Елордада демалыс күндері Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді
Елордада демалыс күндері Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді
© saigez.kz
339
оқылды
Елордада ауыл шаруашылығының кезекті жәрмеңкесі осы демалыс күндері, 2-3 қазанда өтеді. Бұл жолы Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлерінің тауарларын сатып алуға болады, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Жәрмеңке дәстүрлі түрде «Хан Шатыр» СОО алаңында өтеді (Д. Қонаев көшесі және Тұран даңғылының қиылысы). Қарағанды облысының 9 ауданы мен 4 қаласының 126 фермерлік шаруашылығы мен қайта өңдеу кәсіпорны өз өнімдерін ұсынады. Барлығы 600 тоннадан астам өнімді сату жоспарланып отыр. Сөрелерде азық-түлік өнімдерінің 117 атауы ұсынылады, оның ішінде: - еттің барлық түрі – 150,1 тонна, - балық – 4,3 тонна, - жұмыртқа – 200 мың дана, - сүт өнімдері – 20 тонна, - картоп және көкөністер – 495 тонна, - шұжық, кондитерлік, нан-тоқаш өнімдері – 11,4 тонна. Жәрмеңке Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ұсынған санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Естеріңізге сала кетейік, елордада биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында әрі көкөністер мен жемістердің пісу мерзімін ескере отырып, 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Нұр-Сұлтанда өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкелер маусымы 31 қазанға дейін жалғасады. 21 тамыздан бастап елордадағы жәрмеңкелерде Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.