Спортшылардың көп қолданатын әдісі – азаматтық ауыстыру. Бұл істе саңлақтарға таңдау жасау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, олар қай елдің атынан сынға түсу керегін өздері шешіп, таңдау жасай алады. Азаматтығын ауыстыру керек болса, ол қадамға да барады.
Жалпы, азаматтық алу, азаматтық ауыстыру мәселесі бұған дейін де аз жазылған жоқ. Бұл ретте ұлттық құрамаларға легионер шақыру, ішкі біріншіліктегі шетелдік легионерлерді жерсіндіру мәселесі қай уақытта да өзектілігін жойған емес. Мұндай үрдіс бүгінде барлық спорт түрінде кең етек алған. Қазақстан хоккей құрамасының америкалық, канадалық легионерлерге азаматтық бергенін, футзалда да үш-төрт бразилиялық ойыншының әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүргенін отандық спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Күні кеше футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Оған әрине бірінші кезекте құрама сапында өнер көрсететін, Қазақстан азаматтығын алған үздік легионерлердің де үлесі зор болды. Бұл ретте азаматтық мәселесінде көп сөз болатын мәселелердің бірі – шетелден келген спортшыларға қатысты болып жүргенін айта кету керек. Еліміздің атынан Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына қатысуға ниет білдірген спортшылар міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы шарт. Сондықтан бұл салада соңғы жылдары ел азаматы атанғандар көбейіп келеді. Кейінгі кезде еліміздің жеңіл атлетикасын дамыту мақсатында шетелден алдырылған бірнеше спортшыларға азаматтық берілді. Мәселен, өткен жылы кениялықтар – Каролин Кипкируи, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрака Коэча сынды спортшылар және олардың бапкері әрі менеджері Кеннет Ротич Қазақстан төлқұжатына қол жеткізді. Бұл жаңалықты бірі қолдаса, енді бірі мұндай шешімге қарсылық танытып жатыр. Өз кезегінде елімізде спортшыларға азаматтық беру тәртібі туралы белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы айтып берді. – Аталған мәселе спортты сүйетін жанкүйерлердің көкейінде көптен бері тұрған сұрақ десе де болады. Заң бойынша Қазақстанда кемінде 5 жыл тұрған, осы елдің суын ішіп, ауасын жұтқан азаматтар ала алады. Бірақ спортта, жалпы, Қазақстанда ғана емес, әлемде азаматтықты жылдам беру үрдісі қашаннан-ақ бар, – дейді белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы.Расымен шет елде өзге мемлекеттің атынан сынға түсіп жүргендер жетерлік. Олар аз уақыттың ішінде азматтығын ауыстырып, өзге елдің азаматы атанып шыға келеді. Айталық, Америкада қай спорт түрі болмасын, бәсекелестік өте жоғары. Олар үшін кез келген спорт түрінде бірінші болу басты міндет саналады. Кезінде Перу азаматтығын алған америкалық жеңіл атлет Дэвид Торренс өз елінде бәсекелестік жоғары болған соң, мүмкіндігін пайдалану үшін Перу елінен жарысқа шығуды ойлады. Спортшы көп өтпей сол елдің азаматтығын алады. Бұдан шығатын қорытынды, егер спортшы өз елінің атынан әлемдік жарыстарға жолдама ала алмаса, мықты спортшылардың тасасында қалса, онда басқа елдің атынан үлкен жарыстарға қатысып, жетістікке жете алады. Бұл ретте спортшыларға бірінші кезекте барлық жағынан жағдай жасалуы керек. Қазақстандық спортшылардың арасында өзге елдің азаматтығын алған спортшылардың бірі – Бибісара Асаубаева. Шахматшы қыз Ресей азаматтығын алып, көршілес ел федерациясының атынан әлемдік жарыстарға қатысты. Бибісараның анасы мұндай шешімге Шахмат федерациясымен болған келіспеушіліктен соң және ресейлік жаттықтырушының жарысқа шақырып, сол жерде жақсы нәтижеге қол жеткізе бастағаннан кейін ауысқанын айтты. Бибісара Ресей атынан сынға түсіп, әйелдер арасында ең үздік шахматшылардың 50 тізіміне енді және әлем чемпионы атанды. Кейін 2019 жылы шахматтан 5 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елге оралды. Бибісараның елге оралу себебі туралы анасы Лиана Таңжарықова Facebook-тегі парақшасында жазды. Онда ол қызының шахматтан Қазақстанда жетістікке жете алмай жүргенін, оған көптеген кедергілер жасалғанын, жарыстарға шақырылмай қалғанын ашық айтты. Осындай жағдайдан соң анасы қызын алып, Ресейге кетуге шешім қабылдаған. Көп өтпей спортшы қызға Маңғыстау облысынан қайта ұсыныс түсіп, Бибісара араға бірер жыл салып Отанына оралды. Ал кезінде Ресейдің шақыртуын құп алмаған мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның анасы Падишахан Сұлтаналиева ресейлік «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатында Олимпиадаға Қазақстан атынан шыққаны үшін өкінетінін айтып қалды. Ертесіне жақында мансабын аяқтаған Элизабет анасының ресейлік басылымға берген сұхбаты үшін кешірім сұрап, желі қолданушыларынан анасының сөзіне қатысты жағымсыз пікір жазбауын өтінді. Айта кетейік, бір кездері осы мәнерлеп сырғанаушымызға Ресейден, өзге де мемлекеттерден бір емес, бірнеше рет шақырту келіп түскен. Алайда Элизабеттің ата-анасы спортшы қызының Қазақстанның атынан өнер көрсетуін дұрыс деп санаған. Қазақстанға футзал мен ауыр атлетикадан бөлек күрес пен теннистен де легионерлер көбірек келеді. Басқа да спорт түрлерінен шақырту алатын өзге елдің спортшылары аз емес. 2004 жылғы Афина олимпиадасында грек-рим күресінен қоржынымызға күміс жүлде салған Георгий Цурцимияның Грузияның тумасы екенін көпшілігі жақсы біледі. Сондай-ақ теннистен Михалин Кукушкин, Андрей, Голубев, Александр Бублик, Ярослова Шведова, Юлия Путенцесова, Елена Рыбакина және т.б. спортшылар – Ресейден келгендер. Бірақ аталған легионерлер белгілі дәрежеде ел спортының ілгерілеуіне өз үлесін қосып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қорыта айтқанда, азаматтық ауыстыру – әр спортшының өз еркіндегі іс. Бұл әлемдік спорттағы процесті ешкім тоқтата алмайды, тоқтату да мүмкін емес.Қазақстандық спортшылардың арасында өзге елдің азаматтығын алған спортшылардың бірі – Бибісара Асаубаева. Шахматшы қыз Ресей азаматтығын алып, көршілес ел федерациясының атынан әлемдік жарыстарға қатысты.
Абылайхан ЖҰМАШ