Қазақстан азаматтарының көбі қай әлеуметтік желіні қолданады?
Қазақстан азаматтарының көбі қай әлеуметтік желіні қолданады?
Фото: Мarketingland.com
390
оқылды

Statcounter Global Stats мәліметінше, Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі Twitter болып шықты. Желі нарығының үлесі бір жыл ішінде 6%-дан 17%-ға дейін өсті. Ең танымал үш желі қатарында YouTube пен Facebook те бар.

Finprom.kz хабарлауынша, Қазақстандағы Twitter-дің үлесі - 16,56%, танымалдық бойынша екінші орындағы YouTube-тің үлесі - 16,07%, ал Facebook-тің үлесі 14,85% болды. Одан кейінгі танымал желілер Instagram (13,92%), VK (13,7%) және Pinterest (13,52%) екені анықталды. 2021 жылдың тамызындағы дерек бойынша, әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі - Facebook. Оның үлесі 73,27%-ға жетті. Одан кейінгі орындарда Twitter (8,91%), Pinterest (7,22%), YouTube (4,72%) және Instagram (3,41%) бар. әлеуметтік желілер Қай әлеуметтік желінің танымал екені қолданушылардың құрылғысына байланысты анықталған. Қазақстандықтар ұялы телефоннан кіретін ең танымал әлеуметтік желілер: Twitter (17,1%), Facebook (16,4%) және Instagram (16,11%). Компьютер немесе ноутбук қолданатындар арасындағы ең танымалы әлеуметтік желілер: YouTube (39,22%), VK (16,86%) және Twitter (12,79%). Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев - Twitter-дің белсенді қолданушыларының бірі. Оның баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасын өзі жүргізетінін айтқан еді.

"Мемлекет басшысы Twitter-де твитті өзі қадағалап, өзі жазып, халыққа өзі ұсынып отыр. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын Жолдауда жария етті. Твит арқылы тапсырмалар бергенін өздеріңіз білесіздер. Мысалы, "мемлекеттік рәміздерді әркім өз үйінде қолдана алмайды" дегенге Президенттің өзі твит жазып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау туралы тапсырма берді. Оны дер кезінде депутаттар іліп әкетіп, қолданыс аясы кеңейтілді", – деді Берік Уәли.