Қарияларға қандай көмек бар?
Қарияларға қандай көмек бар?
722
оқылды

Бүгінде Қазақстанда 2 млн 236 мыңнан астам қарт адам бар. 1 қазанда елде «Қарттар күніне» орайластырылған айлық басталды. Барлық деңгейдегі әкімдер, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау іс-шараларын, еңбек ұжымдарында кездесу, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда «Ашық есік» күндерін және басқа да шараларын өткізетін болады.

«Nur Otan» партиясының «Өз­геріс жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында биыл Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі аға буын азаматтарының жағ­дайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бе­кітті. «Жоспарға сәйкес барлық өңірде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Олар белсенді қарттар санын кө­бейтіп, олардың өмір сүру са­пасын, әл-ауқатын, денсаулығын және психоэмоционалдық жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір 10 өңірде: Алматы қаласының барлық ауданында (9 орталық), Нұр-Сұлтан және Шым­кентте, сондай-ақ Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 21 орталық жұмыс істейді», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кө­мек саясатын дамыту департа­мен­тінің директоры Асқар Ниязов. Елде қарт адамдарды әлеу­меттік қолдаудың қандай шара­лары жүзеге асырылып жатыр? Мемлекет зейнетақымен қамсыз­дандыруды жетілдіру шараларын қабылдауда. 2021 жылғы 1 қаң­тардан ынтымақты зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы 5%-ға өсті. 2018 жылғы 1 шілдеден база­лық зейнетақы ең төменгі күн­көріс деңгейінің 54%-дан 100%-ға дейін еңбек өтіліне қарай сара­ланып белгіленеді. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 18,5 мың, жоғары мөлшері – 39,3 мың, ор­ташасы 31,1 мың теңге. Ынтымақ­ты зейнетақының орташа мөлшері – 68,8 мың, жоғарысы – 100,6 мың, ең төменгі мөлшері 43,3 мың теңге болды. Бүгінде 45 мыңнан астам қа­рия АӘҚ-мен қамтылды. Оларға 45 медициналық-әлеуметтік меке­­меде, 43 күндіз болу бөлім­шелері және оңалту орталық­тарын­да, сон­дай-ақ 357 үйде әлеу­меттік көмек көрсету бөлім­ше­сінде қыз­мет көр­сетіледі. Бұлар­да 8 қызмет түрін – әлеумет­тік-экономика­лық, әлеуметтік-құқықтық, әлеу­меттік-еңбек, әлеу­меттік-мәдени, әлеу­меттік-психологиялық, әлеу­мет­­тік-педагогикалық, әлеумет­тік-ме­дициналық қызметтер ұсы­ны­лады. Қарттарды әлеуметтік қолдауға 11,9 млрд теңге бағытталды. Со­ның ішінде Жеңіс күніне біржолғы материалдық көмекке – 6,4 млрд теңге (115,8 мың адам), азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 145,5 млн теңге (31,6 мың адам), жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтуға – 46,6 млн теңге (4 мың адам), тіс протездеуге – 229 млн теңге (2,5 мың адам), санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға – 1 млрд 247,8 млн теңге (24,1 мың адам), тұрғын үйді жөндеуге – 39,9 млн теңге (517 адам), отынға 286,5 млн теңге (10,5 мың адам) жұм­салған.

Ерік ЕРДЕНОВ