Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БАҚ өкілдерінен бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қылмыстық ісіне агенттік неге түсініктеме бермейді деген сыңайда сауалдар келіп түсіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі бұл тергеу жария етуге жатпайтынын және прокурордың келісімімен ғана мәліметтердің жария етілуі мүмкін екенін хабарлаймыз. Айта кетерлігі, аталған тергеуге қатысты мәліметтерді жария етпеу талабы тергеу органдарымен қатар қорғаушы тарапқа да қатысты. Сондықтан, әділ болу үшін агенттік қылмыстық істің жай-жапсарына түсініктеме бермейді. Іске қатысты фигуранттың кінәлі не кінәсіз екендігін Конституцияның 77-бабының 3-тармағына сәйкес сот қана айқындай алады», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Гауһар Сапарбаева.
Оның айтуынша, осы жылдың шілде айында агенттік бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Біртанов пен оның орынбасары Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтаған.
«Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалану арқылы лауазымдық өкілеттігін асыра қолдану күдігіне ілігіп отыр. Платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды жедел шешу үшін пациенттер, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты біріктіруі тиіс болатын. Платформа еш уақытта жұмыс істемеген және медицина ұйымдары оны қолданбайды. Бұл жинақталған дәйектермен дәлелденіп отыр. Орындалмаған жұмыс құны - 4,1 млн. доллар немесе 1,5 млрд. теңге», - деді ресми өкіл.
Сонымен қатар Гауһар Сапарбаева Е.Біртановтың 22 шілдеде санитарлық авиация ұшағын жеке мақсатта қолдану арқылы лауазымын асыра пайдалану күдігіне ілігіп отырғанын айтады.
Бұған дейін Елжан Біртановтың адвокаттары халықаралық сотқа жүгінетінін мәлімдегенін жазған болатынбыз.