Банктердің ұялы қосымшасы салықтан жалтарушыларға кең өріс ашты. Айына бірнеше миллион табыс табатын блогерлер, эстрада жұлдыздары, желілік маркетинг серкелері және басқасы оның жемісін молынан теріп жатыр. Қазір жұрт сауда орындарында, тіпті ашық базарда смартфон арқылы есептеседі. Оған чек бермейді. Чектің берілмегені – салықтың төленбегені. Екі жыл бұрын қоғамдық сын дауылына шыдамай шегінген Қаржы министрлігі мобильді аударымдардан салық жинау мәселесіне қайта оралды.
Картадан-картаға триллиондар көшіп жатыр
Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылдың сегіз айында ғана елімізде электронды сауда, картадан онлайн ақша аудару және төлем жасау көлемі 35,9 триллион теңгеге (!) жетті. Азаматтар осы тәсілмен елімізде және шетелде баспананы, жылжымайтын мүлікті сатып алады, бір-біріне автокөлік сатады, сауда орталықтарында сауда жасайды, таксиде, автобуста жол ақысын төлейді. Тіпті, көшеде тауарын жайған саудагер әжейлер де мобильді аудармамен ақша қабылдайды. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті осылардың бәріне талдау жүргізіп, кәсіпкерлік мақсатта тұрақты төлем қабылдайтын жеке тұлғалардың кірістеріне салық салуға кіріспек. Қазір қандай мобильді аударымдарға салық салу, ал қайсысын одан босату мәселелері пысықталып жатыр. Бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі меморгандармен және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, мобильді аударымдарды реттейтін заңнамалық түзетулер әзірледі және Парламентке енгізді. «Оның басты мәні: кәсіпкерлік мақсаттарға жеке есепшот қолданылуы тиіс. Яғни, қарапайым азаматтар өз карта-шотын жеке мақсатта пайдалана береді, ал кәсіпкерлік мақсаттар үшін бөлек шоты болуы тиіс. Жеке шотты кәсіпкерлік мақсатта пайдалану фактілерін болдырмау үшін мұндай табыстардың нышандарын айқындайтын тетік жасау ұсынылып отыр», – деді журналистерге Е.Жамаубаев. Бөлек шоттар қазірден бар. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер бұл шектеуді де айналып өтеді. Мысалы, сауда орнына, дүкенге барсаңыз, кассасында бизнес мақсатқа арналған шот немесе телефон нөмірі көз қылып, жазып қойылады. Алайда клиент банктің қосымшасы арқылы есептесуге ынта-ықылас білдірсе болғаны, кассир дереу мүлдем басқа нөмірге аударуды ұсынады. Осы алаяқтық деректерін салық органдары «бақылаулық сатып алу» және тұтынушылардың шағымы көмегімен әшкерелеп жатыр. Бұған қоса, бас қаржыгердің командасы жеке есепшотты кәсіпкерлік қызметте пайдалану фактілерімен күресті күшейту үшін мұндай бұзушылықтарды анықтау тетігін әзірлеуге кіріспек. «Аталған түзетулер жеке тұлғалардың жеке мақсаттағы аударымдарына қатысты болмайды», – дейді Қаржы министрі. Ұялы телефон арқылы ақша аударымдарын жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлуді қарастыратын түзетулерді бүгінде Сенат депутаттары қарап жатыр. Заң жобасы қабылданса, Қаржы министрлігі тиісті тетікті және оның өлшемшарттарын енгізетін нормативтік құқықтық актілерді, бұйрықтарды қабылдауға кіріседі.Салықшының адал боларына шүбәланады
Сарапшылардың байламынша, бұл тетік қарапайым болғаны жөн. «Тауары не қызметі үшін банк қосымшасы арқылы ақша алатын кәсіпкерлерді, вайнер-блогерлерді, әнші-асабаларды, желілік digital-маркетологтарды және басқасын әшкерелеу сонша қиын емес: олардың шотына біріншіден, ай сайын әрі тұрақты түрде, екіншіден, ұзақ уақыт бойы, үшіншіден, көп адамнан қомақты қаражат түсіп тұрады. Ал ата-анасының, туысының қолдауына сүйеніп, ай сайын ақша алатын студенттердің шотына әрі кетсе, бірнеше адамнан ғана аударым ақша түсуі мүмкін. Бірақ бұл тетіктен дімкәс баласын емдеуге бүкіл елден ақша жинайтын ата-аналар, ізгілікті істі ұйымдастыратын волонтерлер зардап шекпеуі үшін қайырымдылық мақсаттағы аударымдарға жеңілдік берілгені жөн», – дейді экономист ғалым Марат Ерғозин. Ол озық елдердің, мысалы Германияның тәжірибесін енгізуді ұсынды: Алманияда әрбір адамға 9 мың еуро көлемінде салық салынбайтын минимум белгіленген екен. Егер ерлі-зайыптының жылдық ортақ табысы 18 мың еуродан аспаса, бұл отбасы салық төлеуден босатылады. Одан асқанның бәріне салық салынады. Өте қарапайым қағида: азамат неғұрлым көп тапса, соғұрлым көп салық төлейді. Қазақстанда мобильді аударымдарға осындай минимум белгілеуге болады. Қаржы министрлігінің бастамасына кейбір депутат қарсы. Мысалы, Мәжіліс депутаты М.Раманқұлов депутаттық сауал жолдап, салықшыларды азаматтардың мобильді аударымдарына үңілмеуге шақырды. Ол қазақстандықтардың шотына түсетін ақшалардың нағыз нысаналы мақсатын шенеуніктердің дұрыс анықтай алатынына күмәнданады. Салдарынан, мысалы, әртүрлі туысынан не еріктілерден ақшалай көмек алатын әлдебір кембағал жан кәсіпкер қатарына ілігіп кетуі мүмкін. «Кәсіпкерлердің салық төлеуге тиістігіне дау айтпаймыз. Алайда фискалды органдар кезекті рет азаматтарға қиындық тауып бергелі тұр: алаяқтарды нысаналы түрде анықтау орнына барлығын бірдей кіріптар етіп, азаматтардың бір-біріне аударымына салық салмақ. Қоғам шенеуніктердің бұл істе әділ боларына сенбейді. Себебі олар аударылған ақшаның мақсатын тек өзіне ғана түсінікті нышандар бойынша бағалайды. Салдарынан бизнес мақсатындағы төлемдер мен ата-анасының студентке көмегі мидай араласып кетпек», – дейді ол. Депутат салықшылардың тіпті «темір тұлпары» жоқ азаматтарға көлік салығын жаңылыс есептеп жіберетінін мысалға келтірді: соның кесірінен еш айыбы жоқ қазақстандықтардан бірнеше жыл қордаланған қомақты айыппұл мен өсімпұлды төлеуді талап етеді, оған қарсы болса, есепшоттары мен банк карталарын бұғаттайды, шетелге шығу мүмкіндігінен заңсыз айырады. Содан азаматтардың жүйкесі жұқарып, денсаулығы құриды, әлеуметтік кернеу күшейеді. Депутаттың пікірінше, осы сегменттегі жаппай бақылау азаматтардың карталарын және электронды әмияндарын бұғаттауға және басқа да тыйым салу шараларына ұласса, онда қаржы секторын цифрландыруды жарға жығады. Халық та, бөлшек сауда саласы да электронды саудадан бас тартып, қолма-қол ақшамен есептесуге қайта оралуы мүмкін.Мерейтой иесі кәсіпкерге айналмай ма?
Депутаттық сауалға жауап берген Қаржы министрлігі әсіресе күйзеліс кезеңінде салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін жолдар мен схемаларды жойған орынды екенін білдірді. «Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын мобильді аударымдарды фискалдандыру салықтың жаңа түрі саналмайды. Әңгіме тек табыстарды дұрыс көрсету, сатылған тауар, қызмет және жұмыс үшін уақытылы чек беру жайында болып отыр. Ал жеке тұлғалар өнім, қызмет сатып алса немесе аударым жасаса, оларға салық салынбайды. Мысалы, студентке ата-анасы ұдайы ақша жіберіп тұрса, жақын адамдар бір-біріне көмек берсе, бұл салық салу объектісіне айналмайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Салықшылар картадан картаға аударымдары арқылы табыс табатындарды іздеп табудың бірнеше тәсілін түзіпті. Транзакцияның жеке әлде кәсіпкерлік мақсатта жасалғанын айқындау үшін Қаржы министрлігі біріншіден, тәуекелдерді басқару жүйесін ұсынады. Онда бизнес мақсатындағы аударымдарды іріктеудің нышандары мен өлшемшарттары белгіленеді. Екіншіден, «дәлелдеу шараларының кешені жүзеге асырылып, дәйектеме базасы жиналмақ». «Мысалы, мобильді аударым арқылы тұрақты қаражат алатын адамның кәсіпкерлік қызметі тексеріледі, сауда нысанының кассасында осындай аударымдарды қабылдайтыны жазылған және тиісті телефон нөмірі көрсетілген ақпарат назарға алынады. Сондай-ақ аударым үшін фискалды чектің берілмегені туралы тұтынушылардың шағымдары, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеу, мемкірістер органының талаптары мен ұсынымдарын әлденеше рет елемеу фактілері сарапталады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі. Содан кейін жеке тұлғаның атына бұзушылық жөнінде хабарлама бағытталады және жөнсіздікті өз бетінше жоюына уақыт беріледі. Ұялы қосымша арқылы аударымдарды салықтық базаға енгізу ісінде банктер салықшылардың серігіне айналмақ. Қаржы ведомствосы тиісті шешімдерді бизнес қауымдастықпен бірге талқылайтынын жеткізді. Ал қарапайым азаматтар бұл бастамаға қорқа қарайды, қолдамайды. «Біз ол қаржыға онсыз да салық төлегенбіз. Енді оны ұялы қосымшамен аударғанымыз үшін тағы салық салмақ па? Шенеуніктер қарапайым адамдардың өмірін жақсарту орнына қиындатуға күш салып жатыр. Жұрттың көбі мобильді аударымдарға еріккеннен көшкен жоқ, сатушылар «сдачаны» дұрыс бермей, қайтарым ақшадан жей бергендіктен, ал мемлекет экономиканы ұсақ ақшамен қамтамасыз ете алмағандықтан амалсыз, ауыстық», – дейді елорда тұрғыны, бухгалтер Әсел Тоқпанова. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір салық органдарын бұл қадамнан аяқ тарта тұруды сұрағанымен, проблеманың барын жасырмады. «Қолма-қолсыз төлемдер 2019 жылдан бері орасан зор қарқынмен дамып келеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылы төлем карталары көмегімен 524 миллионға жуық төлем жасалса, 2019 жылы бұл көрсеткіш екі еседей өсіп, 1 млрд 195 млн бірлікке жеткен. Ал пандемия жайлаған 2020 жылы тағы екі еселеніп, картадан-картаға, нөмірден-нөмірге тәсілімен шамамен 2 млрд 878 млн төлем жасалған. Банк карталары арқылы қолма-қолсыз төлемдер сомасы да 2018 жылғы 6,4 триллион теңгеден биыл 35,9 триллион теңгеге дейін артты», – деген ол қолма-қолсыз төлем жүйесі әлі күнге фискалданбағанын, салдарынан мембюджет қомақты салықтан қағылғанын жеткізді. Бірақ Ш.Темір салықшылардың бизнес мақсаттағы аударымдарды жеке мақсаттағысынан айыра алмай, көп қателесуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Халықты алаңдататыны да осы. Мысалы, мерейтойына немесе отау құруына байланысты азаматтың есепшотына ұзақ уақыт, айталық, екі ай бойы туыс-туған, жора-жолдастарынан сыйлық ақша түсіп тұрса, ол адамды салықшылар кәсіпкерлер қатарына кіргізіп қоймай ма деген қауіп бар. Демек, бұл істе айқындылық керек: жаңа тетіктің егжей-тегжейін, қағидаларын, өлшемшарттарын, нышандарын Мемлекеттік кірістер комитеті елге ашық жария еткені, түсіндіргені абзал.Айхан ШӘРІП