Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады. Олардың арасында қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-әрекетке, Каспий теңізіге қатысты заң жобалары бар.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бастамасымен әзірленген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы қылмысқа қарсы мемлекеттік органдардың қызметін күшейтуге және нәтижесін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Палата Спикері заң жобасы үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленгенін айтты. Мысалы, мемлекеттік лауазымды тұлға өзінің лауазымдық міндеттерін орындауды тоқтатқаннан кейін заңда көзделген ережелер әлі де 12 айға дейін қолданылады деп ұсынылды. Мұндай мерзімдер заңнамалық түрде мысалы, Германия, Финляндия болса, ал Швецияда, Швейцарияда одан да көп –18 ай деп белгіленген. Н.Нығматулин атап өткендей, қаржы агенттігі мониторинг тексеруді жалғастыруға және жария лауазымды адамға және оның жақын туыстарына қатысты тиісті шараларды тағы 12 ай бойы қабылдауға міндетті және мұндай шара сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы отырыста депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Хаттаманың мақсаты – Каспий теңізінің жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын болғызбау, азайту, бақылау және барынша мүмкін болатын жою. Сонымен қатар депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Хаттаманың мақсаты – биологиялық әртүрліліктің өміршеңдігі мен тұтастығын қорғау, сақтау әрі қалпына келтіру және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету. Хаттамада Каспий теңізінің жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне теріс әсер ететін қызметті реттеу: флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін коммерциялық мақсатта әдейі аулауды, иеленуді немесе союды, тасымалдауды және пайдалануды бақылау және қажет болуына қарай оларға тыйым салуды енгізу, Каспийдің жағалау маңындағы және теңіз экожүйелерін қорғау мақсатында қорғалатын аудандарды бөлу, Каспий теңізінің биоәртүрлілігін қорғау және қалпына келтіру бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығы көзделеді.А.СҰЛТАН