Еңбек министрлігі «еңбекке уақытша жарамсыздық парағына» төленетін жәрдемақыны арттыруды ұсынды. Әйтпесе, оның пайдасынан зияны көп. Біріншіден, мөлшері тым аз: «больничный» алған азамат жалақысынан қағылады, орнына ең төменгі жалақымен мөлшерлес, мардымсыз жәрдемақы ғана алады. Екіншіден, бұл жағдайда қашықтан жұмысын жалғастыру құқығынан айырылады. Нәтижесінде, әлгі парақ әзірге тек жемқорларға ғана пайдалы болып тұр.
Жарамсыздық парағы кімге жарамды?
«Жұмыскер әлдебір дертке шалдығып, не жарақат алып, өзіне жүктелген міндетті уақытша орындай алмай қалатын жағдай жиі кездеседі. Мұндайда ол ауруханада не өзі тіркелген емханада еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашқызады. Содан еңбек қабілетін қалпына келтіргенше болмаса мүгедектігі анықталғанша оған осы парақ негізінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 қаулысына сәйкес, 1 айға төленетін бұл жәрдемақының мөлшері 15 АЕК-тен аспауға тиіс. 2021 жылы 1 АЕК 2 917 теңгеге тең. Яғни, сырқаттанған жұмыскерге айына 43 755 теңгедей ғана жәрдемақы төленеді», – дейді бухгалтер-эксперт Марина Кузминых. Сонымен бірге оның айтуынша, осы азғантай соманың өзінен барлық алым-салық – зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, медсақтандыру жарнасы ұсталады. Сөйтіп, қызметкердің қолына тиын-тебен ғана тиеді. Онкологиялық ауруға, түберкулезге душар болған жұмыскер 8-10 айдай ауыруы ықтимал, оған жалақысы төленбейді, азын-аулақ жәрдемақыны місе тұтуына тура келеді. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы тек қолы арам, ниеті қарау жандарға, шешім қабылдауда қателікке жол беріп, жаза басқандарға ғана тиімді көрінеді: Еңбек кодексіне сәйкес, уақытша еңбекке жарамсыз деп танылған жұмыскерге тиісті парағын жапқанша, тәртіптік жаза қолдануға, лауазымынан қууға тыйым салынған. Сондықтан әлденені бүлдірген шенеуніктер тосыннан «больничныйға» кетіп қалып жатады. Шыққанша жағдай өзгереді, проблема ұмытылады деп үміттенсе керек.Ескірген талап жаңа заманға қайшы
Ал өзге адамдарға бұл парақты рәсімдеу тек шығын ғана әкеледі. Сол себепті көптеген адам оны алмауға тырысады, ауруды жұмыс істеп жүріп өткереді. Бұл, әсіресе пандемия заманында қауіпті. Қаншама адам жалақысынан айырылып қалмау үшін коронавирусқа шалдыққанын немесе сырқатпен байланыста болғанын жасырды. HR-менеджер Руслан Мамин тағы бір проблемаға назар аудартады. «Сырқаттың уақытша жарамсыздық парағында оның ауырған күндері жазылады. Жұмыс беруші осы кезеңді табельде «жұмыс емес күндері» деп көрсетеді, тиісінше ол мерзімге жалақы есептелмейді. Оның орнына жәрдемақы төленеді. Алайда мұндай тәсіл ескірді, пандемия және постпандемия заманына, жаңа өмір шынайылығына жарамайды. Мәселен, COVID-19 сырқаты ауруханадан шыққан соң 14 күн карантинде болады. Бұл жағдайда әлгі парақ жабылмайды. Білікті қызметкер кеңседе отырмай-ақ үйінен жұмысын жалғастыра алады. Жалақысы да толық төленер еді. Бірақ оған рұқсат етілмейді», – дейді сарапшы. Уақытша жарамсыздық парағы жабылмаған жұмыскер қашықтан қызмет функцияларын жүзеге асыра алмайтынын еңбек ведомствосы растады. Меморганның түсіндіруінше, Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы «Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, бұл парақ адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландырады, жұмыстан уақытша босатуға және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алуға құқығын растайды. «Осыған байланысты егер жұмыскер уақытша жарамсыздық парағын ұсынса, онда жұмыс беруші оны қандай да бір жұмысқа, соның ішінде қашықтан жұмыс істеуге жібере алмайды. Оған құқығы жоқ. Өйткені сырқат барлық жұмыстан уақытша босатылады және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алады. Ал егер жұмыскердің жұмысын жалғастыруға қабілетті екенін дәрігер растаса және жұмысқа кіріссе, онда жәрдемақы төлеу тоқтатылады, жұмыс беруші жалақы төлеуі қажет», – деп түсіндірді министрлік. Яғни, жұмысына қайта кірісуі не қашықтан жұмыс істеуі үшін жарамсыздық парағын жапқаны жөн.Жәрдемақы жалақының бестен бірін де өтемейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миллиондаған қазақстандық игілігін көре алатын идея ойлап тапты. Оны жүзеге асыру үшін уақытша жарамсыздық парағының «құнын» көтеру қажет. «Еңбек заңнамасына сай, еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыға қатысты шектеу қолданылады: оны жұмыс беруші 15 АЕК-тен (биыл 43 755 теңгеден) аспайтын мөлшерде ғана төлей алады. Жұмыскер ұзақ науқастанса, жәрдемақының осы мөлшері емделуге, операцияларға, медициналық ем-дом шараларына, дәрі-дәрмек алуға, көлік шығыстарына жетпейді. Мұның сыртында науқас қалпына келу үшін оңалту іс-шараларына, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер алуға, көлік шығыстарына көп шығынданады. Аталған жәрдемақы бұл жағдайда жұмыскердің жоғалтқан табысын өтемейді», – деп түсініктеме берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов. Қазақстанда осы жалақы 2020 жылғы орташа табыстың шамамен 19,8%-ына ғана тең болған (15 АЕК=41 670 теңге/орташа жалақы 209 818 теңге*100 = 19,8%). Қазақстан қосылған Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» конвенциясында өтеу көрсеткіші 45%-дан кем болмауға тиіс делінген. Яғни, Қазақстан өз мойнына алған міндеттемесін бұзып отыр. Еңбек ведомствосының мәліметінше, 2016 жылдан бергі төрт жылда орташа айлық жалақының жыл сайынғы өсімі 10%-ды ғана құрады және таяу перспективада осы қарқын сақталады. Демек, осыны ескерсек, «табысты өтеу пайызы» бәрібір теріс серпінге ие болады. Осы орайда өтеу көрсеткішін конвенция талап ететін деңгейге дейін жеткізу үшін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша төленетін жәрдемақыны қазіргі 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке (биыл 102 095 теңгеге) дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл бастама Еңбекмині әзірлеген Әлеуметтік кодекс жобасына енді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ дерегінше, бұл өзгерістер 416 287 заңды тұлғаны, компания мен ұйымды және жалдамалы жұмыскер мәртебесінде еңбек ететін 6,7 миллион азаматты қамтиды. «Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша жәрдемақы мөлшерін 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін арттыру халыққа денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ төленетін жәрдемақының өсуі нәтижесінде азаматтарда сапалы ем алу, ауыр ауруларды ерте анықтау және оның созылмалы сипатқа ауысуының алдын алу мүмкіндігі пайда болады», – деп дәйектеді бірінші вице-министр.«Атамекен» ұжымы да үрке қарай ма?
Азаматтардың жалақыдан айырылмау үшін ауру күйде жұмысын жалғастыруы еңбек өнімділігінің құлдырауына соқтырыпты. Өйткені созылмалы және кәсіби аурулары бар жұмыскерлер көбейген. Еңбекминінің дерегінше, жыл сайын денсаулығына жете көңіл бөлуге уақыты жетпеуі кесірінен орта есеппен 300-400 адам кәсіби ауруға ұшырайды. Мысалы, 2019 жылы – 485, 2020 жылы 399 адам кәсіби ауруға шалдығып, тіркеуге тұрды. Еңбек министрлігі бір мысал келтірді: Kazenergy мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығында 2019 жылы 18 жұмыскер ауруына байланысты демалыста болған. Оларға 869 604 теңге әлеуметтік жәрдемақы төленген (15 АЕК-ке шамалас). Пандемиялы 2020 жылы тек 8 жұмыскер ғана «больничный» алған. Оларға жалпы сомасы 268 505 теңге жәрдемақы берілді. Ал биылғы 2021 жылдың 6 айында небәрі 5 жұмыскер жарамсыздық парағын рәсімдеді: оларға 191 927 теңге жәрдемақы аударылды. «Атамекен» ҰКП-да 2019 жылы – 57, 2020 жылы – 45, 2021 жылдың 6 айында 7-ақ адам еңбекке уақытша қабілетсіздігін растаған. Яғни, жарамсыздық парағын алушылар жыл өткен сайын азайып жатыр. Ұлттық палатадағы сырқаттанған осы жандарға 2019 жылы – жалпы сомасы 3 602 017 теңге, 2020 жылы – 2 120 737 теңге, 2021 жылдың 6 айында 413 399 теңге (15 АЕК-ке шамалас) беріліпті. Жәрдемақы 35 АЕК-ке дейін көтерілгенде қызметкерлеріне «Атамекен» бұдан әлдеқайда қомақты сома төлей алатын еді. Өз кезегінде сарапшылар 35 АЕК-ті де қомсынып, уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін шектеуді мүлдем алып тастауды ұсынған екен. Яғни, мұндай жәрдемақы көлемі жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісімде немесе ұжымдық шартта белгіленуі керек. Бірақ министрлік бұл баламаны құптамай отыр. Біріншіден, ол жемқорлыққа жол ашуы мүмкін: жәрдемақы мөлшерін бірнеше жалақыға тең көлемде белгілеп, жарамсыздық жөніндегі жалған парақтар рәсімдеуі мүмкін. Екіншіден, қазіргідей жәрдемақыны төлеу кепілдігі жойылады. Жұмыс берушілер оны төлеуден жалтара бастауы мүмкін.Айхан ШӘРІП