Айнұр Кәрібозова: «Ауыл тұрғындарына жеңілдік бар»
Айнұр Кәрібозова: «Ауыл тұрғындарына жеңілдік бар»
293
оқылды

Егемендік алғалы бері ел игілігі үшін жүзеге асырылған бастамалар аз емес. Соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Қазақстанның дамуы үшін қажет мамандарды шетелде оқыту идеясын Елбасы Н.Назарбаев ұсынып, 1993 жылы бағдарламаны іске қосты. Бүгінде 11 мыңнан астам түлегі бар «Болашақ» стипендиясы ел жастарының арасында танымал. Себебі сынақтан сәтті өткен жас өрендер бюджет есебінен құны бірнеше мың доллар тұратын шетелдік білімді сіңіруге мүмкіндік алады. Аталған бағдарламаның бүгінгі нәтижелерін білу үшін Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозовамен сұхбаттасқан едік.

– Айнұр Бағдатқызы, «Бола­шақ» бағдарламасы отандық адами капитал әлеуетін арттыруда үлесін қосып келе жатқаны белгілі. Ал стипендианттар шетелде алған бі­лімін Қазақстанда қолдана алу тиімділігіне сараптама жүргіз­діңіздер ме? Себебі мемлекеттердің білім, ғылым, экономикадағы стан­дарттары әртүрлі ғой. – Сұрағыңызға рақмет. Әри­не, жүргіздік. Өткен жылғы қа­рашада «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ел экономикасына қосқан үлесін тереңірек зерттеу үшін Bolashaq Impact Report-1 атты зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижелері бойынша, жұмыс берушілердің 90%-ы бағдарлама түлектерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, сонымен қатар түлектердің көшбасшылық, адам­гершілік және коммуникативтік қасиеттерін ерекше атап өтті. Қараңыз, бүгінде 11 мыңға жуық түлектің 52%-ы орта және топ-менеджерге дейін өскен. Оның ішінде 10%-ы – өз кәсіп­орындарының негізін қалаушы басқарушылар. Түлектер денсау­лық сақтау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді ілгерілетуде тер төгіп, қоғамдық бастама­лар­дың басында жүр. Зерттеуге сәйкес, тек 2019 жыл­дың ішінде 545 дәрігер тү­легіміз 213 мың күрделілігі әр­түрлі операция жасады, ал педа­гог-оқытушы түлектеріміз 145 мың мектеп оқушысы мен сту­дентін оқытты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан астам ғы­лы­ми мақаласын әлемнің ал­дыңғы қатардағы ғылыми басы­лымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, сонымен қатар 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. – Бүгінде кейбір «Болашақ» түлектерінің үйді 5 жылға кепілге қойып, елден шықпай жұмыс істеуі ұзақтау. 5 жылдық меже 4 жыл док­торантура оқығандарға да, 1 жыл магистратура оқығандарға да қойылатын бірдей талап. Бюджет­тік шығын әртүрлі болса да, талап неге ортақ дейді. Бұл сауалға қалай жауап берер едіңіз? – Бұл сауал да жиі қойылып жүр. Алайда заң талабы бар. Сараптамаға сай 5 жыл деген шетелде алған білімнің ел игі­лігіне жаратылу тұрғысынан ор­та­ша есеппен алғандағы ең тиімді мерзім. 5 жыл мерзімді қысқартам деушілерге өңірлерге барып, ең­бек ету мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан қарастырылған.  – «Болашақ» бағдарламасы арқылы таңдалатын мемлекеттер мен университеттер тізімі жыл са­йын өзгереді. Оқу орындары, елдер қандай талаптарға сай келуі тиіс? – Сұрағыңыз орынды. Бұл мә­­селені де  Білім және ғылым ми­­нистрлігі жаңа іріктеу талап­тары­на сәйкес бекітті. 2021 жылы үміт­керлерге ыңғайлы болу үшін атал­ған тізім алғаш рет 3 жылдық ке­зеңге, яғни 2021-2023 жылдарға әзір­ленді. Мұндай шешімге бару да үлкен еңбекті қажет еткенін атап өтуім керек әрі тұрақты тізім үміт­керлердің алдын ала оқитын оқу орны мен мамандықтарын, бара­тын елін жоспарлап алуына тиім­ді болары сөзсіз. Ал оқу орын­дары мен мемлекеттерге кел­­­сек, үш жетекші халықаралық ака­демиялық рейтингтің (QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings) үздік 250 жо­ғарғы оқу орындарының қа­тары­нан табылғандары ғана «Бо­ла­шақ» бағдарламасына ілінеді. Осы талапқа сай, 2021-2023 жыл­дары ұсынылған ЖОО тізіміне 27 ел­дің 207 университеті кірген. – Бүгінде «Болашақтағы» ар­найы санаттарды алып тастады. Санаттар о баста белгілі мамандық иелерінің стипендияға ие болуына жағдай жасау үшін енгізілген еді. Оларды алып тастау бастапқы ізгі идеяның жүзеге асуын тоқтатып тастаған жоқ па? – Шынында да, бұл жылы үміткерлердің барлық квоталық жеңілдетілген санаты алып таста­лынды. Барлық үміткерге «Бола­шақ» талаптарына сай өз бетімен түскен болу шартын (ауылдық елді мекен үміткерлерін қоспа­ғанда) алға тартудың басты мақ­са­ты – конкурстық іріктеу ба­рысында үміткерлерге тең мүм­кіндіктерді қамтамасыз етудің құқықтық не­гізін жасау. Аталған шара Пре­зидент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ауылдағы жастарды қолдау және оларды әлемнің үздік жоғары оқу орын­дарында білім алуға ынталандыру үшін қабыл­­данды. Тек аталған санат бойынша үміткер кон­курс­тық іріктеуден сәтті өткен жағ­дайда Қазақстан аумағында 6 айға дейін алдын ала тілдік даярлықтан өтеді және ке­пілдік нысаны жыл­жымайтын мүлікті ұсынудан босатылады. Бұдан басқа, «Болашақ» сти­пендиясы шеңберінде тағыл­ым­даманың ғалымдар, педагог қыз­меткерлер, денсаулық сақтау са­ла­сының қызметкерлері, инже­нерлік-техникалық қызмет­кер­лер, мемлекеттік қызметшілер және мәдениет және спорт қыз­мет­керлері деген алты санаты бекітілді. «Ғалымдар» санаты Пре­зидент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Бұл тағылымдама­ның алты санаты да кепілдік ны­саны жылжымайтын мүліктен босатылған. – «Болашақ» түлектері кейбір кезде елге оралған соң алған ма­ман­дығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүріп қалады. Себебі ондай сирек мамандықтарға еңбек нары­ғымызда вакансия табыла бермейді. Содан түлектер кейде табылған жұ­мысқа келісе кетеді. Бұл жұмсал­ған бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалуы деп ойламайсыз ба? Осы себепті стипендия бөлінетін маман­дықтар тізімі қалай анықталады? Еңбек нарығының алдағы 2-3 жылдағы сұранысы ескеріле ме? – Түлектер деп қалдыңыз, біздің зерттеуімізге қарағанда, жалпы 8 202 түлек келісімшарттық міндеттемелерін орындап, 3 064 түлек шарттық міндеттемелері бойынша еңбек қызметін атқарып жатыр. Сонымен қатар монито­рингтегі 3 064 түлектің 3 047-і алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, өз міндет­темелерін орындауда. Тек 17-сі ғана (0,5%) жұмысқа орналасу сатысында. Осыған орай түлек­тердің алған мамандықтары бо­йынша жұмысқа орналасуы кезінде қиындық туындап жатқан жоқ деуге болады. – Биыл Қазақстан Тәуел­сіз­дігіне 30 жыл толып отыр. Ел егемендігінің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Азаттықтың 30 жылдығында өз тағдырымызды өзіміз шешетін елге айналдық. Саяси тәуелсіз­дікпен бірге бізге сана тәуелсіз­дігі келді. Сонау қиын-қыстау заман – 1993 жылдың өзінде-ақ Ел­басымыз «Болашақ» бағдарла­масын құрып, сол арқылы қазір 11 мыңнан аса түлек елдің игі­лігіне қызмет істеп жатыр. Тә­уел­сіз Қазақстанның адами кап­италды дамытудағы ең сәтті де мықты стартабы «Болашақ» де­сем, еш артық емес. Ол бағдар­ла­маның әрі қарай да жемісті болуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Бұл да біздің тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болып қала бермек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН