Ел арасында еңбекке қабілетті азаматтардың саны азайған. Себебі зейнет жасындағы халық үлесі 11%-ды көрсеткен. Яғни, Қазақстан халқы «қартайып» барады. Осы тұста «сапалы» қарттықты қамтамасыз ете алып отырмыз ба? Зейнеткерлерге арналған үйірме, оқыту курсы бар ма? Зейнетақысы саяхатқа жете ме, әлде асынан артылмай ма?
«Қартайып» барамыз
Иә, қарттардың саны артты. Соған сай жұмыс істеуге қабілетті азаматтардың үлесі айтарлықтай төмендеді. Мәселен, 2010 жылы 64% болса, 2020 жылы 58,3%-ға азайды. Қарттардың қатары көбейгеніне келсек, 2010 жылы зейнет жасындағылардың үлесі 9,9% болса, 2020 жылы 11%-ға жеткен. Соның әсерінен еңбекке қабілетті бір адамға түсетін демографиялық жүктеме өсіп жатыр. Мысалы, елдегі жұмыс істей алатын 1 000 адамға еңбек жасына толмаған және одан үлкен 692 адамнан келеді. Статистикаға қарасақ, өткен жылы 687 адамнан келсе, он жыл бұрын 555 адамнан келген екен. Қуантарлығы, 2021 жылы ел халқының саны 19 миллионнан асты. 2020 жылдан бастап есептегенде өмір сүру ұзақтығы – 71,37 жас. 2010 жылы бұл көрсеткіш 68,45 жасты, 2000 жылы 65,5 жасты көрсеткен. Қазақстан 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуді бастаған. Оған қоса, үлестіруші үлгісіндегі зейнетақы жүйесі де бар. Бірақ жаһандық тренд бірінші жүйені қолдайды. Мысалы, 2019 жылы жинақтаушы тип 53%-ға, үлестіруші тип 47%-ға жеткен. Мұның қандай маңызы бар десеңіз, үлестіруші зейнетақы жүйесінде зейнеткерлерге төлемдер жұмыс істейтіндердің табысы есебінен жүргізіледі. Ал жинақтаушы жүйеде жұмыс істейтіндердің жарналары қарт адамдарға төлеуге жұмсалмайды. Керісінше, жинақталып, инвестицияланады. Мәселен, 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, елдегі зейнетақы жинағы 12,9 триллион теңгеге жеткен. Зейнетақы жинағының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатыны белгілі. Бұл көрсеткіш бойынша қорда 12,6 трлн теңге бар.Мұның қоғамға әсері қандай?
Айталық, БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 24 млн адамға жетеді. Соның әсерінен қарттардың үлес салмағы артады. Тек елімізде ғана емес, әлемдегі ахуал солай болмақ. Аталған ұйым 2050 жылға қарай 60 және одан жоғары жастағы халық саны 2 млрд адамға жететінін болжап отыр. Әрі қарт адамдардың 80%-ы табыстың төмен және орта деңгейіндегі елдерде тұратын болады. Осы тұста демографиялық «шұңқыр» дейтін мәселе бар. Қазір 15-24 жас аралығындағы жастардың үлес саны аз. Себебі 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туу көрсеткіші азайған. Ал мұның әсері 2050 жылға қарай білінеді. Өйткені аталған жастағы адамдар сол уақытта зейнет жасына шығады. Жұмысқа қабілеттілер азайып, зейнеткерлер көбейеді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, қариялардың үлесінің көбеюі табиғи заңдылық емес. Бәрі туу көрсеткішіне тәуелді. Демек, елде қарттардың саны артса, туу саны мәз емес деген сөз. Мұның бәрі экономикалық потенциалды төмендетеді. Оған қоса, еліміздегі 60 жастан асқан қарттардың денсаулығы дамыған елдердегі қариялардыкімен тең емес. Өмір сүру сапасы төмені білінеді. Соның салдарынан жұмыс күші азаяды. Экономикаға салмақ түсірмеудің амалын зейнетақы қорындағы ақшамен байланыстырсақ та, шешім жалғыз бұл емес. Маңыздысы, туу көрсеткішінің жоғарылауы. Өйткені қазір жас отбасылар сәби сүюге асықпайды. Кейбір мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы әйелдер орташа есеппен бірінші баласын 29-30 жас аралығында дүниеге әкеледі. Мәселен, 90-жылдары қыз-келіншектер 22-24 жасында ана атанған. Мұның себебі неде? Айналып келгенде түйінді қаржы мәселесі, баспана, жұмыспен қамтудан табасыз. Олар жағдайын толық жасап алғанда ғана аталған қадамға барады. Бірақ демографиялық ахуал мен экономиканың бір орында тұрмайтыны тағы бар.«Сапалы» қарттық дегеніміз не?
«Сапалы» қарттық сөзін әдемі қартаюмен үйлестірсек болады. Бұған денсаулық, психологиялық күй, өмір сүру сапасы себеп. Әсіресе, денсаулық саласында қарттарға демеу көрсетіп, түрлі бағдарлама түзген абзал. Дәрігерлер қарттарға көбірек табиғат аясына шығуды, қимыл-қозғалысты көбейтіп, тынығуды міндеттейді. Мәселен, психологтер қарияларды «қартайдым» деп айтпауға шақырады. Керісінше, аула клубына қосылып, таңғы жаттығу жасап, мүмкіндігінше күнді сергек өткізуге кеңес береді. Мысалы, Қытайда қарттардың саяхаттауға жиі шығатынын байқаймыз. Олар бір-бірін байланысқа шақырып, бірге саяхаттайды. Ұлыбритания мен АҚШ-та таңертеңгілік газетті сатып алуға барып, күнін спортпен байланыстыратын қарттар көп. Ал елімізде зейнеткерлер көбіне немере бағып, үй қарап қалады. Ал зейнетақы жағы бөлек әңгіме.Айталық, БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 24 млн адамға жетеді. Соның әсерінен қарттардың үлес салмағы артады. Тек елімізде ғана емес, әлемдегі ахуал солай болмақ.
«Өзім 70 мың теңге зейнетақы аламын. Көбіне тамақ пен той-томалақтан артылмайды. Қолымнан келгенінше балаларыма көмектескім келеді. Сондықтан әр зейнетақы сайын 20 мың теңгені айналымға саламын. 10 әйел біріксек, кезегім келгенде 180 мың теңге аламын деген сөз. Бірақ осынша ақша алсам да, демалыс орнына бармаппын. Әйтеуір, бір керекке жарап жатыр. Иә, біз өзімізді екінші орынға қоятынымыз рас. Өзіміз үшін әдемі қартаю немерені бағып жүрумен байланысты емес пе?», – дейді зейнеткер Рысхан Дүйсенбекқызы. Дегенмен спортпен айналысып, саяхаттап жүретін қариялар ілу де бір бар. Олардың санын арттыру үшін үйірмелер мен клубтар ашу жойға қойылған. Мәселен, Еңбек министрлігі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіткен. Жоспарда 9 бағыт бойынша іске асырылуы керек 36 іс-шара бар. Мысалы, материалдық жағдайды жақсарту, аға буын азаматтарының жұмыспен қамтылуын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау және тағы басқалары бар. Осыған орай Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында аула клубтары жұмыс істеп, әкімдік жанынан қарттардың өмір сүруге құлшынысын арттыру жобалары іске асады. Психологтер өзінің қоғамға керек екенін сезіну, екінші тынысын ашу қарттарға да пайдалы екенін айтады. Әсіресе, күнді өнімді өткізу, денсаулыққа қарау таптырмас көмек. Өйткені ауылдан қалаға көшіп келген зейнеткерлердің көбі көпқабатты үйде қамалып отырғандай күй кешіп, қамығады екен. Осындай қариялардың аула клубына барып, түрлі үйірмеге жазылғаны жөн. Бірақ мұндай клубтар барлық қалада бар деп тағы айта алмаймыз. Бар болған күннің өзінде тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілгендері бірен-саран. Ел бойынша оларға арналған мәдени-бұқаралық шараның тек қарттар күнінде ұйымдастырылатынын ескерсек, жауаптыларды әлі талай жұмыс күтіп тұр.Айбике ЖАНАСЫЛ