Нұр-Сұлтан қаласында көпірден секіріп өлмек болған жүкті келіншектің жағдайы белгілі болды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Әйел де, құрсағындағы сәбиі де аман.
«Жағдайы орташа қалыпты. Медициналық қызметкерлердің бақылауында. Керек медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айгерім Ардақ.
3 қазан күні елордалық полицей Алмаз Құлтанов қызмет бабында жүріп, Қабанбай батыр көшесіндегі көпірдің үстінде («Рамстор» СҮ маңында – авт.) жас қыздың шешініп жатқанын байқаған.
«Полиция капитаны бұл жайтты Жедел басқару орталығына хабарлап, өзі қызға қарай беттеген. Алайда ол жетемін дегенше қыз көпірден секіріп кетті. Құлтанов дереу оның артынан суық суға секіріп, қызды жағаға алып шықты. Жағада оны өзге полицейлер күтіп тұрған. Олар қызға алғашқы медициналық көмек көрсетті», - делінген хабарламада.