Би өнері – талғам мен сезімді, жинақылық пен нәзіктікті қимыл арқылы суреттей алатын бекзат өнер.
Талғамы биік би театры
522
оқылды

Сондай-ақ биді халықтың мәдениетін, ұлттың эстетикалық болмысын, мінез-құлқын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын әуенге ілесе мың бұралған нәзіктікке сыйдыра білген шеберлік десек болады. Қазақтың би өнері ықылым заманның өзінде-ақ белгілі бір мән мен мағынаға ие болғанын білеміз. Мәселен, бақсылық-балгерлік бағыттағы шипагерлік қимыл-қозғалыстарда би элементтерінің бар екенін аңғару қиын емес. Сондықтан қазақ өнерінің киелі тармағы саналатын бидің де дәуірлер тізбегінде түрленіп, дамып отыруы заңдылық.

Кеше ғана 25 жылдық мерейтойын тойлаған «Наз» мемлекеттік би театры –  ұлтымыздың өрнекті өнерін өркендетуде өз қолтаңбасы бар үлкен ұжым. Би театры ұлттық би өнерінің ізін жалғай, замана үні­мен үндесе жаңаша қадам, тың идея­ларымен ширек ғасыр сахнада өзіндік соны соқпағын сала білді. Өз елімізде ға­на емес, шет мемлекеттер сахнасында да көрермен көзайымына айналып, еліміздің мәртебесін биіктетті. Бүгінде тарихқа айналған ұмытылмас кездер көр­ме болып ашылып, кітап болып басылып, шашу болып шашылды.

Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында  өткен мерейтойға қазақ хореографиясының майталмандары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, театр артистері қатысты. Мерейтойлық қойылым ретінде таңдалған «Алдар көсе» хореографиялық спектаклінің премьера­сына халық көп жиналды. Бұл хореография­лық спектакль – «Наз» би театрының XXV маусымдағы ірі жобаларының бірі. Көрермен көзайымына айналған спек­такльдің айтары көп. Жақсылық пен жамандық, жомарттық пен сараңдық, достық, махаббат хикаяларына құрылған қойылымның қазақ фольклоры мен этно­графиясын насихаттаудағы орны бөлек. Салтанатты рәсім барысында театр тойына арналған толассыз құттықтаулар мен ізгі тілектерге толы хаттар оқылып, мерейтой­дың мерейін асырды.

«Наз» мемлекеттік би театрының ди­ректоры Еркебұлан Ағымбаевтың айтуынша, театр ұжымы – қазақтың мыңжылдық тарихын, көне өркениеті мен мәдениетін хореография тілінде сөйлетіп жүрген кәсіби мамандар.

– Театрдың басты ұстанымдарының бірі – қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау болса, қойылымда қазақтың тұрмыс-салт жырлары, дәстүрлері де көрініс табады. Жалпы, «Наз» мемлекеттік би театры соңғы жылдары қазақ хореогра­фиясында ерекше орын ала отырып, тек танымалдыққа ғана қол жеткізбей, соны­мен қатар көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Театр шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, халықаралық дең­гейде де танылды. Осы уақыт ішінде театр хореографтары өз қойылымдарында романтикалық нәзіктік пен драмалық шиеленістен бастап, кең ауқымды эмо­циялар мен терең сезімдерге дейінгі түрлі оқиғаларды көрсетуге жетті. Театр бірнеше буын хореографтар мен орындаушыларды тәрбиелеп, олардың еңбектері арқылы театрдың даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Театрдың жетістігі мен құпиясы да, бәлкім, осы адалдық пен шеберлікте жат­қан шығар, – дейді Еркебұлан Ағымбаев. 

Қажырлы еңбек пен толассыз ізденістің арқасында толайым табыстарға жеткен «Наз» ансамблі 1999 жылы астаналық филармония жанынан 4 биші қыздан шағын ансамбль ретінде құрылып, бүгінде «мемлекеттік театр» деген статусы бар үл­кен өнер ордасына айналды. Астанамен түйдей құрдас театр туралы ойын ортаға салған елордамыздың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып, қаланың мәдениет кеңістігінде айрықша орын алды. Спек­такльдерде классикалық балеттен бастап, заманауи би бағыттарына дейінгі жанр­лардың әртүрлілігін көруге болады. Театрдың хореографтары нәзік сезімді бейнелейтін көріністерден бастап тарихи-драмалық шиеленіске толы кең ауқымды эмоцияларды жеткізе алатын хореография­лық спектакльдерді сахналады. 

25 жыл – тарих. Ізденіс, талпыныс, даму және өткенді салмақтап, сәл аялдап, келер күнге керемет жоспарлар жасайтын уақыт. Сондықтан тарих таңбаланып, жоспарлар талқыланады емес пе?! Осы орайда елордалық Ұлттық музейде «Наз» мемлекеттік би театры – ұлттық бидің феномені» атты дөңгелек үстел өтті. «25 жылдық белес» атты көрме ұйымдастырыл­ып, кітаптың тұсауы кесілді. Би театры туралы жазылған алғашқы кітап авторы Толқын Сұлтанның айтуынша, кітап маз­мұны нақты деректерге сүйеніп, «Наз» театрының қалыптасуына ықпал еткен азаматтар мен әртістердің есте­ліктеріне құрылған, әдеби көркем шығарма емес.

– «Осы кітапты жазсаң» деген ұсынысқа бір жыл ойланып, әрең келістім. Келіспеген себебім, аз уақытта материал жинап, оны қа­ғазға түсіру, түсіну, қорытынды шығару оңай емес. Ал келіскен себебім, өзім қыз­мет ете жүріп, жан-дүниеңнің осы әлеммен тұтасып, шабыт алып, әртістердің жанкештілігіне таңғалып, өз бағасын ала алмаған кездерінде қарның ашып, жүрегің сыздайды екен. Сондықтан аз болса да, осы театрдың дамуына өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіргім келді. Қазақ өнерінің жанашыры, аңыз адам Өзбекәлі Жәнібековтің шекпенінен шығып, тәрбиесін көрген, өнерді шын түсініп, бағалай білетін би өнерінің майталмандары Қадиша, Еркебұлан Ағымбаевтардың Ө.Жәнібековтен көрген ұлағатын өз тәжірибелеріне арқау етіп, үлкен ұжым құруы кездейсоқтық емес. Өз-ағаңның аты бекерге аталып отырған жоқ. Қазақ өнерінің, оның ішінде жоғалуға шақ қалған би өнеріне жанашырлық танытып, 1985 жылы Алматы облыстық атқару комитетінде қызмет атқарып жүрген кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым Ө.Жәнібековтің тікелей қолдауымен «Алтынай» би ансамблі құрылған еді. Сол ансамбльдің құрамында болған ерлі-зайыпты Ағымбаевтар Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Ольга Всеволодская-Голушкевичтің би қойғандарын көзімен көріп өскен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдиева, Мәдениет қайраткері Дана Мырзабекова, Үсен Мақанов пен Тойған Ізім, Талғат Қылыш­баев, Айгүл Құлбековалармен бір ұжымда еңбек етіп, би өнерінің қайнарынан тіке­лей сусындаған нағыз мамандар. «Наз» мемлекеттік би театры – халық биін тұңғыш кәсіби сахнаға шығарған Ысқақ Быжыбаев, Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров сынды хас шеберлер идеясының XXI ғасырда іске асып, кемелденген түрі, – деді Толқын Сұлтан.

Кітаптың «Наз» би театры үшін ғана емес, тұтас қазақтың би өнеріне  олжа салған  ұлт рухы үшін маңызды дүние екенін өз кезегінде сөз алған философия ғылымдарының докторы, профессор,  ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қай-раткер Сайлау Батыршаұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, ҚР Мәденеиет қайраткері Оспан Сүлейменұлы да айтып, лайықты бағаларын берді. 

Жалпы, қазақ би өнерінің тарих бет­терін парақтар болсақ, «Наз» мемлекетік би театры елімізде ашылған алғашқы кә­сі­би би театры екенін көреміз. Сондық­тан болар «25 жылдық белес» атты көрме «Наз» би театрының ғана емес, тұтас қазақ би өнерінің қалыптасу, даму жолы­ның шежіресін сөйлеткендей әсер қал­дырды. Көрмеде «Фотосуреттер», «Пре-мь­ера­лар мен концерттер», «Сахналық кос­тюмдер» атты бөлімдерге қойылған әрбір жәдігер би өнерінің  тарихымызды дәріптеп, көркем туындылармен жұрт­шылықты рухани сусындатудың ықпалды құралы екенін дәлелдеді. Сондай-ақ әр мемлекетке барған гастрольдік сапарлар мен байқауларда сыйға алған кәдесыйлар мен театр артистерінің өздері тұтынған реквизиттер де бидің халық үшін қан­шалықты құндылыққа ие екенін ұқтыра түскендей болды.

Ал халқымыздың арғы-бергі би тарихын сараптап, талдап, осы өнер саласындағы ізденістер мен талпыныстарды, жеңістер мен жетістіктерді, мақсат пен міндеттерді және шешілуі тиіс мәселелерді талқылаған дөңгелек үстелдің жөні бөлек.  ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гайникамал Бейсенова, философия ғылымдарының докторы, профессор, Шымкент қаласы саз колледжінің директоры Сералы Тлеу­баев, «Абай» атындағы Қазақ ұлттық педа­гогика университетінің қауымдасқан профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері   Та­лант Жамбылұлы,  Ж.Тәшенов атындағы университеттің «Өнер» кафедрасы меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Балжан Тлеубаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, өнертану кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Айт­қалиева, өнертану ғылымдарының кан­дидаты, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі Гүлнәр Жұма­сейітова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің  иегері, Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансам­блінің бас балетмейстері Гүлбану Мырза­баева, М.Х.Дулати атындағы Тараз  уни­верситеті мәдениет және өнер кафе­­дра­сының аға оқытушысы, педагогика ма­гистрі Хадия Караматуллаева баяндама жасап, «Наз» мемлекеттік би театрының шығар­машылық еңбек жолының ғылым саласын­дағы алар орны қандай деген сұрақ төң­ірегінде пікір алмасып, талқыға салды. 

Би өнері – адамның ішкі жан дүниесін тазартып, рyхaни әлемін әдемілікке тол­тыратын, эстетикалық талғамын толық­тыратын саф өнер. Алайда «театр ұжымы­ның астанадағы ме­кенжайы құрқылтайдың ұя­сындай ғана шағын», – дейді «Қара шаң­ырақ» қоғамдық бір­лестігінің жетек­шісі, тарихшы, этнограф, театр жанашыры Тұрар Сәттарқызы.

– Жердің бір жері – сонооу Көкталда орна­ласқан театр ғимараты өте тар. Би­ші­лері көрермен отыратын жерде дай­ындалады, билеген кезде сахнаға соғылып қала ма деп жанұшырып отырамыз. Аядай ғана аумақта орналасқан театр ұжымы әлемді аузына қаратқан өнер тудырып жүргенін ескеруіміз керек. Мем­лекеттік, тіпті халық­аралық деңгейдегі іс-шаралар «Наз»-сыз өтпейді. Халқымыздың терең фил­о­софиялық ой-иірім­дерін тоғыстыра суреттей отырып, тарихи таным­дық маңызы зор өнер туын­дыларын дүниеге әкелген театрдың ұлттық киімге деген талғамы ерекше. Бұл – ансамбль емес, үлкен жеке театр. Қала шетінде орналас­қандықтан қойыл­ымдарына көр­ермен жиі бара бермейді. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі мен «Наз» театры үнемі шығармашылық, рухани-мәдени байланыста. Былтыр «Қара шаңырақ»-тың бастамасымен қол жинап, мин­ис-трлікке хат жаздық. Әлі нәтиже бола қойған жоқ. Театрға  ұлттық статус, ғимарат берілуі керек. Театр ұжым­ының шығармашылық ізденісі ғылыми еңбек жазғанмен тең десек, артық айтпай­мыз. Бір сахналық қойыл­ым жасау үшін архивтерді ақтарып, ұлттық мұраларды тануға ерекше назар аудара­ды. Ұжымның ұлт руханияты үшін жанкештілігі, еңбекқорлы­ғына, өз ісіне деген сүйіс­пеншілі­гіне таңғаласың! «Наздың» әр биі, әр қойылымы – ұлты­мыздың фольк­лоры, этнографиясы мен тарих­ынан мол мағлұмат беретінін айтуымыз керек, – дейді Тұрар Сәт­тарқызы.

Тіпті, сахналық киімдерінің өзін тарихи құжаттар негізіне сүйене отырып, ұлттың байырғы киім кию мәдениетімен астастыра қыстық, жаздық, күз, көктем мезгілдеріне сай талғаммен өрнектей білу ел көлемінде «Наз» би театрына ғана тән үрдіс екенін айтады этнограф. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері Қадиша Ағымбаеваның айтуынша, театр бишілерінің сахналық костюмдері денеге жағымды, ауа өткізгіш, сапалы, табиғи маталардан тігеледі.

– Ұлттық киім деп, әр жеріне алабажақ ою салып, жылтыраған дүние емес, өзі­міздің төл киімізді кигіземіз. Заманауи­лыққа, шоуға бой ұрмай, барынша фольклордан, түп-тамырымыздан, халық биінің әліпбиінен алыстамаймыз. Бас­киімге салатын оюды балаққа, балаққа салатын оюды жағаға салып, адаспаймыз. Костюмді заманмен тоғыстырамыз, яғни бұл дегеніміз – қазіргі заманғы сапалы маталар, былғарыны, барқыт сынды жаңаша маталарды, әшекейлер мен тастарды пайдалану. Ал қазақтың ою-өрнегінің түпнұсқасын бұзбаймыз. Қазақ­тың әр ою-өрнегінің өзіндік сыры, ойы, терең мағынасы бар екенін ұжымдағы қыз-жігіттерге үнемі айтып отырамыз, – деді Қадиша Ағымбаева.

Ал кез келген өнер ұжымы үшін кө-р­ерменнің бағасынан артық баға жоқ десек, «Наз» туралы көрерменнің де айтары көп.

– «Наз» мемлекеттік би театры – бабалар аманатын арқалап, ХХІ ғасырда жаңа бағытта, жаңа ізденістердің арқасында тың қадамдар жасап, би өнерінің жаңа сүрлеуін салған еліміздегі іргелі өнер ұжым­дарының бірі. Басқа би театрларынан айырмашылығы – театр реператуары қазақ тарихын, фольклорын, музыкасын, этнографиясын көрсетіп, қазақ сахналық билерін белес шыңдарына көтеріп келеді. 25 жылдық мерейтойына арнайы шақырылғаныма бек қуаныштымын. Себебі бала күнімде небір сахналарда қазақ би өнерін паш етіп жүргендердің бірі едім. Бүгін сол бір киелі өнердің «жілі­гін шағып, майын ішкен» Шара Жиенқұловадай апайларымның шәкірт­терімен бірге болып, би өнерінің майтал­мандарымен қауыштым, – деді «Бота» қолғанат орталығының жетекшісі Бота Баманқызы.

 

PS: 

Қала сыртында, орталықтан алыс болғандықтан көрермен келе қоймайды дегенімізбен, театрдың жастар арасындағы өзекті тақырыптарды көтеріп, тәрбиелік мәні зор қойылымдар қоятынын көзі қарақты көрермен біледі. Мәселен, «Ақ пен Қара» хореографиялық спектаклі, «У-сана» атты хореографиялық қойылымы қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыпты қозғайды. Балалардың гаджетке тәуелділігі салдарынан туындайтын келеңсіздіктерді би тілімен өрнектейді. Қазіргі көрермен талғамына сай мәдениетіміз бен өнерімізді, руханиятымызды дәріптеп, ұрпақаралық сабақтастықты жалғастырып, ұлттық құндылықтарымыздың жаршысы болып, қоғамдағы өзекті мәселелерді де биге арқау етіп жүрген театрдың алар асуы әлі де биік.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ