде ұйымдастырушы барлық 5 қатысушының өтінімдерінен бас тартты. 29 сәуірде конкурс қорытындысы қайта қаралып, «Казахсельмаш-Строй» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Дұрысы, ереже бойынша ұйымдастырушы өзге жеткізушілерге өтініштерін сәйкес келтіруіне уақыт беруі тиіс еді», – дейді қатысушының бірі – «Қазақстандық өнеркәсіпке жәрдемдесу институты» ЖШС басшысы Ернар Мұқанғалиев.Былтыр Жамбыл облысы әкімдігінің Энергетика және ТКШ басқармасы «Тараз теміржол көлігі және коммуникациялар колледжі» КМҚК үшін оқу жабдықтарын сатып алуға ашық конкурс жариялайды. Сатып алынатын зат – сынақ кешені (177,7 млн теңге) және әрқайсысының бағасы 77 млн теңге тұратын 2 тренажер-имитатор. Қорытындысында Business Investing (BI) ЖШС жеңімпаз деп жарияланады. Бұған келіспеген өзге жеткізушілер облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым жазады. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы жойылады. Әрине, жеңімпаз да оқиғаның бұлай өрбуін құптамай, қарсы шағым түсірген. Қарсыластарының дәйектемелері негізсіз екенін дәлелдеуге тырысқан. Алайда оны тыңдар құлақ болмады. Әдетте көп шағым түссе, билік тендер жеңімпазын қорғаштамайды. Содан сәуір айында жаңа хаттама жарияланып, оған сәйкес, басқа компания жеңіске жетеді. Ғажабы сол, ол өзгелерге қарағанда жоғары баға ұсынған көрінеді. BI басшысы Тимурлан Құлыбаевтың айтуынша, «егер ең төмен бағаны ұсынған басқа әлеуетті өнім беруші таңдалғанда, тапсырыс беруші 114,8 миллион теңге үнемдейтін еді». Мысалы, «Милана INVEST» сынақ кешенін 53,7 миллион теңгеге жеткізіп беруді ұсыныпты. Алғашқы жеңімпаздың кейінгі жеңімпазға шағымы негізінде Ішкі мемлекеттік аудит комитеті аудиторлық тексеру жүргізген. Оның нәтижесі жарияланбады. Мұндай оқиғалар барлық өңірде жетерлік.
Шағым беру ақысы анықталды
Шағымдар легінің еселеп артуы уәкілетті меморганға да ұнамайды. Сол себепті Қаржы министрлігі жаңа тетікті енгізуге кірісті. Оған сай, алда шағым беру ақылы болуы мүмкін.«Жыл сайын мемлекеттік аудит органына әлеуетті өнім берушілерден мемсатып алу мәселелері бойынша негізсіз шағымдар көп түседі. Тендер қорытындысына шағымдар шарт жасасуды тоқтата тұруға әкеп соғады, бұл мемлекеттік сатып алу процесін созбалаңға салып жібереді. Шағым берушілердің арасында «кәсіби шағымшылар» пайда болды, олар шағым жасауды заңсыз пайда табудың құралына айналдырды. Негізсіз арыздануды болдырмау мақсатында шағым беруді ақылы ету ұсынылады», – деп хабарлады министрлік.Мұндай тәжірибе шетелде, соның ішінде Грузия, Украина, Арменияда қолданылады. Жаңа тетік кәсіпкерлердің үлкен бөлігін қамтығалы тұр. «Мемлекеттік сатып алудың қатысушылары тізіліміне» жүгінсек, қазірдің өзінде 367 935 конкурс-тендерлерге қатысушы бизнес нысаны тіркелген. Ақы тек шағым берушіден жиналады. Оның дәлелдері расталса, тиісті төлемі қайтарылады. Расталмаса, төлем бюджет кірісіне аударылады. Төлем мөлшерін, оны енгізу және қайтару тәртібін уәкілетті орган, яғни Қаржы министрлігі анықтайтын болады. Төлем көлемі лот сомасына байланысты болады. Бірақ миллиардтаған теңге тұратын тендерлер бойынша төлем сомасы тым жоғары болса, қатысушылар заңбұзушылық пен әділетсіздікке жолықса да тәуекелге бас тіккісі келмей, үнсіз қалуы мүмкін. Сондықтан шағым беру ақысының шекті сомасы белгіленбек. Қаржы министрлігінің ұсынуынша, төлем мөлшері лот құнының 0,1%-ына тең болмақ, бірақ 100 АЕК-тен (291 700 теңгеден) аспайды. Мысалы, лот сомасы 1,3 млн теңге болса, шағым түсіру төлемі – 1 300 теңге. Егер лот сомасы 1,3 миллиард теңге болса, төлем 291 700 теңге болмақ. Мұндай «сүзгі» сатып алу қатысушыларын тәртіпке түсіріп, өшіккеннен беталды арыздана беруден аяғын тартуына түрткі болады деп күтілуде. Сондай-ақ бюджетті толтырудың жаңа көзі пайда болуы мүмкін. Жаңа тетік өмірге жолдама алуы үшін министрлік «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңын өзгертетін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.
Айхан ШӘРІП