Жеңіл көліктер өндіру рейтингісінде Қазақстан 39 мемлекеттің ішінде 35-орында тұр. Бұл жайында Еnergyprom.kz жариялады.
Олардың мәлімдеуінше, әсіресе көлік бағасының өсуі – Батыс Қазақстан облысында байқалуда. Негізі осы уақытқа дейін Қазақстанда 17,6 мың жеңіл көлік шығарылған екен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,7%-ке артық. Жалпы, көлік өндіруші мемлекеттердің үздік үштігіне Қытай, Жапония және Үндістан енді. ТМД елдері арасында Ресей рейтингте 9-орын иеленсе, Өзбекстан 29-орында тұр. Олар жылына 44,5 мың көлік шығарған.
2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 47,5 мың жеңіл көлік шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,9%-ке көп. Оның ішінде цилиндрінің көлемі 1500 текше см-ден асатын, іштен жану қозғалтқышы бар 45,3 мың көлік болса, цилиндр көлемі 1500 текше см-ден аспайтын 2,1 мың көлік және 83 арнайы жеңіл көлік бар.
Ал Қостанай облысында 30,8 мың көлік шықса, Алматыда 16,8 мың жеңіл көлік жасалған. Биыл қаңтар-шілдеде отандық өндіріс 26,6%-ке өсіп, 40,7 мың көлік шығарылды. Осыған қарамастан жергілікті компаниялар жеңіл жолаушылар автомобильдеріне сұранысты 46,3% қамтамасыз еткен. Өткен жылғы көрсеткіш – 60,2%.
Импорт үлесінде ресурстардың 53,7% немесе 47,3 мың көлік, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе артық. Ішкі нарықта жыл басынан бері 83,5 мың жеңіл көлік сатылған.
Дегенмен 2021 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша, жаңа жеңіл автомобильдердің құны жылдық динамикада 10%-ға, пайдаланылған көліктің құны 9,9%-ға өскен. Жаңа көліктер Қостанай облысында 13,8%, Ақтөбе облысында 13,1% және Батыс Қазақстан облысында 12,9%-ке қымбаттаған. Пайдаланылған көліктердің бағасы Батыс Қазақстан (24,5%), Атырау (12,6%) және Алматы (12,5%) облыстарында айтарлықтай көтерілген.