Ілияс Есенберлин – «Алтын орда», «Көшпенділер» сияқты ауқымы жоғары тарихи шығармалар жазған қазақтың көрнекті жазушыларының бірі. Ал оның «Мұхиттан өткен қайық» романы өмірбаяндық шығарма десек те болады. Бұл шығарма 1960 жылдары жазылғанымен, ұзақ уақыт жарыққа шықпаған. Романның шықпауына не кедергі болды? Цензура ма?
Брежневке неге хат жазды?
Бұл өмірбаяндық хроника ғана емес, көркем шығарма. Автор өзі куә болған дәуір шындығын бейнелеуге тырысқан. Қаламгер көзі тірісінде бұл романын жарыққа шығарамын деп қанша талаптанса да, талай рет кедергілерге ұшырап, тіпті бірнеше рет түзеп, күзеп, өңдеуден өткізуге тура келген. Тіпті, романын шығару үшін тікелей Брежневтің өзіне өтініш-хат жолдаған. Деректерге сүйенсек, романның жарияланбауының бір себебі – «І.Есенберлиннің жаңа романы – проблемалық шығарма. Бірінші проблема: он шақты беті М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы секілді алашордашыларды ақтау керек дегенге арналған. Автор жазушылық этиканы да сақтамайды. Мысалы, қаламдас әріптестерін ешбір дәлелсіз «таза», «таза емес» деп бөліп, кейбір қазақ әдебиетшілерінің еңбектерінің құндылығына күмән келтіреді»… Профессор Жандос Смағұлов бұл роман туралы: «Ілияс Есенберлин тоқырау жылдарындағы күрделі әрі шектеулі талаптарға қарамастан, 1932 жылғы ашаршылық зардаптарын, «тың эпопеясы» кезіндегі кейбір келеңсіздікті, ел басқарған біраз қайраткердің болмыс-бітімін шынайы жасауды мақсат тұтқан. Сондай-ақ қазақ тарихын таныту, сол тарихтың әрқилы кезеңдеріндегі азаматтар тұлғасын көрсетіп беру роман желісінен өзекті орын алған» деп жазады. Сыншы қаламгер оларға жазушылық тұрғыдан баға бере келіп, басшы қызметкерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдерінің ақыл-ойына тұсау салған кеңестік идеологияның барлық сырын ашып бергенін, Айбол тағдыры сол дәуірдегі халық қамын, ел мұңын ойлаған адамдардың бастан кешкен өмірі екенін айтады. «Жазушы өз кейіпкерлерін сомдағанда бірін – ақын, екіншісін – геолог, үшіншісін – мүсінші және дәрігер, төртіншісін кен инженері есебінде алып көрсеткенімен, олар өткен жол, өмір тарихы арқылы 1917 жылдан кейінгі бүкіл қазақ интеллигенциясының басынан кешкен тіршілігін, шежіресін жасаған. Сол арқылы өткенді жаңаша бағалауға, түйсінуге, сезінуге, лайықты бағасын беруге ұмтылыс жасалынған», – дейді ғалым. Есенберлиннің бұл шығармасы туралы жазушы Қабдеш Жұмаділ де өзінің «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романында жазады. Онда: «Бастаған шығармасын жазып бітіргенше, жазылған кітабы жарық көргенше тағат таппайтын Есенберлин «Мұхиттан өткен қайық» атты бір романын қанша күш салса да, шығара алмай кетті. Бұл да сол кездегі тоталитарлық жүйені жеріне жеткізе әшкерелейтін реалистік шығарма еді. Кітаптың жарық көруіне Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Имашевтен бастап сол тұста баспа маңында жүрген белсенділер түгелдей қарсы болды. Алматыда қазақшасын шығаруға тыйым салумен тынбай, романның орысша аудармасы Мәскеудің «Новый мир» журналына басылайын деп жатқанда осы жақтан хат жазып тоқтатып тастады» делінген.Қаламгер қайығы
Алаштанушы ғалым Ғибрат Дулатұлы Есенберлиннің өмір сүрген заманы Кеңес үкіметінің күшейіп тұрған кезі екенін айтады. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» сияқты тарихи романдарды жазғаннан кейін өзінің заманында өмір сүрген Қонаев секілді тұлғасына бір роман арнап жазғысы келген. «Мұхиттан өткен қайықты» жазуының сыры – осында. Өкінішке қарай, бұл шығармасы жазушының көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Біріншіден, өзі туралы шығарманың жазылуына Қонаевтың өзі қарсы болған деседі. Екіншіден, Алаш тақырыбы. Бұл тақырып ол кезде әлі жабық болатын. Қаламгер бұл мәселені Жазушылар одағында бірнеше рет көтерген екен. Ол кездері Мағжанды ақтау деген мүмкін емес заман ғой. Ақынды ақтауға қарсы шыққандар да болған. Мұның бәрі кітапқа енген», – дейді. Шығармадағы ең мықты диалогтердің бірі Кенен Әзірбаевтың Ақылбекке келуі екенін айтады ғалым. Жазушы Ахмет Байтұрсынұлы туралы керемет деректерді Кенен Әзірбаевтың аузына салады. «Мен қателеспесем, бұл романды Есенберлин қоры 2001 жылы жарыққа шығарды. Бірақ аз данамен шығып, көп тарала қойған жоқ. Бұл кітапты кітапханадан да табу қиын», – дейді ғалым. «Мұхиттан өткен қайық» – қаламгердің соңғы шығармаларының бірі. Романды есенберлинтанушылар ғана зерттеп-зерделеген. Қалың оқырманға жете қоймаған. «Біздің қолда – сыңарезу цензураның талаптарына сай келмей, қайта-қайта жонылып, бағы ашылмай отыз жылдай баспахана сандығында сүрленіп жатып қалған романның ондаған нұсқасының бірі емес, түзетусіз түпнұсқасы, яғни 1960 жылдардың аяғында туған туындысы», – дейді әдебиеттанушы Бауыржан Сегізбаев. Алашорда тақырыбы әлі де жабық кезде Шәкәрім, Ахмет, Мағжан туралы, ашаршылық жайлы сол кезде бірдеңе деп қана қоймай, кітапқа жазуының өзі ерлік деп отыр әдебиеттанушы. «Кітаптағы сондай бір детальға соқпай кете алмадық. Университетте жастар Мағжан Жұмабаевтың кешін өткізіп, бастары бәлеге қалады. Бәленің басы – өзіміздің «батырлар» баяғы. Мағжан өлеңдеріне өлердей өш кілең классиктер тағы да қолдан құйын соқтырады ғой. Басшының басы сондай қиқымдардың бітпес-бітіспес дау-дамайымен даңғайыр болып жатқан кезде Ақылбектің қабылдауына Кенен Әзірбаевтың келуі, Мағжан жайында өз ойын күлбілтелемей өрбітуі роман реңіне рең қоса түскендей», – дейді әдебиеттанушы. Ол сөзіне дәлел болу үшін романнан үзінді келтіреді. Онда: «Бізге қазір Алашорда деген не? Біз қазір күштіміз. Күшті қоғам әрқашанда кеңпейіл, жақсылықшыл келеді. Ал дарын қай заманда болса да, дарын қалпында қалады. Дарыны оның кітабында, өлеңінде, ісінде қалады. Бұл солай ғой. Менің балам да оқымысты адам. Әлдеқалай соның маған «қазір тіл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» мен «Әдебиет танытқышының» бір тарауын алып, өзінше талқылап, толықтырып, жаңадан мысалдар келтіріп ғалым болғандар көп» дегені есімде. Ал Ахметтің сол «Тіл құралы» әлдеқашан жазылды! Егер жұрт содан бері негізінде сол «Тіл құралдан» шыға алмай жүрсе, Ахмет оқымысты дарын емей немене? Енді Мағжанды алайық. Жас кезімізде қайсымыз оның өлеңіне таңғалған жоқпыз. Қайсысымыз оның махаббат жайындағы жазғандарын жаттап алмадық? Одан бері көп жыл өтті ғой. Қазір өлеңді одан жақсы жазатын ақындар да көп шығар. Бірақ ол жетсең де жеткізбейтін, озсаң да оздырмайтын ақын. Өйткені ол өз кезінің биігі, қазіргі күндік емес, өз кезінікі. Ал қазіргі күнді шегіндіріп, ол күнге апара алмайсың. Қазір оның өлеңдерінің күші қандай, білмеймін. Және бұл бөтен шаруа» деген сөздер бар. «Идеологиялық құлдықты жаңа күйге айналдыру – көзқарас пен ойлау бостандығы. Ақиқаттың ақ туын жерге жықпаған жазушының бұл туындысы да әлі талай зерттеулерге жүк болары сөзсіз», – дейді. Қазақ әдебиетінде 17 роман жазған қаламгердің «Мұхиттан өткен қайық» шығармасын әдебиет зерттеушілері әлі де зерттей жатар. Бастысы, тоқырау жылдарындағы күрделі әрі шектеулі талаптарға қарамастан, 1932 жылғы ашаршылық зардаптарын, «тың эпопеясы» кезіндегі келеңсіздіктерді шынайы көрсетуді мақсат тұтқан жазушының бұл шығармасы кешігіп болса да, оқырманына жетіп жатқаны қуантады. Бізде жыл сайын баспалар дайын тұрған кітаптарды атауын, не сериясын өзгертіп қайта басып жатады. Оқырманды не қызықтырады? Қандай кітаптар өтімді? Нарық сұранысын ескеру жағы ескеріле бермейді. Осы ретте кеңестік кезеңде өмір сүрген қаламгерлердің кезінде шықпай қалған немесе түрлі «идеологиялық өңдеуден» өткен туындыларын әу бастағы түпнұсқа негізінде қайта басып шығарғандары жөн болар еді. Мәселен, Бекежан Тілегеновтің романдары пышақ үстінен өтіп кетті. Сол секілді «жонып», «түзеу мен күзеуден» өткен шығармалар арасында Ілияс Есенберлин тәрізді кітабы жарық көрмей кеткен қаламгерлердің архивтерін терең зерделеудің де уақыты жеткендей!Айым БЕКТҰР