Үкімет үйінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында министрге «Бүгінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет мәселесі өзекті болып отыр. Кейбір аналар әлеуметтік көмек аясында берілетін азық-түліктің сапасына наразы. Көрсетілген видеода оның ішінде құрт-құмырсқа өріп жүр. Осы мәселеге қатысты не дейсіз?» деген сауал жолданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов аталған факті бойынша тексеру жүргізілетінін және расталған жағдайда тиісті шара қолданылатынын айтты.
«Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет шарасы аясында тегін азық-түлік жиынтығы беріледі. Бұл жерде азық-түлікті жеткізген бойда бірден ашып, тексеріп алған жөн. Егер талапқа сай келмесе, онда алушы азық-түлікті қайтарып беруге құқылы. Біз осыған дейін «Магнуммен» бірлесіп осыған ұқсас келіп түскен шағымға сәйкес тексеру жүргіздік, факті расталмады. Сондықтан да азық-түлік жиынтығы дұрыс болмай шыққан жағдайда дереу бас тартып, ол туралы біздің министрлікке хабарласуға болады», – деді Серік Шәпкенов.