Атом энергетикасы: нарықта қандай реакторлар бар?
Атом энергетикасы: нарықта қандай реакторлар бар?
873
оқылды

Қазақстан ерте ме, кеш пе атом электр стансасын салу шешімін қабылдайтынға ұқсайды. Әрине, оның қашан, қай жерде, қандай технологияны пайдаланып, қай елдің көмегімен салынатыны әзірге түбегейлі шешілген жоқ. Бірақ соңғы бірер айда бұл тақырыптың жиі көтерілуі ел билігінің ақыры тәуекелге бел бууға даяр екенін аңғартады. Тек көпшіліктің көкейіндегі түрлі сауалға жауап беру, нақты мерзімі мен орнын таңдау, тіпті шешімді қандай тәсілмен қабылдау қажет екені ғана пысықталып жатқандай көрінеді.

Әрине, Қазақстан билігі елімізде 2030 жылға қарай энергия тапшылығы туын­дайтынын біліп отыр. Есеп-қисап жа­саған мамандар сондай болжам айтады. Демек, жаһандық даму көшінен қалып қоймау үшін энергия жетіспеушілігін болдырмаған дұрыс. Елдегі ЖЭО-лар үшін дәстүрлі отын саналатын көмірді пайдалана беруге де болмайтыны бай­қалады. Дамыған елдер көмірқышқыл газын көп бөлетін мемлекеттерді түбі қыспаққа алатын сыңай танытып келеді. Оның үстіне, жаһандық жылынуға «үлес қосу» абырой емес екенін білеміз. Мұнайды жағудың да зияны бар. Тіпті, оны жаққаннан гөрі газбен бірге сатқан жақсы. Баламалы энергия көздері саналатын күн, жел, су қуатын пайдалану тапшылықтың орнын толтыра алмайды. Технологиясы да арзан емес. Демек, амал жоқ, АЭС салуға мәжбүр болатын тәріз­діміз. Тек ендігі мәселе қандай техноло­гияны қолдану керек дегенге тіреліп тұрған сыңайлы.

Toshiba-мен келісім жасалды дескені қайда?

Бейсенбі күні Қазақстан – Ресей өңір­аралық форумында Қазақстанда АЭС салуға Мәскеу тарапының айрықша құлшынып отырғаны байқалды. Көрші елдің президенті В.Путин бұл мәселеге орай барынша көсілді. Оның да қисынын түсінуге болады. Ресеймен бірнеше ха­лық­аралық ұйымда одақтаспыз, Мәс­кеу әлемдегі бірқатар мемлекетте АЭС салған. Қазір де бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Түркиядағы АЭС-ті ре­сейлік ма­мандар, сол елдің технологиясы негізінде салып жатса, Өзбекстанда са­лынатын АЭС те Ресей технологиясына сүйенетін сыңайлы. Ал АЭС құрылысы арзан болмайды. Оның үстіне, техно­логияны ұсынған мемлекеттердің өз шарттары да болады. Өзара келісімге байланысты ондаған жыл бойы басқару, табысынан үлес алып отыру, қажет бол­ғанда техно­логиялық қолдау көрсету тәрізді түрлі шарт болуы ықтимал. Бұл дегеніңіз – кемі алдағы жарты ғасырда технологияны ұсынған елге ішінара кі­ріп­тар болу деген сөз. Бәлкім, содан да шығар, АЭС үшін қажет технологияны қай мемлекеттен алуға болатыны жайлы мәселе қоғам белсенділерін ойландырып жүр. Ал тех­но­логияны АҚШ, Ұлы­бри­тания, Фран­ция, Жапония, Корея, Қы­тай мен Ресей тәрізді ондаған мемлекет ұсына алады. Өкініштісі, әзірге Ресейдің ғана ұсынысы естіліп қалады. Өзге елдермен келіссөздер жасалып жатыр ма, жоқ па, бізге беймәлім. Дегенмен Қа­зақстан мамандары Жапо­нияның Toshiba компаниясымен келіс­сөздер жасағаны жайлы ақпарат тараған 2015 жылы. Ал Toshiba компаниясы АҚШ-тың Westinghouse атом корпо­рациясына иелік етеді. Тіпті, 2015 жылдың көктемінде Toshiba компаниясы дирек­торлары ке­ңесінің төрағасы Масаси Му­ромати Қа­зақстан тарапымен келіссөздер жүргізіл­генін айтқан. Сөйтіп, қуаты 1Гвт болатын реакторды Қазақстанға 3,7 млрд долларға салып беру қарастырылғаны айтылған. Ол реактор америкалық AP-1000 реак­торы болуы мүмкін екені де сөз болған. Бірақ кейін бұл келіссөздің нәти­жесінен хабар-ошарсыз қалдық. Дегенмен реак­тор таңдау құқы сақталған шығар деп топшылаймыз.

Реактордың түрі көп

МАГАТЭ-нің классификациясы бо­йынша энергетикалық ядролық реак­торлардың біршама түрі бар. Дегенмен әлемде ең көп тарағаны –LWR немесе жеңіл сулы реакторлар деп аталатын түрлері. Олардан бөлек, ABWR-жетіл­дірілген қайнайтын ядролық реактор, AGR – жетілдірілген газбен суытылатын реактор, BWR – қайнайтын реактор, FBR – жылдам нейтрондарды көбейту реакторы, GCR – газбен суыту реакторы, HWLWR – ауыр сулы баяулатқышы және жылу тасымалдау суы бар қайнайтын реактор, LWCGR – графит баяулатқышы бар жеңіл сулы реактор, PHWR – ауыр сулы баяулатқышы және қысымды жылу тасымалдаушысы бар реактор, PWR – қысымды сулы реактор, SGHWR – бу генерациялы ауыр сулы реактор дейтін түрлері бар. Яғни, реакторлардың түрі аз емес. Бірақ ядролық энергетикада жеңіл сулы реакторлар негізгі түр болып есеп­теледі. Оларды әзірлеу өткен ғасырдың 50-жылдары басталды. Бүгінде әлем бойынша 443 реактор жұмыс істеп тұрса, олардың 359-ы жеңіл сулы (LWR), қы­сымды сулы реакторлар (PWR) және қайнайтын реакторлар (BWR) екен. Бұл дегеніңіз – жалпы реакторлардың 80 пайызы. Дегенмен LWR реакторлар мұн­дай құрылғылардың 62 пайызына жетеді деген де дерек бар. МАГАТЭ ядро­лық энергияның басым бөлігін осы реактор­лар өндіретінін айтады.

Дегенмен Қа­зақстан мамандары жапо­нияның Toshiba компаниясымен келіс­сөздер жасағаны жайлы ақпарат тараған. 2015 жылы. Ал Toshiba компаниясы болса АҚШ-тың Westinghouse атом корпо­рациясына иелік етеді. Тіпті, 2015 жылдың көқтемінде Toshiba компаниясы дирек­торлары ке­ңесінің төрағасы Масаси Му­ромати Қа­зақстан тарапымен келіссөздер жүргізіл­генін айтқан.

Сонымен бірге әлемдік атом энерге­тикасы дами бастағалы соңғы 50 жыл ішінде коммерциялық реакторлардың бірнеше буыны ауысқан. Бірақ қазіргі реакторлардың өзі ІІ буын саналады. ІІІ және ІІІ+ буынды реакторлар 2030 жылға қарай көптеп салынатынын айтады ма­мандар. Әзірге санаулы елде ІІІ буын реакторлары бар. Атап айтқанда, ABWR типіне жататын ІІІ буын реакторлары қазір Жапонияда пайдаланылып жатыр. Ал IV буын реакторларының жобасы 20-30 жылдан кейін пайдалануға дайын болады. АЭС жобасын әзірлегенде мұ­ның бәрі ескерілетіні сөзсіз.

ВВЭР деген қандай реактор?

Жалпы, АЭС жобасы туралы талқы­ланғанда Ресей ұсынатын технологияның ерекшеліктерін де атап өткен жөн. Бірден қорқып-үркуге де болмас. Әдетте Ресей ВВЭР типіндегі реакторлар ұсынып жүр. ВВЭР-лер батыстық PWR немесе қысымды сулы реакторлар санатына кіреді. Мәселен, Түркияның Аққұйы АЭС-іне ВВЭР-1200 реакторы орна­ты­лып жатыр. Ал Чернобылда РБМК-1000 реакторы жарылған еді. Ол – мүлдем бөлек сипаттағы қондырғы. Ал АҚШ-тағы Three Mile Island АЭС-інде апат кезінде істен шыққан реактор PWR то­бына кіреді. Фукусима-1 АЭС-інде бол­ған реактор BWR. Демек, реакторлардан төнетін қауіп олардың түрлері мен санат­тарына, жұмыс ерекшеліктеріне қатысты емес деген сөз. Көбіне адам қателігі тех­никаны істен шығаратыны бар. Алайда Қазақстанға қандай мемлекет реактор ұсынса да, бірінші кезекте оның техни­калық буынына назар аударған жөн сияқ­ты. Айталық, ABWR тәрізді ІІІ буын реакторын орнатуға ұмтылған дұрыс. Әдетте мамандар оларды апаттарға төтеп беру мүмкіндігі жоғары реакторлар қа­тарына қосады. Ал IV буын реактор­ла­рының қауіпсіздігі одан да жақсы болмақ. Бірақ олар әлі дайын емес. Айтпақшы, ядролық энергия сала­сындағы зерттеулерді үдетіп жатқан Қы­тай елі биыл жылдың аяғына дейін уран­ды емес, торийді пайдаланатын реак­торды сынап көрмек. Сынаққа арналған шағын реактордың қуаты 100 мегаватт болады деседі. Ғалымдар мұндай реактор 1940 жылдары АҚШ-та сыналып, 1969 жылға дейін жұмыс істегенін айтады. Уранның орнына торий пайдаланылса, оның радиациясы әлдеқайда төмен, қауіпсіздігі жоғары болады. Су емес, тұз қолданылады. Сондықтан су көздеріне қауіп төндіре қоймайды. Әрине, бұл реактор әзірге тәжірибе ретінде іске қо­сылатындықтан, өнеркәсіптік масштабқа жуық арада шыға қоймауы мүмкін. Сон­дықтан реактор таңдауда бұл нұсқаны қосалқы бағыт ретінде ғана қалдырған жөн шығар.

 «Шағын реакторлар керек»

Ядрофизикадан PhD Нұрлан Амангелді Қазақстан үшін ең алдымен біз атап өткендей, реактордың буыны маңызды екенін айтады. «Ресей ұсынатын ВВЭР реакторларын көбіне судың бойына салады. Меніңше, small reactor- ға, яғни кішкентай реакторларға ұмтылған дұрыс. Төрт энергоблок емес, бір энергоблогы бар сондай реакторлар тиімдірек деп ойлаймын. Реактор салған кезде технологияны ұсынған мемлекеттің түрлі қысым жасауына жол бермеуге ты­рысқан жөн. Сондықтан тәуелсіз мем­лекет ретінде Қазақстан қандай реактор таңдап, кімдерге салдыратынын жан-жақты талдап, дұрыс шешкен жөн», – дейді Нұрлан Амангелді. Оның ойынша, шағын реакторлар еліміздің түрлі өңі­рінде болуы керек. Өйткені кейбір энер­гетиктер айтып жүргендей, қуат өндіру бөлек те, оны тасымалдау басқа. Қазақ­станның солтүстігінде электр қуатына тапшылық жоқ. Екібастұздағы стансалар экспортқа шығаруға жарайтын қуат өн­діріп жатыр. Бірақ оны түстікке жеткізу кезінде жолда көп энергия шығын бо­лады. Мұны да ескеру керек. Сондықтан АЭС салуға шешім қабылдана қалса, электр желілерінің жай-күйінен бастап, энергия тапшылығы туындауы мүмкін аймақтар, өнеркәсіптің даму мүмкін­ді­гі тәрізді көптеген фактор ескерілуі керек. Ең бастысы, қандай шешім болса да, бұқараның тілегі ескерілгені жөн-ау.

Амангелді ҚҰРМЕТ