Елімізде 2001 жылдан бері арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен 372 миллиард теңге бөлінген, оның 62%-ы – Ұлттық қордың ақшасы. Алайда осы күнге дейін 13 аймақтың үшеуінің ғана құрылысы толық біткен. Ал олардың бәрін толық аяқтау үшін тағы 280 миллиард теңге керек. Қазір АЭА-лардың жалпы аумағының 60%-ға жуығы бос тұр. Сөйтіп, о баста ел экономикасын алға сүйреу үшін құрылған АЭА-лар керісінше бюджеттің мойнына масыл болып отыр.
Экономикалық аймақтар ел экономикасына тиімсіз
Мемлекет арнайы экономикалық аймақтарды құру кезінде олар өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістерді дамытады деп жоспарлаған. Бұл аймақтарға әлемдік сахнадағы аты мен атағы әйгілі ірі инвесторлар келеді деп жарнамаланған. Бірақ олар ел экономикасының көшбасшысына айнала алған жоқ. Осыдан бірнеше ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қорғалатын арнайы аймақтардың жұмысына сын айтқан болатын.«АЭА-ның инфрақұрылымдарын салуға бюджеттен 372 миллиард теңге жұмсалды, ал бүгінге дейін одан салық түрінде тек 170 миллиард теңге қайтарылды. Жаңадан ашылған тұрақты жұмыс орындарының бар-жоғы –18 мың. Барлық дерлік АЭА-ның сапалық көрсеткіші төмен, яғни жобаларды басқару мен ұйымдастырылуы сын көтермейді», – деді Мемлекет басшысы.Президент Үкіметке АЭА-лардың жұмыс нәтижелерін тексеріп, тиімді емес экономикалық аймақтарды жауып тастау керегін тапсырды. Сол себепті жақында ғана Сенат отырысында Есеп комитеті арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне жүргізген аудит нәтижесін жариялап, олардың жұмысын тиімсіз деп таныды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, АЭА-ға шамамен 4,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның тек 29%-ы немесе 1 триллион 200 миллиард теңгесі өнеркәсіпті дамытуға бағытталды.
«Осы ақшаның 65%-ын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен салынған инвестициялар құрады. Бұған дейін ол қаражат республикалық бюджеттен немесе Ұлттық қордан бөлінген болатын. Мемлекеттің 1 теңгесіне 3 теңгеден сәл артық инвестиция әкеледі. Оның 1,1 теңгесі жекеменшікке, қалғандары квазимемлекеттік секторға тиесілі. Көріп отырғаныңыздай, цифрлар көңіл көншітерлік емес», – деді комитет төрайымы.
Нәтижесіз жобалар
Егер 13 аймақтың бүгінге дейін тек үшеуінің ғана құрылысы аяқталса, оған бюджеттен бөлінген қыруар ақша қайда кетіп жатыр? Бұл жобалар неге жұмыс істемейді? Кейбір аймақтарда тек екі-үш жоба жүзеге асырылған, ал кейбіреулерінде тіпті еш өндіріс ұйымдастырылмаған, далиып жатқан бос дала. Соның салдарынан АЭА-ның жүзеге асырылмаған жобалары бойынша бюджет 2 трлн теңгеден астам шығын шеккен. Бүгінге дейін Қазақстанда өңірлік дамуға бағытталған 13 арнайы экономикалық және 23 индустриялық аймақ құрылды. Олар – белгілі бір өңірлердің экономикасын, жағдайын ескеріп барып жасалған жобалар. Сол үшін жергілікті бизнестің жұмыс істеуіне көп жеңілдіктер берілді: дайын инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер т.б. Ниет дұрыс. Бірақ осы жақсы бастамалардың аяғы сұйылып барып, іске алғысыз болып қалды.Экономист Арман Байғановтың айтуынша, оның себептері көп. «Біріншіден, сол баяғы салғырттық кінәлі. Бізде әдетте бір жобаны қолға алады да, оның әрі қарай қалай жұмыс істейтініне ешкім көңіл бөле бермейді. Өндірісті қалай ұйымдастырады, оған шикізатты қайдан алады, өнімдерді өткізу нарығы тәптіштеп сараланбайды. Жоба бойынша атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізілмейді. Салалық министрліктерден, жергілікті әкімдерден АЭА жұмыстарының нәтижесі қатаң сұралмайды, оның үстіне әкімдер де жиі ауысатыны бар. Бір әкімнің жұмысына екіншісі жауап бермейді. Егер сұраныс пен бақылау қатаң болса, мұншалықты берекесіздік болмас еді», – дейді экономист. Енді бір себебі – АЭА жұмыстары туралы ақпараттық сүйемелдеу әлсіз. Көптеген кәсіпкерлер қай өңірде қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын, онда қандай жеңілдіктер берілетінінен бейхабар. «Сондай-ақ кез келген істі бастау үшін жергілікті атқарушы билік органдарының рұқсаты керек, ал біздің әкімдіктердегі бюрократизмнің қаншалықты ушығып кеткенін өзіңіз де білесіз», – дейді ол.Мұндай мысалдар жетіп артылады. Мәселен, Мемлекет басшысы 22 сәуір күні Атырау облысына барған сапарында «Ұлттық индустриалдық мұнай химиясы технопаркі» арнаулы экономикалық аймағының жұмысын сынға алды.
«Облыс экономикасын дамытудағы үлкен үміт мұнай-газ химиясымен байланысты. Бұл жерде біз тым артта қалып қойдық. Ал аталған сала – өңірдің және бүкіл елдің экономикалық болашағының негізі. Бұған қоса, «Ұлттық индустриалдық мұнай химиясы технопаркі» арнаулы экономикалық аймақ тиімділігі көптеген сұрақ туындатып отыр. АЭА инфрақұрылымының құрылысы аяқталмаған. 2015 жылдан бері АЭА-ны дамытуға 162 млрд теңге бөлінген. Бірақ іске тек бір ғана жоба қосылған», – деді Мемлекет басшысы.Президенттің айтуынша, полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар әлі күнге жүзеге асырылмаған. Себебі сұранып келген инвестор көрінбейді әрі болашақ өнімдердің сату нарығы да айқындалмаған. Яғни, өңір басшыларының тек жаңа өндірісті іске қосу керек деген ниетінен басқа қолға ұстатар ештеңесі жоқ, нарықтың бизнес жоспары жасалмаған. Сондай-ақ бюджеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалған «Тараз» Химпарк» АЭА-на қатысты да түйткіл көп. Мұнда соңғы жылдары ешқандай жоба жүзеге асырылмаған. Үкімет жоспары бойынша АЭА-да 2020 жылы қант зауытының құрылысы басталуы керек-тін. Бұл жобаға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінген, бірақ әлі күнге іс алға бір табан да жылжымаған. Сөйте тұра өндіріске жауапты лауазымды тұлғалар түк бітірмей үлкен жалақы алып отыр. Сонда олардың не үшін жалақы алып отырғаны түсініксіз.
Уақыт – бәріне төреші
Арнайы экономикалық аймақтардың жобалары күмәнді екені туралы әңгіме көптен өріп жүр. Баяғыда 2013 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Үкіметке АЭА жобаларын тексеріп, бюджеттің ақшасын босқа құртпай, олардың жұмыс істемей тұрғандарын жауып тастау керек екенін айтқан еді. Бірақ неге екенін қайдам, бұл тапсырма орындалған жоқ. Өйткені әлі күнге дейін ешбір АЭА-ның жабылғаны туралы жаңалықты естімедік. Содан болар, Елбасы бұл әңгімеге 2018 жылы қайта оралды.«Үкімет АЭА жобаларына сын көзімен қарап, олардың жұмыстарының нәтижесін және қол жеткізген жетістіктерін тексерсін. Олардың шын мәнінде тиімді екеніне көз жеткізіп алмай, жаңадан ерекше аймақтар құрудың еш мәні жоқ» деген болатын сол кезде Мемлекет басшысы.Әй, енді осыдан кейін барлық былықтардың беті ашылып, оған жауапты бірталай шенеунік креслосынан айырылар тиімсіз АЭА-тар түп орнымен сүріліп тасталатын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, қабарысып қатып қалған сеңнің орнынан қозғалар түрі көрінбейді. Бірақ біздің Үкімет басқа жолды таңдап алғанға ұқсайды, атағы зор бірнеше шетелдік кеңесшілерді шақыртып алып, АЭА жұмысын әрі қарай жалғастыра берді. Ал биік мінберлерден АЭА-лардың қалай табысты жұмыс істеп жатқаны кеңінен жарнамаланады. Лауазымды тұлғалардың сөзіне сенсең, кейбір ерекше экономикалық аймақтағы жобалардың кірісі шаш етектен түсіп жатыр, кейбіреулері әлемдік деңгейдегі компаниялармен иық тіресе бастаған, үшіншілері ... Алайда шынтуайтына келгенде, мұның бәрі де көпіртпе сөз, бос көзалдау болып шықты. Бірақ бұдан ешбір шенеуніктің «басы кетпеді», бюджеттің желге ұшқан миллиардтаған шығыны ешкімнің мойнына ілінбеді. Ал көзі қарақты жұрт қазынаның қаржысын рәсуа еткен қайран жобалардың тағдырына назалы. Енді екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін одан қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсетер.
Дәулет АСАУ